Accessibility links

Өзбекстан Сардоба су қоймасын қалпына келтірмек


Өргебас ауылындағы тасқын құлатқан үй. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, 12 мамыр 2020 жыл.
Өргебас ауылындағы тасқын құлатқан үй. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, 12 мамыр 2020 жыл.

Өзбекстан Сардоба су қоймасын қайта салмақ. Азаттықтың Өзбек қызметі ел үкіметінің осы жөнінде жабық қаулы қабылдағанын хабарлады. Редакция құрылыс министрлігінде істейтін Насрулло Бобоевтың жергілікті басылымға берген сұхбатына сілтейді.

Құрылыс министрлігі жобалар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарын үйлестіру басқармасының жетекшісі Насрулло Бобоев қазір инженерлік-зерттеу жұмыстары мен ғылыми-техникалық негіздеуге қажет зерттеу жүріп жатыр. Шенеуніктің сөзінше, зертханалық талдау жасалып қойған.

Бобоевтың айтуынша, су қоймасын жөндеу жөніндегі жобалау ұйымы сметалық құжатты әзірлеп қойған, ол бойынша қалпына келтіру жұмыстары екі кезеңнен тұрмақ. Министрлік өкілі құрылыс мерзімін айта алмайтынын мәлімдеген.

«Бұл жабық қаулымен анықталған. Үкімет кесте түзіп, жауапты адамдарды бекітті. Жоспарға сәйкес, қажет министрліктер мен мекемелердің жауапты қызметкерлері өз жұмысын атқарады» деп келтіреді жергілікті басылым шенеуніктің сөзін.

Бобоевтың сөзінше, су қоймасы төңірегіндегі жағдай көрші елдерді де қамтиды, сол себепті ғылыми зерттеуге жергілікті ғана емес, шетелдік зерттеу орталықтары да тартылған.

Сардоба су қоймасы Сырдария өзенінің бойында Қазақстан шекарасына таяу жерде орналасқан. 2017 жылы соғылған бөгет былтыр 1 мамырда жарылып, Өзбекстанның бірнеше ауданында мыңдаған үй шайылып кеткен. Кемі алты адам қаза тапқан. Бұл апаттан Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданы да зардап шеккен. Аудандағы бес ауыл су астында қалған. Техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Апат салдарынан ауданның 31,6 мың тұрғыны эвакуацияланған. Су 900-ге жуық үйді шайып кеткен, шаруалардың бес мың гектар жері су астында қалған.

Былтыр 28 желтоқсанда Ташкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты Сардоба ісі бойынша 17 адамға қатысты жабық сот процесін бастады. Айыптаушы тарап су қоймасындағы апат 45 миллиард сом (шамамен 4,28 миллион доллар) шығын келтіргенін, оның бір бөлігі өтелгенін айтқан. 2010-2017 жылдары салынған Сардоба су қоймасының құрылысына 1,2 триллион сом (қазіргі бағаммен шамамен 114 миллион доллар) жұмсалғаны айтылады.

Сарапшылардың қорытындысында бөгеттің жарылу себебі ретінде жобалау құжатында, құрылыс және пайдалану жұмыстарында қателіктер кеткені көрсетілген. Су қоймасы құрылысы саласындағы кей сарапшылар мен мамандар бөгеттің жарылу себебі ретінде парақорлықты атайды. Олардың сөзінше, құрылыс кезінде материалдарды жымқырған болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG