Accessibility links

Құқықтанушы: Аз ұлттарды ассимиляциялау жүріп жатыр


Құқықтанушы Қытай қазақтарының жағдайы туралы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:57 0:00

Есбол Өміржанов Қытай қазақтарының жағдайы туралы сұхбаты.

Азаттық: – Шетелдегі қазақтардың ең көп шоғырланған жері - Қытай. Онда ресми есеп бойынша бір жарым миллионға жуық этникалық қазақ бар деп айтылады. Ал 1991 жылдан бері Қазақстанға оралған барлық қазақтың он екі пайызы ғана Қытайдан келген. Қытай қазақтарының Қазақстанға көшу процесі неге баяу?

Есбол Өміржанов: – Шындығында Қазақстанның іргесінде тұрған Қытай елінен қазақтардың өте аз оралуы мәселенің бар екендігін көрсетеді. Мұның бірнеше себебін айтуға болады. Қытайдағы қазақтарды екіге бөліп қарастырамыз. Олардың бірінші санатына жататындар – кезінде әртүрлі себептермен, қуғын-сүргінмен Қазақстаннан Қытайға еріксіз қоныс аударғандар. Екіншісі – баяғы заманнан бері тарихи отанында отырғандар. Олардың барлығы Іле қазақ автономиялық облысының үш аймағында шоғырланған. Ол аймақтар патшалық дәуірде Қытай-Ресей арасындағы шекаралық бөлісу кезінде ар жақта қалып кеткен жер екені белгілі. Сол себепті атажұртында ежелден қоныстанып келе жатқан қазақтардың түп қопарыла көшуі қиын. Өйткені ежелден өздерінің ата-бабасының қонысында тұрып келе жатқандықтан оларға Қазақстан жат ел болып саналады. Сонымен қатар, тағы бір себеп ретінде мемлекеттік көші-қон саясатындағы көптеген олқылықтарды айтуға болады.

Азаттық: – Ол қандай олқылықтар?

Есбол Өміржанов.
Есбол Өміржанов.

Есбол Өміржанов: –Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігін алған соң шетелдегі қандастарды елге шақырды. Бірақ шақырғанымен қандастарды елге тарту, оларды ары қарай орналастыру, бейімдеу мәселелеріндегі жаңа тетіктер ойластырылған жоқ. Мысалы көші-қон комитетінің өзі алғашқы уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамында болды. Одан кейін Ішкі істер министрлігінің қарамағына өтті. Кейін қайтадан әуелгі министрліктің қол астына барды. Яғни, бұл бір ғана министрліктің құрамындағы кішкентай комитет ретінде әрекет етті. Сондай-ақ, репатриантарды елге тарту туралы нақты жүйелі бағдарламалар жасалған жоқ. Қазақтар ең көп орналасқан Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Түркіменстан секілді елдерге барып Қазақстанға көшу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып орналастыру мәселелерін қолға алмады. Қазақстан тек көшіп келген қазақтарды орналастыру мәселесімен айналысып отыра берді. Бұдан басқа Қазақстанға шетелден келген қазақтардың азаматтық алудағы кедергілері, әсіресе Қытай қазақтарының сотталмаған туралы анықтама алу мәселесі , Жаңаөзен оқиғасынан кейін «наразылық көрсеткен оралмандар» дейтін әңгімелер олардың Қазақстанға көшіп келуіне кері әсер етті. Ал қазір Қазақстан сырттан келетін қазақтарға қойылған барьерлерді алып тастаған кезде Қытай үкіметі ондағы қазақтардың осында келуіне кедергі келтіре бастады.

Азаттық: – Қытай қазақтарының Қазақстанға қоныс аудару әрекетінің баяу болу себебін ата қонысында отыруымен байланыстырып отырсыз. Бірақ Өзбекстан, оның ішінде Қарақалпақстан қазақтары да өздерінің ежелгі жұртында отырғаны белгілі. Бірақ олардың көшіп келу үлесі - 67 пайыз. Ата жұртта отыру басты фактор емес секілді?

Есбол Өміржанов: – Бұл жердегі басты мәселе –әлеуметтік жағдай. Қытай мен Өзбекстанда тұратын қазақтардың арасында үлкен әлеуметтік айырмашылықты байқауға болады. Өйткені Өзбекстан қазақтары тәуелсіздік алған жылдары экономикалық дағдарысқа ұшырады. Әлеуметтік жағдайы төмен болды. Сонымен қатар ол жақта «өзбектендіру» саясаты ашық және қарқынды жүргізілді. Сонымен бірге Қарақалпақстан қазақтарының жаппай Қазақстанға қоныс аударуына Арал теңізінің тартылып, экологиялық жағдайдың ұшқынуы әсер етті. Ал осы жағдай Қытайда керісінше болды. Қазақстанда көші-қон саясаты басталған кезде [Қытайда] ешқандай қысым болған жоқ. Тек кейінгі уақытта ғана қазақ мектептерін жабу деген мәселелер көтеріліп жатыр. [Бұрын] Қытай қазақтарының әлеуметтік жағдайы Қазқстан қазақтарынан жақсы болды. Бұл жерде менің айтпағым –шетелдегі қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуына олардың әлеуметтік жағдайы әсер етеді.

Қой айдап келе жатқан Шыңжаң қазақтары
Қой айдап келе жатқан Шыңжаң қазақтары

Азаттық: – Ұзақ жылдан бері Қытай қазақтары саяси тұрғыдан мамыражай өмір кешіп жатқан еді. Бірақ 2017 жылдың қаңтарынан бастап қысым көріп жатқандары және түрмеде қайтыс болған не қамауға алынған қазақтар туралы ақпарат жиіледі. Қытай қазақтарының аяқ асты қысымға ұшырауының негізгі себебі неде?

Есбол Өміржанов: – Басты себеп – Қытайдың ішкі саясатының өзгеруі. Қытай коммунистік париясының жаңа төрағасы Си Цзиньпин ішкі біртұтастықты сақтау, экстремизм, терроризммен күрес бағытындағы жаңа ұстанымдарды күн тәртібіне шығарып отыр. Осының салдарынан сол жердегі этникалық қазақтар арасында да саяси тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оқи отырыңыз: Туыстары Қытайда қамалғандардың тағдырына алаңдайды

Азаттық: – Сонда Қытайда ұсталып жатқан қазақтардың терроризм мен экстремизмге қатысы бар ма?

Есбол Өміржанов: – Ондағы жергілікті қазақтардың ұсталуының негізгі себептерінің бірі діни сенімге байланысты. Әрине, Қытай конститутциясында діни сенімге рұқсат етіледі. Дегенмен, қазіргі Қытайдың жаңа саясатына байланысты діни сенімнің арықарай экстремистік іс-әрекеттерге ұласып кетпеуі үшін діни әрекеттердің барлығы қатаң бақылауға алынып отыр. Шынын айту керек, Қытай қаақтарының арасында да ислам дінінің түрлі бағыттарының тарай жатқанын ақпарат құралдарынан естіп жүрміз. Мұнда да радикалдық ислам бағыттарының кең таралуы, Қазақстандағы кейбір діни-ағым өкілдерінің Қытай қазақтарының арасына барып үгіт-насихат жүргізуі – болған жағдайлар. Осы мәселелердің барлығы қазір тікелей қолға алынып, кімнің радикалдық ислам бағытына ауысқаны, кімнің исламдық идеологияға беріліп жүргені нақтыланып, шетінен саяси тәрбиелеу орталығына апарып жатыр. Ал қытайлықтардың өзі Си Цзынпиннің жаңа бағыттағы ұстанымдарын Мао Цзедунның мәдени төңкерісімен салыстырып жүр. Ал бұл жерде алғы шепке экономика емес, ішкі тұтастық, бір сөзбен айтқанда халықтардың біртұтас болу мәселесі шығып отыр. Яғни, Қытайдағы аз ұлттарды қытайлық идеология негізінде ассимиляциялау саясаты қолға алынды деуге болады.

Оқи отырыңыз: "Жарты құдай" Си Цзиньпин

Азаттық: – Қытайдағы қазақтардың қудалануын дінмен байланыстырасыз. Бірақ отбасымен Қазақстанға көшіп келген, әйелі мен бала-шағасы осы елдің азаматтығын алған, өздері тау қуысында қой бағып немесе қара жұмыс істеп жүрген, дінге еш қатысы жоқ кейбір жігіттер Қытайға туыстарына барғанда ұсталған. Кейбірінің құжаттарын алып, Қазақстанға кері қайтуға тыйым салған. Біз мұндай отбасының біреуін емес, бірнешеуін анықтадық. Тіпті араларында Қазақстан азаматтығын алған, бірақ Қытайдан қайта алмай отырғандар да бар. Мұндай мәселе, яғни бір отбасыны екіге бөлу халықаралық заңға қайшы емес пе? Қытай «Адам құқығы мен бостандығы» туралы халықаралық конвенцияларды қаншалықты мойындайды?

Есбол Өміржанов: – Біріккен Ұлттар Ұйымының 1948 жылы желтоқсанның 10-ы күні қабылданған жалпыға ортақ адам құқығы туралы декларациясы бар. Сол декларация негізінде ондаған ковенциялар қабылданған. Бірақ бұл конвенциялардың орындалуы мемлекетпен ратификациялануына байланысты. Ал Қытайда бұған дейін де адам құқығына қатысты көптеген жағымсыз жағдайлар болды. Қытайда жұмыс істейтін көптеген халықаралық ұйымдар жыл сайын баяндама жасап, адам құқығына қатысты ескертпелер мен ұсыныстар айтты. Бірақ ол Қытай билігіне ешқашан әсер еткен емес. Өйткені Қытай адам құқығы туралы конвенцияларға қол қойғанымен оның көпшілігін ратификациялаған жоқ.

ВИДЕО: Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты (23 маусым 2017 жыл)​

Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

Азаттық: – Қазақстан билігі Қытаймен экономикалық тұрғыдан әріптес, тату көршіміз деп жиі айтады. Яғни, Қазақстан тату көршісімен ондағы қазақтардың мәселесін шеше ала ма?

Есбол Өміржанов: – Қазақстан халықаралық ұйымның, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі және адам құқығына қатысты конвенциялардың барлығын ратификациядан өткізді. Бірақ Қазақстанның Қытайдың ішкі ісіне араласуы деген мәселеге келген кезде біз тағы да халықаралық заңға сілтеме жасаймыз. Халықаралық заңдарда мемлекетаралық құқықтарды реттеуге қатысты негізгі қағидалар бар. Соның бірі – бір мемлекеттің өкілеттілігіне кіретін іске басқа мемлекеттің араласпауы. Яғни, Қазақстанның Қытайдың ішкі ісіне араласуы халықаралық конвенцияға қайшы. Бірақ бұл Қытай қазақтарының мәселесі шешілмейді деген сөз емес. Оны шешудің басқа да тетіктері бар.

Азаттық: – Ол қандай тетіктер?

Есбол Өміржанов: – Адам құқығына қатысты нақты дәлелдерді келтіре отырып, оны тек қазақ тілінде емес, орыс, ағылшын тілдеріне аударып, халықаралық ұйымдардың назарын аудару керек. Ал мұндай нәрсені тек Қазақстандағы қазақтар жасай алады. Өйткені қазір Қытайдағы қазақтар қатаң бақылауда. Екіншіден, совет үкіметі кезінде, 1950-1962 жылдары мемлекетаралық үлкен келісімге қол қойылып, сол жақтағы қазақтарды бері қарай қайтарып алуға мүмкіндік алды. Қазір де сондай жағдайға қол жеткізуге болады. Ол үшін біздегі азаматтық қоғам институттары, саяси партиялар мен ұйымдар болып жатқан жағдайды көтеріп, әртүрлі жолмен биліктің назарын аударта алады. Бұл мәселені тек ақпарат құралдарында жариялау аз. Түрлі бейбіт митингтер, бірадамдық пикеттер өткізу арқылы билікті Қытайдағы қазақтар мәселесін шешуге шақыруға болады.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG