Accessibility links

Алексей Навальныйды Германияға әкелді. Жағдайы "бірқалыпты"


Омбы дәрігерлері оппозиционер Алексей Навальныйды әуежайға апара жатыр. 22 тамыз 2020 жыл.
Омбы дәрігерлері оппозиционер Алексей Навальныйды әуежайға апара жатыр. 22 тамыз 2020 жыл.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный германиялық санавиациямен Омбы қаласынан Берлинге жеткізілді. Уланған болу мүмкін деген күдікпен ауруханаға түскен Навальныйдың жағдайы қазір бірқалыпты. Бұл туралы Германиядан Ресейге ұшақ жіберген Cinema for Peace үкіметтік емес ұйымының басшысы Яка Бизилдж Bild басылымына хабарлады.

Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Twitter желісінде "Алексей мінген ұшақ Берлинге қонды" деп жазды.

Ресей президенті Владимир Путиннің сыншысы Навальный 20 тамызда "уланған болуы мүмкін" деп Омбы ауруханасына түскен. Навальный осы күні Томск қаласынан Мәскеуге ұшып бара жатқанда жағдайы күрт нашарлап, ұшақ Омбы қаласына қонған. Кейін жедел жәрдеммен оппозиционерді Омбыдағы ауруханаға жеткізген.

44 жастағы Навальный түскен Омбы ауруханасының бас дәрігері Александр Мураховский 21 тамызда журналистерге шығып, науқасты басқа елге әкетуге "жағдайы келмейді" деп, рұқсат етпеген еді. Мураховский "науқасты орнынан қозғау және басқа ауруханаға ауыстыру қауіпті" деген.

Навальный жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған болатын. Ол Омбыда жатқанда ресейлік дәрігерлер ресми түрде диагноз қойған жоқ.

21 тамызда Германия Навальныйды әкету үшін Омбыға арнайы ұшақ пен дәрігерлер тобын жіберген еді. Ол Германияға жеткізілген соң Берлиндегі Шарите ауруханасында емделеді деп жоспарланған. Саясаткердің әйелі Юлия Навальная Ресей билігінен күйеуін Германияға әкетуге рұқсат беруді талап еткен.

Алексей Навальный.
Алексей Навальный.

Кира Ярмыш Twitter желісінде "Омбы ауруханасында медициналық жабдықсыз және диагнозсыз жату оның өміріне қауіп төндіреді" деп жазды.

Саясаткердің жақтастары "Навальный уланған" деп есептейді. Олар "улану белгілерін жасыру үшін Навальныйды басқа ауруханаға жібергісі келмейді" деген еді.

Омбыдағы аурухананың дәрігері Анатолий Калиниченко 21 тамызда журналистерге "қазірге дейін алынған қан мен дәрет анализінен у белгілері анықталмағанын" айтқан. Ал бас дәрігер Мураховский тағы бес анализдің нәтижесі шықпағанын, нақты диагнозды қоюға екі күн кететінін мәлімдеген.

"Қазір бірнеше диагноз бар. Соның бірі - зат алмасудың бұзылуы. Қанындағы қант мөлшері күрт түсіп кетуі мүмкін" деген еді Мураховский.

21 тамыз кешкісін Омбы ауруханасының дәрігерлері Навальныйды Германияға әкетуге рұқсат етті.

Навальный басқаратын Жемқорлықпен күрес бюросының директоры Иван Жданов 21 тамызда "полицейлер ауруханада Алексейдің денесінен у тапқанын, ол заттың тек Навальный ғана емес, айналадағы адамдардың бәріне қауіпті екенін айтты" деді.

Бір күн бұрын Омбы ауруханасының дәрігері Анатолий Калиниченко Навальныйдың "уланғанына нақты анық емес. Бұл бір ғана нұсқа. Қазір бірнеше диагноз бойынша тест алдық" деген еді.

БАТЫСТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ ҚАНДАЙ?

Еуропа одағы Ресейді Навальныйдың ес-түссіз жағдайға түсуіне не себеп болғанын анықтау үшін тергеу бастауға шақырды.

Ақ үйдің қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Роберт О'Брайен 20 тамызда "Навальный уланған болуы мүмкін" деген хабарды "өте қорқынышты" деп атап, "бұл оқиға АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін" деді.

"Ол – өте батыл адам. Ресейдің ішінде [президент Владимир] Путинге қарсы тұрған өте қайсар саясаткер. Біз оның амандығын тілейміз. Егер бұл жағдайдың артында Ресей билігі тұрса, бұл біздің қатынасымыздың бағытына әсер етпек" деді ол Fox News арнасына берген сұхбатында.

Навальныйдың дәрігері Ярослав Ашихмин "Медуза" сайтына саясаткерді емдеу үшін "Еуропаға апару керек" деген. Оның пайымдауынша, батыс клиникаларында Навальный улануы мүмкін затты табуға мүмкіндік көп.

Кремль Навальныйдың ауруханаға түскенінен хабардар екенін, оның уланғанына нақты дәлел жоғын мәлімдеді. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге "егер улану фактісі расталса, ресейлік органдар тергеу бастайтынын" хабарлады. Ол дәрігерлердің Навальныйды Германияға жіберуден бас тартуын "тек медициналық себеп" деп атады.

Навальный Мәскеуге ұшардың алдында кафеден шай ішкен. Бұл кафе әуежайдағы тіркелу аймағынан және бақылау аймағынан тыс жерде орналасқан.

Ресейдегі жемқорлық мәселелерін көтеріп жүрген саясаткер Навальный бұған дейін де бірнеше рет шабуылға ұшыраған. 2017 жылы белгісіз адам оның көзіне көкдәрі (зеленка) шашқан.

Навальныйге бетіне көкдәрі шашқан сәт. 2017 жылдың сәуірі.
Навальныйге бетіне көкдәрі шашқан сәт. 2017 жылдың сәуірі.

2019 жылы шілдеде Навальный "жұртты заңсыз митингіге шақырды" деп айыпталып, 30 күнге қамалған. Түрмеде оның беті бөртіп, ауруханаға жеткізілген. Кейін ол улануы мүмкін деген күдік болған.

Кейінгі жылдары Навальный бірнеше рет қамалған. Президент сайлауына және Мәскеу мэрі сайлауына жіберілмеді.

Навальный құрған Жемқорлыққа қарсы қордың өкілі Вячеслав Гимади Twitter парақшасында "Навальный саясаттағы қызметі мен белсенділігі үшін уланғаны анық" деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG