Accessibility links

"Назарбаевтан кейінгі кезең" және бұлыңғыр билік транзиті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының жиынында. 2007 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының жиынында. 2007 жыл.

Осы аптада батыс басылымдарының бірі Қазақстандағы билік транзиті сценариінің белгісіздігі туралы америкалық сарапшымен болған сұхбатты жариялады. Әлемдік баспасөз Шыңжаңдағы қудалау туралы да жазды.

"НАЗАРБАЕВ ӨЗІ ҒАНА БІЛЕДІ"

Америкалық World Politics Review сайтында Ресей саясатының Орталық және Оңтүстік Кавказ елдерімен байланысын зерттейтін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері, сарапшы Пол Стронскимен болған сұхбатты жариялады.

"Қазақстан Назарбаевтан кейінгі кезеңге дайындалып жатыр ма?" деген мақалада Қазақстандағы маңызды мемлекеттік қызметкерлерді ауыстыру мәселесін талқылап, "бұл билік транзитінің белгісі ме?" деген сауалға жауап іздеген.

"Қазақстанның саяси жүйесі жария емес, сондықтан кадрлар алмастыруға не себеп болғаны түсініксіз. Ашықтық болмаған соң Қазақстандағы түрлі саяси топтардың күшеюі мен әлсіреуі туралы сыбыстар тарайды. Аяқ астынан өзгерістер болса, Назарбаев билікті беруге дайындалып жатыр деген сөз шығады. Оның бәрі шындық болуы да, болмауы да мүмкін" дейді бұрын АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Ресей ісі бойынша директор болған және Мемлекеттік департамент зерттеулері мен барлау бюросында сарапшы болып істеген Пол Стронски.

Стронски "Қазақстан қоғамының күн өткен сайын тынышсыздана бастағанын" айтады. Оның бәрін әлеуметтік-экономикалық проблемалардың артуымен байланыстырады. Сарапшы Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтірген кездегі қоғамның ызаға толы реакциясы мен Астанада көшелерді жаңбыр суы басып қалған кездегі наразылықты еске алады.

Америка сарапшысы "Мұнай бағасы жоғары болып тұрғанда, мемлекеттік қазына толы болғанда Қазақстан экономикасын әртараптандыра алмады" дейді. Елдегі амбицияға толы экономикалық жоспардың жартылай орындалғанын айтады. Пол Стронски Астананың халықаралық қаржы орталығы туралы жобасының жүзеге асуына күмәнданады. "Мұндай орталық басқа сауда алаңдарымен бәсекелес бола ала ма?" деген сауал тастайды.

“Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасы Астанаға пайда әкелуге тиіс, алайда «Қазақстан басқа салаларға көмектесу үшін инфрақұрылымға Қытай инвестициясын қалай салатыны түсініксіз" дейді сарапшы.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) мен Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде. 7 маусым 2018 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) мен Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде. 7 маусым 2018 жыл.

Саяси элита мен тұрғындар арасында Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық және саяси ықпалының артып келе жатқанына алаңдау көбейді. "28 жылдан астам президент болып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында биліктен кетуі спекуляция ма?" деген сауалға Стронски: "Сайлауға түсер-түспесін Назарбаев өзі ғана біледі. Ал оның ізбасары кім болады деген сауал саяси элита мен қарапайым халықты мазалап келеді. Бұл ел ішінде біраз уақыттан бері пікірталасқа айналған" деп жауап берген.

Назарбаевтың жақында биліктен кетуі туралы сыбысты маусым айында "Ол енді сайлауға түспейді" деген сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі мен Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төраға болып сайланғаны қыздыра түсті. Бұған қоса, жақында үкіметте болған өзгерістер "президенттің қызы Дариға Назарбаеваның ықпалын күшейткен болар" дейді Стронски.

"Қазақстандық саясатта түсініксіз жайттар көп, бірақ бір нәрсе анық: билік ауысымы қай кезде болса да, саяси жүйе соңғы 20 жылда ең тәжірибелі саясаткердің шықпағанына, оның жоқтығына икемделуі тиіс. Ел ішіндегі тұрақтылық билік алмасудың қалай өтетініне байланысты. Саяси оппозицияның тамыр жаюы келесі басшының кім болатынына, оның саяси легитимділікті қалай ұстайтынына және қазақстандық саясаттың Назарбаевтан кейінгі кезеңге қалай бейімделетініне байланысты" дейді Пол Стронски.

БТА ІСІ ЖӘНЕ БИЗНЕС ПЕН САЯСАТТЫҢ АРАСЫНДАҒЫ "БҰЛЫҢҒЫР ШЕКАРА"

Вашингтонда шығатын Diplomat газетінде "Ұлыбритания соты БТА ісі бойынша Храпуновқа үлкен айыппұл салды" деген мақала жариялады. Басылым Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы және бұрынғы банкир әрі билікті сынаушы Мұхтар Әблязовтың күйеу баласы Ілияс Храпуновқа Ұлыбритания жоғарғы сотының 500 миллион доллар айыппұл салғанын жазды.

Сот үкімі бойынша, Храпунов Әблязовтың "БТА банк қаражатын иемденуіне көмектескен". Соттың бұл шешімі – БТА банкі мен Қазақстан билігінің «шағын жеңісі". Олар бірнеше жылдан бері банк активтерін қайтару үшін тартысып келеді.

Мұхтар Әблязов
Мұхтар Әблязов

Соңғы бірнеше жылда БТА банк соттасып жүріп, шамамен 4,6 миллиард долларға қол жеткізді. “Бұл қаржыны Мұхтар Әблязов 2009 жылы Қазақстаннан кетпей тұрып, атына аударып алды” деген болжам бар. БТА банк қайтаруды талап еткен жалпы сома 6 миллиард долларға тең.

Ұлыбритания жоғарғы соты Әблязовтың дүние-мүлкін бұғаттап, одан активтері туралы деректі жариялауды талап еткен. Әблязов бұл талапты орындамаған. Әблязов 2011 жылы Ұлыбританияда 22 ай түрме жазасын өтеуі тиіс еді. Бірақ ол елден кетіп қалды да, жазадан құтылған.

"Бұл іс бірнеше жылдан бері созылып келеді, бірақ саяси салдары түсінікті. Францияда түрмеден жазасын өтеп шыққан Әблязов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі саяси қарсыласы болып отыр. Назарбаев пен оның үкіметі Әблязов пен оның жақтастарын соттау үшін барлық құқықтық және жарнамалық мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Қазақстанда бизнес пен саясаттың аражігі көрінбейді. Бұл ондаған жылдар бойы ұлттық деңгейдегі мәселе болып тұр. Әблязов пен Храпунов қарсыласуын тоқтатпайынша, бұл шайқас жалғаса берер” деп жазады Diplomat.

ШЫҢЖАҢ ІСІНЕ АРАЛАСПАУДЫҢ АСТАРЫ

Ұлыбритаиялық Guardian газетіне шыққан "Пәкістан этникалық мұсылмандарға қысымы үшін Қытайды сынайды" деген мақала жариялады. Басылым “Пәкістан – Қытайдың мұсылмандарды қудалауын сынаған алғашқы мұсылман елі” болды деп жазады.

«Өткен айда БҰҰ-да Қытайдың этникалық лагерінде миллионға жуық ұйғыр, қазақ пен өзге де азшылық өкілдері жатқаны туралы "шынайы ақпарат" берілген соң Пекиннің іс-әрекетін сынау күшейді" дейді мақала авторы.

“Белсенділер, зерттеушілер мен БАҚ Шыңжаңдағы жаппай қамау, аңду, мәдени және діни өмірді қысымға алу деректерін анықтаған. Қытайдың көршілері мен экономикалық серіктестері Шыңжаңдағы репрессия ықпалын сезіп отыр. Екі жыл бұрын коммунистік партия хатшысы Чэн Цюань Тибеттен Шыңжаңға ауысқалы бұл қысым күшейді” деп жазады Guardian.

Америкалық New York Times басылымында "Қытайдағы пәкістандықтар қамауға алынған ұйғыр әйелдерінің тағдыры туралы білгісі келеді" деген мақала жарияланды. Сәрсенбі күні пәкістандық екі ер адам Пекиндегі Пәкістан елшілігіне хабарласып, 2017 жылы мамырда Шыңжаңға кеткелі оралмаған этникалық ұйғыр әйелдерін табуға көмектесуді сұраған. Олар әйелдерін «саяси қайта тәрбиелеу лагеріне» жіберді деп санайды.

Халықаралық ұйымдардың дерегінше, "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" миллиондаған ұйғыр мен өзге де мұсылман азшылығы өкілдері қамауда отыруы мүмкін. Қытай ондай лагерьлердің бар екенін мойындамайды, аймақтағы діни экстремизммен күресу үшін қауіпсіздік шараларын жасап жатқанын айтады.

"Шыңжаңдағы қауіпсіздік жүйесі отбасыларды ажыратты, Қытайдағы этникалық қазақтарды және Қазақстан азаматтарын қамауға алып, көршісі Қазақстанмен қарым-қатынасына сызат түсірді" деп жазады New York Times.

Америкалық Wall Street Journal газеті де осы тақырыпқа мақала арнаған. "Қытайдағы мұсылман лагерьлері ислам әлемінде наразылық тудырды" деген мақалада биыл көктемде шетелден Шыңжаңға оралған пәкістандықтың тағдырын баяндайды. Ол үйіне келгенде этникалық ұйғыр әйелі мен үш баласының жоғалып кеткенін біледі. Үйлерін белгісіз біреулер қиратқан. Ал полиция әйелінің қамауға алынғанын айтады.

Wall Street Journal сыртқы саясат жөніндегі дипломаттар мен сарапшылардың сөзіне сілтеме жасап, “ислам елдерінің үкіметі Қытайды сынауға асықпайды. Себебі ол елдер Қытайдың "Бір белдеу-бір жол" бағдарламасы аясында қаржы алудан дәмелі” деп жазады.

Үш туысы Қытайда қамауда отырған жігіттің тағдыры
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

“Бұл елдердің үкіметі өз діни қызметкерлері мен БАҚ-тарына қысым жасап, Шыңжаңдағы лагерь тақырыбын көтермеуді талап етеді. Олар қорқады. Ешкім ештеңе айтқысы келмейді” дейді Bloomberg сауалына жауап берген малайзиялық саясаттанушы Ануар Ибрагим.

АСТАНАДАҒЫ МӘЛІМДЕМЕДЕН КЕЙІНГІ "СҮЙІНІШ ПЕН КҮЙІНІШ"

Америкалық Foreign Policy журналында жарияланған "Қарулануды бақылауға алуға сенуші" деген мақалада Ядролық сынаққа тұтас тыйым салу туралы шарт жөніндегі ұйымның атқарушы хатшысы Лассина Зербоның әлемдегі ядролық сынақты тоқтатуға арнаған күш-жігері жайлы айтылады.

Лассина Зербо мен Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың тамыздың 29-ы күні Астанада жасаған бірлескен мәлімдемесінде "Ядролық сынаққа тұтастай тыйым салу туралы шартты күшіне енгізетін кез келді. Бұл өзіміздің және болашақ ұрпақтың алдындағы борышымыз" деген. “Бұл мәлімдеме, әдеттегідей, сүйініш пен күйініш тудырды" деп жазады Foreign Policy.

Басылымның дерегінше, кабылданғанына 50 жыл өткен шарт әлі күнге дейін заңдық тұрғыда нақтыланбаған. Ядролық сынақты бақылаудың дүниежүзілік жүйесі 90 пайыз дайын. Алайда Вашингтонның ұйымды қолдамауы (АҚШ 1030 ядролық сынақ жүргізді, бұл әлемде жасалған барлық сынақты қосқандағыдан да артық) және Қытай, Үндістан, Иран, Израиль, Солтүстік Корея сияқты елдердің құжатты ратификация жасауға ниетсіздігі шартты күшіне енгізуді қиындатады. Лассина Зербо "басқа жолдың жоқтығын, тек алға жүру керектігін" айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG