Accessibility links

Наразылық күшейгенде өтетін жергілікті сайлау


Үкімет ұсынған зейнетақы реформасына қарсылық шеруінде Ресей президенті Владимир Путиннің бейнесі салынған суретті таптап өтіп жатқан адамдар. Мәскеу, 29 шілде 2018 жыл.
Үкімет ұсынған зейнетақы реформасына қарсылық шеруінде Ресей президенті Владимир Путиннің бейнесі салынған суретті таптап өтіп жатқан адамдар. Мәскеу, 29 шілде 2018 жыл.

Ресейде үкіметтің зейнетақы реформасы жобасы халықтың көңілінен шықпай, наразылық күшейіп барады. Басшылар осындай қиын шақта өткелі тұрған аймақтық сайлауға мықтап дайындалып жатқан сыңайлы.

Экономикасы шатқаяқтап тұрған Ресейде үкіметтің азаматтардың зейнетке шығу жасын ұлғайту жоспары бұқара халықты ашуландырып, наразылықты күшейтіп барады. Осындай мазасыз тұста, алдағы демалыс күндері Ресейде аймақтық сайлаулар өтпек.

"Көп балалы анамын. Сонда да жылуға да, коммуналдық қызметке де ешқандай жәрдемақы алмаймын", – дейді Хакасия астанасы Абаканнан 25 километр жердегі Солнечный ауылының тұрғыны Надежда Девяшина.

Оның қыркүйектің 9-ында болатын сайлауға қатысты ұстанымы анық.

"Сайлауға барамыз ба? Егер қолымызға айыр не сондай бір зат алып бара алсақ қана! Басқа жолы жоқ! Бізде тіпті аурухана жоқ. Кім үшін дауыс бермекпіз? Тіпті балаларымыз да бірдеңені өзгерту керектігін түсінеді", – деді Девяшина Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында.

Осындай көңіл-күйде жүрген сайлаушылар түрлі формада қарсы дауыс беруі мүмкін. Есесіне, жергілікті атқамінерлер Кремль талап етіп отырған нәтижеге қол жеткізу үшін еселеп күш жұмсауға мәжбүр болатын сыңайлы.

"Мұндай жағдайда биліктегілер тиісті нәтижеге қол жеткізуі үшін "өз" сайлаушыларының ғана келгенін қалайды, сондықтан келушілердің санын азайтуға тырысады. Олар наразы сайлаушыларды үйлерінен шығармауға бар күшін салады", – дейді сайлауды бақылау жөніндегі "Голос" тобының сарапшысы Станислав Андрейчук.

"Голос" өкілі жергілікті сайлау комиссиялары мүшелерінің Алтай өлкесі мен Омбы облысында Ресей федерациясы Коммунистік партияның кандидаттарын тіркеуден бас тартқанын айтады.

Алексей Навальныйдың "Прогресс" партиясы сынды оппозициялық қозғалыстардың кандидат шығаруына түрлі әкімшілік кедергілер арқылы тосқауыл қойылып жатыр.

Есесіне, Ресей федерациясы Коммунистік партиясы, Ресей Либерал-демократиялық партиясы (ЛДПР) және центристік солшыл "Әділетті Ресей" тәрізді "ресми" я "жүйел" оппозициядағы күштер "зейнетақы жүйесін реформалау тәрізді мәселелерді лайықты деңгейде көтеріп жатқан жоқ".

Зейнетақы реформасына қарсы Коммунистік партия ұйымдастырған наразылық шеруіне қатысушылар. Санкт-Петербург, 2 қыркүйек 2018 жыл.
Зейнетақы реформасына қарсы Коммунистік партия ұйымдастырған наразылық шеруіне қатысушылар. Санкт-Петербург, 2 қыркүйек 2018 жыл.

ӘКІМШІЛІК РЕСУРС

"Жергілікті басшылар қатысатын, өте сирек болатын теледебаттардың өзінде оларға мұндай сұрақтар мүлде қойылмайтынын жиі байқаймыз. Бұл – "симуляцияланған" сайлау науқанының көрінісі. Ең кемі губернатор деңгейіндегі додаға қатысуға рұқсат алған үміткерлердің қалай әрекет ету бойынша келісімге келгеннен кейін ғана кандидат ретінде тіркелгені түсінікті. Билікті болмашы сынауға ғана рұқсат берілген. Коммунистер мен ЛДПР өкілдері сынай алады, бірақ олардың сыны қазіргі жағдайда біз күткендегіден әлдеқайда жұмсақ", – дейді Андрейчук.

Енді біреулер бәсекенің аздығы мен шынайы науқанның жоқтығын дауыс беретіндер санын азайту стратегиясының бір бөлігі деп түсінеді.

Сонымен бірге, елдің барлық аймақтарындағы билік өкілдері "халықты жұмыс берушілер мен өз желілері арқылы жұмылдырудың ескі де сенімді әдісін қолданады, мұнда көбіне мемлекеттік сектор қызметкерлері мен осы жүйеге тәуелді, Кремльді қолдайтын жергілікті белсенділер туралы айтып отырмыз", – дейді Андрейчук.

Сібірдің Барнаул қаласындағы Железнодорожный аймақтық сайлау комиссиясының басшысы "сайлау күні қала сыртында демалыста болатын тұрғындардың" жеке мәліметтерін беруді сұрап жергілікті туристік компанияларға хат жіберген.

Мәскеудегі Орталық сайлау комиссиясы бұл хатты тергеуге уәде берді, ал ОСК төрағасының орынбасары Николай Булаев оны "заңсыз" деп сынады.

Андрейчуктың айтуынша, комиссия бұл ақпаратты сайлау нәтижесін бұрмалауға пайдалануы мүмкін.

"Комиссия кімнің дауыс беруге келмейтінін нақты білетін болса, бұл нәтижені бұрмалауға мүмкіндік береді. Яғни, олар әлгі дауыстарды өздері қалаған адамға беруі мүмкін. Өкінішке қарай, соңғы жылдары Алтай өлкесінде мұндай оқиғалар тіркелген", – дейді "Голос" өкілі.

Ұйымның сараптауы бойынша, Алтай өлкесі – сайлау заңдарын ең жиі бұзатын, атқарушы билік "әкімшілік ресурсты" заңсыз пайдалатын аймақтардың қатарына жатады.

ҚАРСЫЛЫҚҚА КЕЗІККЕН РЕФОРМА

Биыл жазда биліктегі "Единая Россия" партиясы және премьер-министр Дмитрий Медведев басқаратын үкімет 2028 жылға дейін ерлердің зейнет жасын 65-ке, 2034 жылға дейін әйелдердің зейнет жасын 63-ке арттыруды көздейтін заң жобасын Мемлекеттік думаға ұсынған. Халықтың наразылығынан кейін президент Владимир Путин әйелдердің зейнет жасын 60-қа дейін ғана көтерейік деді (Қазір Ресейде ерлер – 60, ал әйелдер 55 жасында зейнетке шығады, күш құрылымдарының, құпия қызметтің қызметкерлері мен әскерилер 40 жаста зейнетке шығуға құқылы, жаңа реформа бұл ережені өзгертпейді).

Бұл реформа ұсынысы бүкіл ел аумағында наразылыққа себепкер болды. Оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальный сайлау өтетін қыркүйектің 9-ы күні тағы да шеру өткізуді ұсынды. Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, ресейліктердің 90 пайызы бұл реформаны қолдамайды. "Левада" орталығының соңғы сауалнамасының қорытындысы бойынша, тұрғындардың 53 пайызы бұл ұсынысқа қарсы өтетін демонстрацияға қатысуға әзір. 1998 жылғы дефолт пен экономикалық дағдарыстан бері Ресейде халық үкіметке мұншалық наразылық танытып көрмепті.

"Халықтың наразылығы артып келе жатқаны анық. Бұл – бірден пайда болған нәрсе емес, наурыздағы сайлаудан [Мемлекеттік дума сайлауы] кейін тұрақты сипат алды", – дейді "Левада" орталығының директоры Лев Гудков.

Оның үстіне, "ресейліктер зейнетақы реформасының жеке өзін қарастырып отырған жоқ, үкіметтің жалпы саясатын халықтың мүддесіне қайшы әрекет деп қабылдап отыр, оның ішінде Таяу Шығыстағы әскери операциялар мен көрші Украинадағы сепаратистерді қолдады деген күдік те бар", – дейді сарапшы.

"Үкімет зейнет жасын көтеріп, сол мезетте сыртқы саясатта Сириядағы соғыс немесе [Украинаның] Донбасс аймағындағы жарияланбаған соғыс сияқты күдікті тірліктер жасаса және әскер мен бюрократия шығынын арттырса, халық "үкімет бюджет дефициті мәселесін біздің есебімізден шешіп жатыр" деген ойда қалады", – дейді Гудков.

Зейнетақы реформасына қарсы наразылық шарасы, Мәскеу, 19 шілде 2018 жыл.
Зейнетақы реформасына қарсы наразылық шарасы, Мәскеу, 19 шілде 2018 жыл.

Навальныйдың "Жемқорлыққа қарсы" қорының басшысы Николай Ляшкин зейнетақы реформасы жобасы "ақыры халықтың көзін ашты" дейді.

"Халық жан-жағына қарап, бағаның өсуі бөгде ғаламшардағы біреулердің қастығы емес, "Единая Россияның", Путиннің және Медведевтің лайықсыз саясатының кесірі екенін түсіне бастады", – деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

"Яблоко" либералдық партиясының жетекшісі Эмиля Слабунова азаматтар наразылық шарасын өткізу, думадағы өкілдеріне шағымдану және дауыс беру сияқты "мүмкін болған барлық амалдарды қолданып өз көзқарасын білдіреді" деп үміттенетінін айтты.

"9 қыркүйектегі сайлауда өз дауысымызды "Единая Россия" бастаған саяси күштердің дұрыс ойластырылмаған ұсыныстарына наразылық білдіру мақсатына пайдалануымыз керек", – деді Слабунова.

Алдағы жексенбіде Ресейдің 22 аймағындағы (соның ішінде Мәскеу қаласындағы) сайлаушылар жергілікті атқарушы биліктің басшыларын таңдайды. 16 аймақта өкілдік орган депутаттары сайланады. Бұған қоса, Мемлекеттік думадағы бірмандатты орындарға да депутаттар таңдалады және Сібірдегі кей аймақтардың орталықтарында мэр сайлауы өтеді.

(Азаттықтың Орыс қызметінің репортажы бойынша әзірленді.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG