Accessibility links

"Трансшекаралық симпатия" айыбына ұшырағандар


Бала ұстап отырған хотандық әйел. Көрнекі сурет
Бала ұстап отырған хотандық әйел. Көрнекі сурет

Қытайдың батысында тұратын этникалық қазақтардың түрлі себеппен қамауға алыну себебі не? Си Цзиньпиннің екінші мерзімінде Пекиннің Шыңжаңдағы ұлттық саясаты қандай болмақ? Азаттық чехиялық белгілі қытайтанушымен сұхбаттасты.

Прагадағы Чехия Ғылым Академиясының Шығыстану институтындағы қытайтанушы Ондрей Климеш Азаттыққа берген сұхбатында Пекиннің Шыңжаңдағы ұлттық саясатының бірқатар аспектілері туралы ойын айтты. Климеш – қытай және ұйғыр тілдерін меңгерген, Шыңжаңда және Тайваньда тұрған әрі білім алған шығыстанушы-ғалым.

Азаттық: - Климеш мырза, Шыңжаңдағы кейбір этникалық азшылықтар соңғы уақытта «биліктің жаппай қамауға алуы», «сөз бостандығын шектей түсуі» және «әлеуметтік белсенділікті қатаң бақылауы» туралы жиі шағымдана бастады. Сіздің ойыңызша, неге ахуал соңғы жылдары күрт нашарлап кетті?

Ондрей Климеш: - Соңғы жылдары [билік тарапынан] зорлық-зомбылық пен қудалаудың эскалациясын және осы қудалауға қарсылықтың да күшеюін байқап отырмыз. Қытайдың Шыңжаңда доминация орнатуға ұмтылуының тарихы ұзақ. 1759 жылғы соңғы империялық династияның бұл аймақты жаулап алуынан бері [Шыңжаңда] үнемі көтерілістер болып тұрды. Ұзаққа созылған бейбіт кезең болған емес. Бұрын маньчжуға, қазір ханьсу билігіне, Қытай халық республикасына үнемі саяси оппозиция туып тұрды. Көріп отырғанымыз – қос қабатты оппозиция. Былтырдан бері мемлекет репрессияны күшейтті, соған сәйкес келіспеушілік пен қарсы шығу да күшейді.

Қарсылықтың негізі – саяси наразылық, репрессиялық саясатқа реакция.

Азаттық: - Қытай билігінің Шыңжаңдағы терроризммен күрес науқаны мен әлеуметтік белсенділікті басып тастау әрекетін екіге бөліп қарай аламыз ба? Бірінші науқан көп жағдайда ұйғыр сепаратизміне қарсы шара ретінде қабылданады. Екінші жаңа феномен қазақтардың әлеуметтік белсенділігін шектеу сияқты көрінеді. Мысалы, жуырда Шыңжаңда туған, қазір Қазақстан атынан жарысқа қатысып жүрген кәсіпқой боксшы Қанат Исламның «жекпе-жегін көргені үшін ғана бір топ қазақтың қамауға алынғаны» хабарланды.

Оқи отырыңыз: Туыстары Қытайда қамалғандардың тағдырына алаңдайды

Ондрей Климеш: - Әлем бойынша жүріп жатқан терроризммен және радикалдық исламизммен күрес Қытайдың діни және этникалық азшылықтарға, саяси оппоненттерге шүйлігуі үшін желеу ғана. Шыңжаңда террорлық шабуыл жасау оқиғалары болды. Бірақ «Әл-Қаида» сияқты халықаралық исламшыл радикалдық ұйымдардың Шыңжаңдағы топтарға ықпалы өте шектеулі сияқты. Тіпті жоқтың қасы десе болады. Өйткені Шыңжаң қатаң бақылауға алынған аймақ. Шетелдік топтардың ендеп кіруі өте қиын. Қарсылықтың негізі – саяси наразылық, репрессиялық саясатқа реакция. Мұны жасалған шабуылдардың құрылымы мен түрінен де көре аласыз. Көпшілігі – мемлекеттік ұйымдарға пышақпен, қолдан жасалған жарылғышпен жасаған шабуылдар. «Синьхуа» мемлекеттік ақпарат агенттігінің жаңалықтарын оқысаңыз, «Террорлық шабуыл жасалды. Он терроршының көзі жойылды. Бейбіт тұрғындар зардап шеккен жоқ» деп жазып жатады. «Мәселе терроризмде, сепаратизмде және радикалдық Исламда» дейтін Пекиннің аргументтерінде олқылық көп. Қазіргі ахуал үкіметтің кез келген оппозицияны, тіпті қандай да бір алуан түрлілікті басып тастап жатқанын көрсетеді. Азшылықтарды мәдени ассимиляцияға ұшыратуға күш салып жатыр.

Оқи отырыңыз: "Жарты құдай" Си Цзиньпин

Азаттық: - Шыңжаңдағы терроризммен және сепаратизммен күрес науқаны қарапайым тұрғындардың, ұйғырлардың өмірлеріне қалай әсер етіп жатыр? Аймақтың қай ауданы терактілер мен анти-террорлық әрекеттерден көбірек зардап шегіп отыр?

Қой айдап келе жатқан Шыңжаң қазақтары
Қой айдап келе жатқан Шыңжаң қазақтары

Ондрей Климеш: - Ең қатты зардап шеккен аудан – оңтүстік Шыңжаң. Бұл – ұйғыр мәдениетінің бесігі. Такламакандағы бір оазис. Куча, Ақсу, Қашғар, Яркенд пен Хотан сияқты қалалар. Көптеген қалада әлі де ұйғырлар – көпшілік. Ханьсулар аз: негізінен саяси өкілдер мен полицейлер. Өте кедей аймақ. Жанжалдың шиеленісуіне көбіне ұйғырлардың экономикалық дискриминацияға ұшырауы себеп болады. Туған өлкесінде маргинал топқа айналу қаупі туған. Қытайдың сыртқы саясаты осыған саяды. Шыңжаң [Қытай президенті] Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» бастамасы үшін маңызға ие. Бұл жоба үшін Қазақстанның да мәні зор. Шыңжаң Пәкістанмен қарым-қатынас орнату үшін де маңызды рөл ойнайды. Гвадар портынан ішкі Қытайға жоспарланған энергетика дәлізі де осы аймақ арқылы өтеді. Шыңжаң, оның ішінде Шэньчжэн сияқты арнайы экономикалық аймаққа айналған Қашғар ерекше маңызға ие болып тұр. Қытайдың ірі компаниялары капитал құйып жатыр, ханьсу еңбек иммигранттары ағылып келіп жатыр. Бұл «дамудан» ұйғырлар мен басқа азшылық топтар аз ғана пайда көріп отыр.

Оқи отырыңыз: Қытайда қысым көрген қазақ жазушысы

Азаттық: - Бұл аймақтағы азшылық топтардың шетелге қашқан, я қоныс аударған өкілдері мәдени даралықтарын жоғалту мен ана тілінде білім алу хақының шектелуі туралы мәселе көтеріп жатады. Сізге бұл мәселе қалай көрінді?

Ондрей Климеш: - Шыңжаң аймағының үкіметі тұтас білім беру жүйесін трансформацияға ұшыратып жатыр. Конституция мен аймақтық заңдарға сәйкес білім беру жергілікті азшылық тілдерінде – ұйғыр, қазақ және қырғыз тілдерінде жүзеге асуы тиіс. Осы азшылық тіліне бейімделген білім беру жүйесі енді монотілді болып конвертацияланып жатыр, нұсқаулық тек қытай тілінде беріледі. Бұл – мәдени ассимиляцияның бір жолы. Саясат типі ретінде бұл жаңа құбылыс емес. Түркі халықтарын ханьсу мәдениетінің нормаларына бейімдеп, аккультурацияға түсіру саясаты 19-ғасырдың басынан бері жалғасып келеді. Коммунистер бұл саясатты қолдануда ең зор нәтижеге жетті... 2000 жылдардың басында-ақ Үрімжі университетінде қытай тілі негізгі тілге айналды.

Ондрей Климеш, Чехия Ғылым Академиясына қарасты Шығыстану институтының қытайтанушы маманы. Прага, 26 қазан 2017 жыл
Ондрей Климеш, Чехия Ғылым Академиясына қарасты Шығыстану институтының қытайтанушы маманы. Прага, 26 қазан 2017 жыл

Азаттық: - Этникалық азшылық өкілдерінің коммунистік партия қызметтеріндегі үлесі қандай?

Ондрей Климеш: - Аймақ автономиясы туралы заңға сәйкес этникалық азшылық өкілдері жергілікті саяси жетекшілік құрамына кіруі тиіс. Бірақ жергілікті мемлекеттік аппараттың ең жоғарғы деңгейіндегі болсын өкілдің құзіреті әлсіз. Билік – коммунистік партияда. Ал партия жетекшілігі тек ханьсулардан тұрады. Қазақ аудандарда партияның орта деңгейіндегі қызметтер қазақтарға берілген. Шынайы билік шоғырланған деңгейде азшылық өкілдері жоқ. Оны саяси бюролардың құрамынан көре аласыз.

Азаттық: - Си Цзиньпиннің кезеңіне дейін Шыңжаң қазақтары өздерін еркіндеу, ерекше статусқа ие тұрғындар сияқты ұстайтын. Өзара әңгіме кезінде жергілікті билік құрылымында ұйғырларға қарағанда өкілдері көп екенін айтып қалатын.

Ондрей Климеш: - Иә, иә.

Азаттық: - Сіз де байқадыңыз ба?

Ондрей Климеш: - Иә, солай болды.

Азаттық: - Бірақ кейінгі кезде бірдеңе күрт өзгергендей. Соңғы екі-үш жылда Шыңжаң қазақтары да күтпеген жерден қысымға алына бастады. Енді бұлар да «қамалып жатқандарын», «партияның мораль дәрістері оқытылып, еңбекпен тәрбиелеу шараларына ұшырап жатқандарын» айтып шағына бастады. Ішкі әлеуметтік желілерде «Қазақстанға қатысты патриоттық сезім танытқаны үшін» зардап шеккендер бар сияқты. Шыңжаң қазақтары Си Цзиньпиньге дейін мәдени тұрғыдан алғанда дәл осылайша белсенді болып келген. Неге дәл қазір мұндай күйге ұшырады деп ойлайсыз?

Маоға теңелген Сидің "жаңа дәуірі"
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:40 0:00

Ондрей Климеш: - Си Цзиньпин бүкіл ахуалды бастан-аяқ бақылағысы келеді. Қандай да бір сыртқы ықпалдың жұрнағын да қалдырмай жойғысы келеді. Интеллектуалдық жағынан Қытай барған сайын жабық елге айналып барады. Қазақтар «трансұлттық этнос» деп саналады. Сол себепті Қытай үкіметі «[қазақтар] субверсивті қатер тудыруы мүмкін» деп қауіптенеді. Бұл – [Шыңжаң] қазақтарының ұйғырлардан басты айырмашылығы. Ұйғырлардың атамекені – Шығыс Түркістан. Қазақтарға келсек, [Қытай билігі үшін] оларды «трансшекаралық симпатия» танытты деп айыптау өте оңай. Оның үстіне тарихи дәстүр және бар ғой. Саяси себептермен шекараны асып, ары-бері қайта-қайта көшіп тұру деген. 20-ғасырда бұл құбылыс жиі байқалды, біресе Совет Одағынан, біресе Қытайдан қашып арғы беттен – бергі бетке, бергі беттен – арғы бетке өту көп болды. [Шыңжаң] қазақтары өздерін Қазақстанмен, «қазақтықпен» идентификациялайды (бір санайды – ред.). Бұл [Қытайдағы] авторитарлық режим үшін қауіпті. Лоялды болу (бағынышты болу – ред.) мәселесі туады. Си Цзиньпин даралықтың (идентичность – ред.) кез-келген балама көзін жоюға бейім. Ол барлық тұрғынның Қытай халық республикасының азаматы ретінде сезінуін қалайды. Ең әуелі ұйғыр, қазақ, я мұсылман болғанын қаламайды. Бір жағынан сол себепті Ислам да [Шыңжаңда] саяси мәселеге айналды.

ВИДЕО: Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты (23 маусым 2017 жыл)

Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

Азаттық: - Си Цзиньпиннің екінші мерзімінде Шыңжаңдағы Қытайдың ұлттық саясаты қалай өзгеруі мүмкін? Болжамыңыз қандай?

Ондрей Климеш: - Бұл ахуалды бақылап отыру өте қызықты. Шыңжаңдағы репрессия ушығып барады. Си Цзиньпин соңғы бірнеше жылда Қытайда ешқашан болмаған нәрсе жасады. Солтүстік Корея сияқты тоталитарлық режимдермен салыстырғанда Қытай адам ресурстары мен қаржыға қатысты өте жақсы жарақталған. Сол себепті жаппай бақылау жүйесін қаржыландыру көздері шексіз. Бұрын-соңды болмаған ахуал қалыптасып тұр. Бұл саясатқа қарсы негативті реакцияны бақылау да маңызды. Шыңжаңдағы ханьсу тұрғындардың саны күрт көбейіп келеді. Ал жергілікті қазақтар мен ұйғырлар шетқақпай көріп жатыр. Амал не, халықаралық қауымдастықтың бұл аймақтағы ахуалдың жақсаруына ықпал ету мүмкіндігі қатты шектеулі.

Оқи отырыңыз: "Шәуешек келісімі" қазақ-қытай шекарасының негізі болды"

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

XS
SM
MD
LG