Accessibility links

Профессор Коллинс: "Шыңжаң – Тибет емес"


Пекинде жүрген ер адамдар. Көрнекі сурет.

Қытайдың Шыңжаң қазақтарын саяси тәрбиелеу орталықтарына қамау науқаны мен осы аймақтан Қазақстанға көшкен этникалық қазақтардың зейнетақы мәселесі соңғы айларда әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жатыр. Азаттық Астанадағы Назарбаев университетінің саясаттанушысы, Қытайдың саясатын зерттеп жүрген профессор Нил Коллинспен синофобияның себебі және Шыңжаңдағы мәселені шешу жолдары туралы сұхбаттасты.

Азаттық: Қазақстанда синофобияның күшейгені байқалады. Шыңжаңдағы этникалық қазақтарды саяси тәрбие орталықтарына жаппай қамау мен Астананың қытайлық азаматтарға 72 сағаттық визасыз кіру рұқсатын беруі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Қытайдың "экономикалық және саяси экспансиясы" туралы алаңдауға қаншалықты негіз бар?

Нил Коллинс: Бұқаралық деңгеймен салыстырғанда жоғарғы деңгейде алаңдау мен синофобия аз. Бұқаралық деңгейде бұған Қытайдың инвестициясы, зауыттары мен инфрақұрылым жобаларымен ұшырасқан жеке адамдардың тәжірибесі түрткі болып тұр. Бұл жағынан қарағанда Қазақстан басқа көптеген елден өзгеше де емес. Қытайдың көптеген дамушы елдердегі, Африкадағы инвестициясына қарасаңыз, осыған ұқсас реакция байқайсыз. Қытай шет елге мамандарын, инженерлерін топтап жібереді, жергілікті жұмыс күшін пайдаланбайды. Бұл еріксіз бөлінушілік тудырады. Бұл – шекаралас Қазақстанға ғана қатысты мәселе емес. Қытайдың жұмыс істеу тәсілі – осы. Бұл тәсіл жергілікті халықты жиі шамдандырады. Қазақстанның жағдайында [Шыңжаңдағы] этникалық қазақтардың мәселесі бұған қабаттаса түсті.

Нил Коллинс, саясаттанушы
Нил Коллинс, саясаттанушы

Азаттық: Пекинге барған соңғы ресми сапары кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаев "трансшекаралық симпатия танытты, патриотизмнен айныды, діни экстремизмге ұрынды" деген сияқты айыптар тағылып жатқан Батыс Қытайдағы қазақтардың мәселесін көтермеді. Шыңжаңдағы бұл ахуал қайтіп өзгеруі мүмкін және бұл мәселенің шешімі бар ма?

Саяси тәрбиелеу орталықтарына келсек, қамаудың бір түрі ғой, мұндай саясат ешбір елде ұзаққа созылмаған. Қысқа мерзімді шара. Қытайдың билік өкілдері бұл тәсілді Тибетте сәтімен қолдандық деп ойлады.

Нил Коллинс: Кейбір адамдардың бұл мәселеге қатысты президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан көбірек нәрсе келер еді ғой деп сұрауы мүмкін. Оның [Пекиндегі келіссөзде] нақты не айтқанын анық білмейміз де. Білетініміз – [Қазақстанның] сыртқы істер министрлігі белсенді бола бастады. Кәсіби дипломаттарға сай түрде сақ, дипломатиялық мәнерде мәлімдемелер жасап жатыр. Бірақ мәлімдеме жариялап жатқаны, комментарий беріп жатқаны – факт... Саяси тәрбиелеу орталықтарына келсек, қамаудың бір түрі ғой, мұндай саясат ешбір елде ұзаққа созылмаған. Қысқа мерзімді шара. Қытайдың билік өкілдері бұл тәсілді Тибетте сәтімен қолдандық деп ойлады. Тибетті басқарған өкіл Шыңжаңға жіберілді. Бұл – соңғы үш жылдағы өзгерістің бір себебі. Мәселені шешудің жақсырақ, оңайырақ жолдары бар екенін енді түсінуі мүмкін. "Бір белдеу – бір жол" бастамасының аясында қарасаңыз, Шыңжаң – Тибет емес. Бұл жерде ары-бері қозғалыс бар, шекара ашыла түспек. Қазақстан үкіметіне алаң білдіру керек, өйткені бұрынғымен салыстырғанда қазір позициясы жақсырақ.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда синофобия күшейді ме?

Азаттық: Қазақстан үшін Қытаймен тығыз экономикалық байланыс орнатудың пайдасы мен зияны не болмақ?

Нил Коллинс: Басқаша жасайтындай балама бар ма? Экономика жақсы болғанымен мұнай мен газ сияқты шикізат өндіруге негізделген. Бұл ахуал ұзаққа созылмайды. Әртараптану – Қазақстан үшін қисынды саясат. Қытай сияқты жуырда әлемнің ең ірі экономикасына айналғалы тұрған алып елге көрші болып отырған Қазақстан бұл факторды елеусіз қалдыра алмайды. [Қытаймен тығыз байланыстың] ең үлкен зияны – Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы тауар тасымалы кезінде транзит аймақ болып қала беруі мүмкін. Қазақстанның Еуразия экономика одағының мүшесі ретіндегі тиімді тарифтерін пайдаланып, Қытай көрші территориямен пойыздарын жүргізе бермек. Темір жолға қатысты инфрақұрылымдық жағынан оңалғанымен Қазақстан пайда көрмеуі ықтимал. Басқа елдердің тәжірибесін зерттеу керек. Австралия мен АҚШ сияқты темір жол инфрақұрылымы ұқсас елдер бар. Мысалы, Калифорния мен Шығыс жағалауды, Перт пен Мельбурнды жалғап тұрған алып инфрақұрылымның бойындағы кейбір аймақ не себепті гүлденді, неге кейбірі елеусіз қалды? Бұл құпияны ашса, Қазақстан [Қытайдың] инвестициясынан көбірек пайда түсірер еді. Ал Қытай қоршаған ортаны ластайтын индустрияларын жіберетін болса, ең қиын жағдай тууы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Қамауда не көргенін айтушылар көбейді

Азаттық: Қытайдың сыртқы саясатындағы Қазақстанның орны қандай?

Нил Коллинс: Дүние жүзінің картасына қарасаңыз, Қытайдың минерал мен азық-түлік тасымалдау жолдары АҚШ пен оның одақтастары үстем тұрған теңіз маршруттарымен өтеді. Қытай бұл тараптан кетіп, құрлық маршрутын дамытса, позициясы күшейеді деп ойлайды. Жалпы Қытай Қазақстан туралы көп біле бермеуі мүмкін. Бірақ Орталық Азияның оларға маңызы зор. Бұл аймақты қарастырғанда инфрақұрылымын қайда салуы мүмкін? Осындай бақуатты, тұрақты елде ме? Әлде мұндай артықшылығы жоқ Орталық Азияның қалған төрт елінде ме?

Қытай өткен тарихына үңіліп, әркез ғаламдық деңгейде держава болғанын есте ұстайды. Олардың көзқарасына сәйкес, соңғы екі ғасырда еуропалықтар әскери технологиясын жетілдіріп, алға шықты. Мұның соңы Қытайда ұзаққа созылған тұрақсыз кезең – "қорлану ғасырына" ұласты. Ал қазір өздерін қайта жігерлендіру жағдайында тұр. Қытай өз ойындағы Қытай, яғни "әлемнің кіндігі" болуы тиіспіз деп ойлайды. "Бір белдеу – бір жол" бастамасы – осы саясаттың бір бөлігі. Қазақстанның бұл саясатта орны бар. Екі елдің арасында аздап сенбеушілік болса да, прагматикалық қарым-қатынас орнаған. Кеңірек, ғаламдық ауқымда қараса, Қазақстан бұл қатынастан пайда түсіре алады.

Көре отырыңыз: Күткендер

Күткендер
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:09:07 0:00

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG