Accessibility links

Құқық қорғаушылар Лондондағы Әзербайжан байларынан күдіктенеді


Лондондағы Big Ben ғимараты және Ұлыбритания туы
Лондондағы Big Ben ғимараты және Ұлыбритания туы

Ұлыбритания құқық қорғау органдары түрмедегі Әзербайжан банкирі әйелінің миллиондаған долларға сауда жасауына күдікпен қарай бастады. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен оның отбасы мүшелері де шетелдегі ықтимал мүліктеріне қатысты тергелуі мүмкін.

Түрмеде жатқан бакулік банкир әйелінің Лондондағы қымбат дүкендердің бірі Harrods-та миллиондаған долларға сауда жасауы Әзербайжандағы бұрыннан айтылып жүрген жемқорлық мәселесіне қайта назар аудартты. Ұлыбританияда сатып алынған қымбат үйлерге Әзербайжандағы бірінші әулеттің қатысы бар болуы мүмкін.

Ұлыбританияның Ұлттық қылмыс агенттігі (NCA) елге келген заңсыз ақшаны әшкерелеуге бағытталған жемқорлықпен күрес ісінің аясында Лондонның орталығындағы жылжымайтын мүлкі мен гольф алаңы үшін Замира Хаджиеваға екі бірдей “белгісіз байлық” ордерін (unexplained wealth order) табыс етті.

Лондондағы Harrods дүкенінің сыртқы көрінісі
Лондондағы Harrods дүкенінің сыртқы көрінісі

Қылмыс агенттігі жақында тағы да “белгісіз байлық ордерлерін” беретінін айтқанмен, олардың кімге қарсы шығарылатыны туралы ештеңе демеді.

Лондондағы қымбат мүлікке бақылау жасайды деп есептелетін әзербайжандықтардың арасында елдің ұзақтан бергі басшысы – президент Ильхам Әлиев пен оның зайыбы, вице-президент Мехрибан Әлиева бастаған отбасы мүшелері бар.

“Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлық туралы репортаждар” жобасы (OCCRP) мен Азат Еуропа/ Азаттық радиосы Әзербайжан қызметінің 2016 жылғы мамырда бірлесіп шығарған материалы бойынша, Әлиевтер отбасы, соның ішінде президенттің ұлы Гейдар, қыздары Лейла мен Арзу әлемде 140 миллион доллардың жылжымайтын мүлкіне қожалық етеді, соның ішінде құны шамамен 59 миллион доллар болатын үш қымбат үй Лондонда орналасқан.

Хаджиеваның пәтері сияқты Әлиевтердің жылжымайтын мүлкі де отбасымен, атап айтқанда Лейла мен Арзумен байланысы бар оффшор компанияларға тиесілі. OCCRP мәліметі бойынша, президенттің екі қызы Лондондағы терезесі Гайд паркке қараған сән-салтанатты пәтерлердің бірінде тұрып жатса керек.

Замира Хаджиеваға тиесілі деп көрсетілген Лондонның Мэйфэр ауданындағы үйлердің бірі
Замира Хаджиеваға тиесілі деп көрсетілген Лондонның Мэйфэр ауданындағы үйлердің бірі

“Ұлыбритания аумағында [Transparency International тапқан] [5,8 миллиард доллардың] күмәнді байлығының қайдан шыққанын анықтау үшін біз “белгісіз байлық ордерін” көбірек пайдаланамыз. Мұның ішінде Әзербайжанның билеуші отбасы сияқты өз елдерінде иммунитеті бар ықпалды элита өкілдеріне қарсы шара қолдану жоспары да бар. Біз оларды [“белгісіз байлық ордерін” алуға] ықтимал кандидат ретінде көрсеттік. Олар құпия да жалған компаниялар арқылы Лондондағы миллиондаған долларлық [мүлікке] иелік етіп отырған сияқты” деді Transparency International ұйымының аға зерттеу қызметкері Бен Коудок Азаттыққа берген сұхбатында.

Әзербайжан президент әкімшілігі Лондондағы пәтерлерге қатысты жария түрде пікір білдірген жоқ.

“Белгісіз байлық ордерін” берген Ұлттық қылмыс агенттігі Британия аумағында осындай ордер беруге болатын 140 істі қарастырып жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, алдағы бірер айдың ішінде тағы бірнеше ордер берілуі мүмкін.

Өткен аптада Британия ақпарат құралдары Хаджиеваның он жыл ішінде 30-ға тарта кредит картасын қолданып әлемнің ең әйгілі супермаркетінен 21 миллион долларға зат алғанын жарыса жазды.

Алаяқтық жасап, мемлекет қаржысын талан-таражға салды, ел қазынасынан миллиардтаған доллар жымқырды деп айыпталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылған Жаһангир Хаджиевтің әйелінің қымбат затқа әуестігі Британияда алғаш рет “белгісіз байлық ордерін” берген кезде жұртқа әшкере болды.

Лондонның орталығында, сүйікті дүкені – Harrods-тың дәл түбінде орналасқан 15 миллион долларлық пәтері мен құны 14 миллион доллардай болатын, Беркширдегі Mill Ride Golf & Country Club гольф-клубына қожалық еткені үшін Хаджиеваға “белгісіз байлық ордері” берілген.

Ресми органдардың сотқа берген мәліметі бойынша, Хаджиевтердің 42 миллион долларлық Gulfstream ұшағы және әлемдегі ең қымбат шарап түрін сақтайтын шарап қоймасы бар.

“Екі мүлік [Хаджиевамен байланысы бар] [Британдық Вирджиния аралындағы] компания және Гернси [аралындағы] компания арқылы басқарылады”.Ұшақ британдық компанияның атына жазылған... содан біз ұшаққа иелік ететін компанияның Хаджиеваға тиесілі екенін байқадық” деді Коудок.

55 жастағы Хаджиева екі мүлікті алуға қажет ақшаның қайдан келгенін түсіндіруі керек. Болмаса, Британия үкіметі оларды азаматтық сот арқылы тәркілеуі мүмкін. Қазір жылжымайтын мүліктер бұғатталған, яғни мәселе шешілмейінше Хаджиева оларды сата алмайды.

Мүлік тәркіленген жағдайда Ұлыбритания басшылығы оны алуға кеткен қаражатты Әзербайжанға қайтаруы ықтимал дейді Ұлттық қылмыс агенттігінің басшысы.

Сотта Хаджиева кінәсі жоқтығын айтты. Оның пікірінше, 2001-15 жылдары “Әзербайжан халықаралық банкінің” төрағасы болғанға дейін оның күйеуі жақсы бизнеспен айналысып, дәулет жиған.

Әзербайжан Халықаралық банкінің бұрынғы төрағасы Жаһангир Хаджиев
Әзербайжан Халықаралық банкінің бұрынғы төрағасы Жаһангир Хаджиев

The Guardian газетінің жазуына қарағанда, қазір 57 жасқа келген Хаджиев банк төрағасы болғанда жылына шамамен 71 мың доллар жалақы алып отырған.

Хаджиеваның адвокаттары клиенттеріне қарсы ордерлердің “оның және күйеуінің қандай да бір қылмыс жасағанын білдірмейді” деді.

Хаджиевтің Бакуде тұратын қарындасы Эмине Хаджиева Азаттықтың Әзербайжан қызметіне берген сұхбатында бауыры мен жеңгесіне тағылған айыптардың “жала” екенін және соттың соңғы шешімдерінен “құсқысы келетінін” айтты.

Оның айтуынша, Британ құқық қорғау органдары ордер беруі үшін Әзербайжан үкіметі оларға жалған құжаттар жіберген.

“[Әзербайжан үкіметі] әу бастан-ақ Жаһангирді құрбандыққа шалды, олар барлығын оның басына жаба салды, сөйтіп басқа адам [соттау] қажет болмай қалды. Жаһангир 15 жыл бойы өз бизнесін жүргізді. Оның Лондоннан пәтер алуға қақысы жоқ па?” деді Хаджиева.

“Несиенің көбін кім алып алғанын, басқа елдерде кімнің виллалары бар екенін көрейік” деді ол.

Transparency International өкілі Коудоктың айтуынша, журналистер шығу тегі күмәнді ақшаға Британияда сатып алынған мүлік туралы көп зерттеу жүргізді, және ол мүліктің кейбірі Әлиевтерге тиесілі делінеді.

“Оффшорға және жасырын адамдарға тиесілі болғандықтан, ол активтерді анықтау қиындау. Сондықтан полиция ол мүлікті иеленіп отырған оффшор компанияны басқаратын адамның басқа бір кісіге тәуелді екенін анықтаудың өзге жолдарын табуы тиіс” деді Коудок.

“Полиция мұндай жұмыстарды жүргізіп те қойды, енді оны сотта қолдануға болатын шығар. Осындай мүліктердің қожайындарын табуда Panama Papers сияқты түрлі құжаттар көп көмектесті” деді ол.

Азаттық тілшісі биліктегі “Жаңа Әзербайжан” партиясы атынан сайланған парламент депутаты Евда Абрамовтан Әлиевтің шетелдегі ықтимал дүние-мүлкі туралы сұрағанда ол президенттің балаларының шетелде мүлікке ие болуында тұрған ешқандай заңсыздық жоқ деді.

Әзербайжанның Еуропа кеңесінің Парламент ассамблеясындағы делегациясының басшысы Самад Сеидов те Әлиев отбасы Британияда заңсыз мүлікке ие болуы мүмкін деген болжамдарды жоққа шығарды.

“Әзербайжанға, оның басшыларына, президентіне қарсы біржақты айыптаулар жиі болып тұрады. Бұл да сол тақылеттес дүние болар” деді Сеидов.

Ұлыбританияның Ұлттық қылмыс агенттігі “Заңсыз қаржының Ұлыбританияға ағылуын тоқтату – ең басты басымдық... сондықтан біз құқық қорғау жүйесінің барлық мүмкіндігін ірі қылмыскерлер мен жемқор элитаға қарсы пайдаланамыз” деп мәлімдеді.

Сондай-ақ мәлімдемеде “Қазір халықаралық жемқорлыққа қатысты тергеу бойынша 750 миллион фунттың (992 миллион доллар) қылмыстық активі ұсталды, бұғатталды не қайтарылды” делінген.

(Мақала Азаттықтың Әзербайжан қызметінің репортажы негізінде жазылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG