Accessibility links

Мәскеудегі жала жабу ісінде прокурор Навальныйға 950 мың рубль айыппұл салуды сұрады


Алексей Навалный сот отырысында. Мәскеу, 16 ақпан 2021 жыл.
Алексей Навалный сот отырысында. Мәскеу, 16 ақпан 2021 жыл.

16 ақпан күні Мәскеуде өткен сотта прокурор Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне жала жапты деп айыпталған Алексей Навальныйға 950 мың рубль (13 мың доллар) айыппұл салуды сұрады. Навальный жақтастары бұл істің саяси астары бар деп санайды.

Былтыр жазда Ресейде конституцияға түзету енгізу жөнінде референдум өтті. Референдум қарсаңында билікшіл басылымдар үгіт-насихат жұмыстарын белсене жүргізген. Кремльшіл Russia Today телеарнасы түрлі сала өкілдерінің сөзі бар ролик жариялаған. Кремль сыншысы Навальный роликке қатысқандарды "парақор малайлар мен сатқындар" деп атаған.

Роликте Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Игнат Артеменконың да сөзі бар. Билік Навальныйдың айтқанында соғыс ардагеріне жала жабу бар деп іс қозғады.

Ақпанның басында Мәскеу соты Навальныйдың "Ив Роше" ісі бойынша мерзімі 2020 жылдың соңында аяқталған шартты жазасын түрме жазасына ауыстырып, саясаткердің бостандығы 2 жыл 8 айға шектеген.

Ресей жазаны атқару федералдық қызметі (ФСИН) былтыр жыл соңында Навальный шартты жаза талабын бұзды деп сотқа жүгінген. Ал Навальный тамыздан бері Германиядан ем қабылдаған. Былтыр тамызда ол Томскіден Мәскеу бара жатқан рейсте есін жоғалтып, комаға түскен. Екі күндік тартыстан соң оны санавиация ұшағымен Германиядағы "Шарите" клиникасына жеткізген. Кремль сыншысы санаулы аптада есін жиды, ал Германия үкіметі саясаткердің ағзасынан жүйе жүйесін зақымдайтын "Новичок" уы анықталғанын мәлімдеді.

Навальныйдың қамалуы және соттың үкімі бүкіл Ресей бойынша наразылық акцияларының өтуіне әкелді.

Батыс елдері Навальныйдың улануын, биліктің улау ісін тергемегенін, саясаткердің өзін түрме жазасына кесуін айыптады. Саясаткердің өзі улаудың артында Кремль мен Ресей президенті Владимир Путиннің өзі тұр деп санайды.

  • Желтоқсан айының ортасына қарай Bellingcat зерттеу тобы бірнеше басылыммен бірлесе жүргізген зерттеуін жариялап, Навальныйды Ресей федералдық қауіпсіздік комитеті қызметінің (ФСБ) арнайы тобы улаған деді. Санаулы күннен соң кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізген Владимир Путин ФСБ агенттерінің Навальныйды аңдығанын растады, бірақ улағанын мойындамады. "Өлтіргіміз келсе, өлтірер едік" деді. Бірнеше күн өткенде Навальныйдың улауға қатысы бар ФСБ агенті Константин Кудрявцев деген азаматпен телефон әңгімесі жарияланды. Әңгімеде Кудрявцев деген адам полиция бөліміне барып, Навальныйдың жеке заттарынан у іздерін жасырумен айналысқанын айтады.
  • Жыл басында Ресей билігі Навальныйдан оралуын талап етіп, ультиматум қойды. Кремль сыншысы Ресейге оралу-оралмау мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын айтып, 17 қаңтар күні "Жеңіс" әуе компаниясының рейсімен оралатынын мәлімдеді. Аталған күні Навальный оралды, билік оны кедендік бақылау бекетінен ұстап әкетті.
  • Санаулы күннен соң Навальный жетекшілік ететін Жемқорлықпен күрес қоры алдын ала әзірленген зерттеу фильмін жариялады. "Путин сарайы" деп аталған фильм Қара теңіз жағасындағы Ресей президентіне тиесілі деген зәулім үйге арналған. Осы күнге дейін фильм Youtube желісінде 112 миллион көрілім жинады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG