Accessibility links

Назарбаев жиенінің Лондондағы қымбат үйі күдікке ілінді


Нұрәлі Әлиев.
Нұрәлі Әлиев.

Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевке тиесілі болуы мүмкін деген күдікпен Лондондағы зәулім үйді бұғаттады. Ресми Лондон «қайдан келгені белгісіз байлыққа алынған» үйді тексермек. Бұл туралы британдық ВВС медиакомпаниясы, Transparency International халықаралық ұйымы мен Finance Uncovered үкіметтік емес ұйымы хабарлады.

ВВС «қауіпсіздік деңгейі жоғары бұл үй Лондонда дәулетті адамдар тұратын көшелердің бірінің бойында орналасқан» деп суреттейді. Сайттың хабарлауынша, зәулім үйдің жертөлесінде бассейн мен кинотеатр бар.

«Бұл үйдің иесі ретінде офшорлық компания көрсетілгенімен онда былтыр наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен, бірақ әлі де билікке ықпалы жүретін Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Қазақстан парламенті сенатының қазіргі спикері Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев тұрып жатыр» дейді зерттеушілер.

Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі жылжымайтын мүлікті арнайы тергеу аясында бұғаттаған. Яғни, 10 наурызда басталатын сот аяқталғанға дейін бұл үйді ешкімге сатуға немесе басқадай жолмен беруге болмайды.

«Үйдің иесі ретінде көрсетілген офшорлық компанияның заңгерлері қылмыспен күрес агенттігі жүргізіп жатқан тергеуді доғаруға тырысады» деп хабарлайды ВВС.

«ҚАЙДАН КЕЛГЕНІ БЕЛГІСІЗ БАЙЛЫҚ»

Басылымның жазуынша, «қайдан келгені белгісіз байлыққа» байланысты үйді бұғаттауға ордер берілген. Бұл - британ үкіметінің осы елден «арам» ақшаға жылжымайтын мүлік сатып алуға қарсы күресте қолдана бастаған жаңа әдістердің бірі.

Қылмыспен күрес жөніндегі агенттік жылжымайтын мүлікті иесі қандай жолмен келген ақшаға сатып алғанын анықтау үшін осы әдісті қолданады. Егер билік мүлік иесінің берген түсініктемесі қанағаттанарлық емес деп тапса, онда тергеу орындары мүлікті тәркілеуді сұрап, сотқа жүгіне алады.

Лондондағы бұл қымбат үй Нұрәлі Әлиевтің атымен байланысы бар жалғыз мүлік емес. ВВС-дің ақпараты бойынша, британ билігі тағы екі жылжымайтын мүлікке ордер берген, күдікке ілінген мүліктердің жалпы құны 80 миллион фунт стерлингке (104 миллион долларға) жуық деп бағаланады.

BBC, Finance Uncovered және Transparency International зерттеушілері ашық дереккөздерден ақпарат тапқан. Деректерге сай, сот бұл қымбат үйді Кюрасао аралында тіркелген Manrick Private Foundation және Ангилья аралында (басқару құқығы бар Британияның аумағы) тіркелген Alderton Investments Ltd компаниясы сатып жібермеу үшін бұғаттаған. ВВС-дің жазуынша, екі офшор компаниясы бұл зәулім үйді 2014 жылдан бері иелік етеді. Ашық дереккөздерде бұл қымбат үйді жалдаушылар ретінде Нұрәлі Әлиев пен оның әйелі Аида Әлиева көрсетілген.

«Келген жағы белгісіз байлықты бұғаттау» туралы шешімге қарсы шағым 10 наурызда Лондон сотында қаралады. Сот отырысында үйдің қалай алынғаны жайлы ақпарат айтылуы тиіс.

Ұлыбританиядағы Transparency International ұйымы «келген жағы белгісіз байлыққа алынған» үйді және Лондондағы тағы екі ғимаратты, құны 31 млн фунт стерлинг тұратын Бромптондағы пәтерді бұғаттау туралы шешімді қолдады. Transparency бұл ғимараттардың барлығын «қазақстандық саяси элитаның активтері» деп атады.


Ұлыбритания «келген жағы белгісіз байлықты» екінші рет бұғаттап отыр. Бірінші ордермен Әзербайжан ұлттық банкінің бұрынғы төрағасының әйелі Замира Гаджиеваның активтері бұғатталған. Ол кезде Гаджиеваның күйеуі «ақша жымқырды» деп түрмеде қамауда отырған еді.

Transparency International ұйымының Ұлыбританиядағы атқарушы директоры Дэниел Брюс те саяси элитаның активтері бағытталғанын құптайды.

Transparency сайты Дэниел Брюстің «Осыған ұқсас жағдайлар күмәнді байлыққа ие болған адамдарға ойлануға мүмкіндік беріп, Британиядағы мүлік бір кездегідей қауіпсіз баспана бола алмайтынын көрсетеді» деген пікірі жарияланған.

BBC медиакомпаниясы қымбат үйдің иесі саналатын компаниялардың адвокаттары мен Әлиевтерге хабарласып көрген, бірақ олар бұл жағдайға байланысты пікір бермеген.

2018 жылы Ұлыбритания билігі бұрын Совет одағы құрамында болған мемлекеттерден шыққан азаматтардың ақша жымқыру фактілеріне қарсы күрес бастаған. Ұлыбритания соты ондаған миллион фунт тұратын мүліктерді тәркілеген.

БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҮЛКЕН НЕМЕРЕСІ

Нұрәлі Әлиев — Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен жиені және қызы Дариғаның үлкен ұлы. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сәйкес, Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің некесінен үш бала — екі ұл және бір қыз – туған.

Нұрәлі Әлиев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтің қызы Аида Әлиеваға үйленген.

"Дариға Назарбаеваның көлік жүргізушісі" Нахиби кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

2014 жылдың желтоқсан айынан 2016 жылдың 16 наурызына дейін Әлиев Астана қаласы әкімінің орынбасары болған (2019 жылы нағашы атасы Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін қала атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерген). Зерттеуші журналистер Әлиевтің аты кездесетін «Панама құжаттары» материалдарын жариялардан сәл уақыт бұрын ол мемлекеттік қызметтен кеткен.

2016 жылы Нұрәлі Әлиев пен шешесінің аты саясаткерлер мен бизнесмендердің офшор шоттары туралы «Панама құжаттарында» аталған. «Панама құжаты» жарияланған соң кейбір мемлекеттерде үлкен шу болып, біраз шенеунік отставкаға кеткен.

Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) жариялаған «Панама құжаттары» Қазақстанда еш реакция туғызған жоқ. Қазақстан бас прокуратурасы сол кезде бұл құжаттарда көрсетілген деректер бойынша тергеу бастамау себебін «зерттеудегі ақпараттардың дереккөзі туралы сенімді мәлімет жоқ» деп түсіндірген. Нұрәлі Әлиев пен Дариға Назарбаева да офшор құжаттары жайлы ешқандай пікір білдірген жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаевтың әулеті. Нұрәлі Әлиев оң жақта отыр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың әулеті. Нұрәлі Әлиев оң жақта отыр.

Нұрәлінің әкесі, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінен өлі табылған. Ресми нұсқа бойынша, Рахат Әлиев суицид жасаған. Қайтыс боларынан бірнеше жыл бұрын ол қуғынға ұшырап, Дариға Назарбаевамен ажырасып, туған жерінде мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс, адам ұрлау, ұйымдасқан қылмыстық топ құру айыптары бойынша сырттай ұзақмерзімді түрме жазасына кесілген.

Дариғаның ортаншы ұлы Айсұлтан Назарбаев былтыр Лондонда полицияға шабуыл жасады деген айыппен бір жылға шартты жазаға кесілген. Ұлыбритания соты оны есірткіге тәуелділіктен арылу үшін емін жалғастыруға міндеттеген. Биыл Айсұлтан Ұлыбританиядан саяси баспана сұрағанын мәлімдеді. Айсұлтан Назарбаев ақпан айында Facebook парақшасында жариялаған жазбаларында жақындары өзіне қысым көрсетіп жатқанын, елдегі ең ықпалды отбасының ішіндегі жемқорлық жайлы білетінін жазған.

2010 жылы Нұрсұлтан Назарбаевқа «ұлт көшбасшысы» титулы берілді. Осыған сай, оның өзі және отбасы қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды және активтеріне де ешкім қол сала алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG