Accessibility links

Нұрәли Әлиевтің компаниясы "Транстелеком" акциясының 75 пайызын алды


Нұрәли Әлиев.
Нұрәли Әлиев.

"Транстелеком" акционерлік қоғамы акциясының 75 пайызы Нұрәли Әлиев құрылтайшыларының бірі саналатын Unit Telecom компаниясына өтті. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің қаулысында айтылған.

"Марлен Савитұлы Мұқановқа "Транстелеком" акционерлік қоғамының акциялар пакетінің 75 %-і минус 1 акцияны "Unit Telecom" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына иеліктен шығару жөнінде мәміле жасасуға рұқсат берілсін" делінген 11 ақпан күні № 58 қаулыда.

Kaztag агенттігі Kompra сервисіне сілтей отырып 2021 жылғы 9 ақпандағы мәлімет бойынша, Unit Telecom компаниясының қос құрылтайшылары Дмитрий Покупателев пен Нұрали Әлиев екенін хабарлады.

Нұрәли Әлиев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева мен Вена түрмесінде өлі табылған Рахат Әлиевтің үлкен ұлы.

Ашық ақпараттарға қарағанда, Нұрәли Әлиев 2013-2014 жылдары "Транстелеком" басқарма төрағасы болған. 2014-2016 Астана қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан) әкімінің орынбасарып болып, 2016 жылы "Транстелеком" директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалған. Сол жылы "Транстелеком" акциясының 49 пайызы Марлен Мұқановқа өткен.

"Транстелеком" АҚ 1998 жылы құрылған. Қазақстандағы ең ірі байланыс операторларының бірі саналады.

2021 жылдың 1 қаңтарындағы ақпарат бойынша, "Транстелеком" компаниясы акциясының 75 пайызы Марлен Мұқановқа, 25 пайыз акция "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына тиесілі болған. Компанияның жарғылық капиталы 12,2 миллиард теңге, активтерінің жалпы сомасы 174 миллиард теңге болған.

Марлен Мұқанов Нұрәли Әлиевтің сенімді адамы саналады.

Forbes.kz дерегінше, 35 жастағы Нұрәли Әлиев Capital Holding инвестициялық холдингіне, Nd Capital венчурлық қорына иелік етеді. Байлығы – шамамен 269 миллион доллар.

Кейінгі уақытта Нұрәли Әлиевті аты халықаралық басылымдарда жиі аталады. Алдыңғы жылдары Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Нұрәли Әлиев пен оның анасы Дариға Назарбаеваға тиесілі деген екі зәулім үйді және қымбат пәтерді бұғаттап тастаған. Назарбаева мен Әлиев Лондон сотына жүгініп, сот бұғаттау шешімінің күшін жойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG