Accessibility links

Қытайда қысым көрген қазақ жазушысы


Қытайда туған қазақ жазушысы Зейнолла Сәніктің 15 томдық жинағындағы суреті. Алматы, 23 қазан 2017 жыл.
Қытайда туған қазақ жазушысы Зейнолла Сәніктің 15 томдық жинағындағы суреті. Алматы, 23 қазан 2017 жыл.

Қытайда туған қазақ жазушысы, тарихшы, этнограф Зейнолла Сәніктің еңбектері Алматыда 15 том болып басылып шықты. Жинаққа оның алғашқы романы «Сергелдең», «Тұғырыл хан» секілді көлемді шығармалары, Қытай архивтерінен жазған зерттеу еңбектері енді. 2013 жылы Алматыда қайтыс болған жазушының өмір жолынан Қытайдағы авторитарлық режимнің 1960 жылдары қарапайым адамға көрсеткен қысымының алуан тәсілін көруге болады.

Алматыда өткен көптомдықтың тұсаукесері кезінде Зейнолла Сәнік туралы деректі фильм көрсетілді. Фильмде жазушы өз өмірі туралы әңгімелеп отырып, «Әкем алақанымды ұстап тұрып «Ризық-несібең шашылып кетіпті. Өмірі бізден алыс, шетте болады екенсің. Мүмкін бізге топырақ та сала алмайтын шығарсың» деді» дейді.

Зейнолла Сәніктің көп томдығы. Алматы, 23 қазан 2017 жыл.
Зейнолла Сәніктің көп томдығы. Алматы, 23 қазан 2017 жыл.

Зейнолла Сәніктің туысы «1962 жылы оның әке-шешесі Қазақстанға өтіп кеткенде өзі мен әйелі Пекинде жұмыс істеп жүріп қалып қойған. Сөйтіп олар Қазақстанға алғаш 1989 жылы келгенде әке-шешесі өмірден өтіп кеткен, осылайшы Зейнолла Сәнік әке-шешесіне топырақ сала алмады» деп еске алады. Туысының айтуынша, Қытайда қалған Зейнолла Сәнік «әке-шешесі Қазақстанға көшіп кеткені үшін жазықты болған». Қытай қазақтары 1960 жылдары Қазақстанға ауғаннан кейін сол елде қалып кеткен туыстарының «жақындарын шетелге қашырды» деген айыппен «сатқын» аталғанын, тіпті түрмеге қамалғанын айтады.

ҚУҒЫНМЕН ӨТКЕН 16 ЖЫЛ

Зейнолла Сәнік түрме қапасына қамалмаса да, сол тұстағы Қытай билігінің қарапайым адамдарға жасаған қысым мен қуғын түрлерінің көбін басынан өткерген. Жазушы естеліктерінің бірінде «Маоның (1943 жылдан 1976 жылға дейін Қытай компартиясының төрағасы болған Мао Цзэдунды айтады – ред.) солақай саясаты тұсында көрмегенді көрдік. Отбасыммен 10 жыл Үрімжіде «қалпақ кидік», қалған 10 жыл жарыммен, үш баламмен «еңбекпен өзгерту алаңында» болдық. Қиналғанда өлім туралы ойлаған кездерім де болды. 1955-1962 жылдары ел ата-жұртқа көшкенде мен жұртта қалып қойдым. Әйтпесе сол кезде-ақ кетіп қалар едім» дейді өкінішін білдіріп. «1962 жылы туыс-туғандарым Қазақстанға өтіп кеткен соң, қалып қойған біздерге Қытай билігі білгенін жүзеге асырды. «Қалпақ кигізу» мен айдалуды айтпағанда, көшеге шығарып масқаралау, бетке күйе жағу, жалған айып тағып қинау, «Совет үкіметінің жансызы» деген жала жабу жанымызға қатты батты» деп еске алады жазушы.

Жазушы Зейнолла Сәнік. Алматы, 10 сәуір 2009 жыл.
Жазушы Зейнолла Сәнік. Алматы, 10 сәуір 2009 жыл.

Азаттық тілшісі Зейнолла Сәніктің естелігінде шет-жағасы айтылатын «қалпақ кигізу», «бетке күйе жағу» секілді жазалар жөнінде Қазақстандағы Қытай қазақтарынан сұрады. Қытайдан келген Серік Керей есімді азамат «қалпақ кию» жазасы Қытайда 1958 жылдан басталғанын, байлар мен билердің басына «Байларды жойып, пролетариат диктатурасын орнатайық!» деген ұран жазып, кигізіп қоятын болғанын» әңгімеледі. Ол «1962 жылы «төрт көнені жою» атты тағы бір науқан басталып, ол бойынша байлардың қалпағына жазулар жазылып, оларға күйе жағып, көшемен айдап өтетін болды. Ел ішінде хат танитын, оқу оқыған зиялылар Тарым лагеріне айдалды. Кітаптары өртеліп, өздерін ұрып-соқты» дейді.

... Жың деген ауданның қиырдағы бір қыстағында қара жұмысқа жегілдім. Жер де аудардым, егін де салдым, сабақ та бердім.

Ал «еңбекпен өзгерту алаңының» сырын Зейнолла Сәніктің өз естелігінен білуге болады. «Жер аударылып, Бұратола облысының Жың деген ауданының қиырдағы бір қыстағында қара жұмысқа жегілдім. Жер де аудардым, егін де салдым, сабақ та бердім» деп қысқа болса да анықтап кеткен. Осылайша ғұмырының 16 жылын түрлі айыптармен қуғында өткізген жазушы 1978 жылы ғана қалыпты өмірге қайтып оралған.

Қытайдағы автономиялық аудан - Шыңжаң жазушылар одағының мүшесі, жазушымен ұзақ жыл жақын араласқан Хасен Майқыбай «Зейнолла Сәнік мұнан кейінгі 50 жылдық ғұмырын баспа ісіне арнады» дейді.

Зейнолла Сәніктің басынан кешкен саяси қуғын-сүргін шығармашылығында көрініс таппаған. Жазушының досы Хасен Майқыбай:

- Ол өзінің жер аударылып жүрген кезде көрген қиыншылықтарын шығармашылығына арқау етпеді. Ақталып келгеннен кейін бірден баспа ісіне араласып, жақсы қызметке тұрды. Сол себепті болар, айдауда жүрген кездері туралы жазбады. Оның орнына тарихи тақырыптарды көбірек қаузады. Бәлкім көрген азабын жазбауының басты себебі ақталғанынан болар, - дейді.

Зейнолла Сәніктің көптомдығының 1-томындағы суреті. Алматы, 23 қазан 2017 жыл.
Зейнолла Сәніктің көптомдығының 1-томындағы суреті. Алматы, 23 қазан 2017 жыл.

Майқыбай мырза «Бұл кісінің шығармалары Шыңжаңда шығатын «Мұра», «Шұғыла», «Шалғын» журналдарында басылып тұрды. Оның сөз қолдану шеберлігі қазақтың дәстүрлі тілінен ажырамайтын. Мәселен, билерді билерше, әдеттегі кейіпкерін әдеттегі адамша сөйлететін еді. Әсіресе, ол кісінің жазушылық шеберлігі «Баспай» романында ерекше айқындалған. Кейінірек Бейжіңнен (Қытай астанасы Пекинді айтады – ред.) жарық көрген «Қазақ мәдениетінің дәстүрлері» деген кітабы да Зейнолланың құнды мұраларының бірі. Зейнолла тек жазушы ғана емес, ол қазақ мәдениетін, тарихын зерттеуші. Тек баспада отырып қана қойған жоқ. Ғұмырының белгілі бір бөлігін мұрағаттарда өткізді» дейді. Хасен Майқыбай Зейнолла Сәніктің «Қытайда Шыңжандағы қазақ ұлтының баспа саласында редакторлық қызмет атқарған кезде Шыңжаң қазақ жазушыларының шығармаларын жариялауға ұлан-асыр еңбек сіңірген, маңдай терін төккенін» де ескерте кетті.

«ҚАЗАҚ ТАРИХЫН ҚЫТАЙ АРХИВІНЕН ІЗДЕГЕН ДҰРЫС»

Жазушының 1986 жылы Қытайда «Қаракерей Қабанбай» атты кітабы жарық көрген. «Әуелгі кітаптың аңыз негізінде, кейінгі екі кітаптың дерек негізінде жазылғанын» айтқан жазушы өзі туралы естеліктерінің бірінде «Қазақстан жазушылары тарихи шығармаларын ел ішіндегі аңызға сүйеніп жазады» деп Қазақстанда жазылған тарихи шығармаларға жеке көзқарасын айтқан.

Жазушы артында қалған еңбектерінің бірінде «Қазақ тарихын Ресей архивінен іздегеннен гөрі, Қытай жазбаларын ақтарған пайдалы болар еді. Өйткені, салыстырмалы түрде айтсақ, біздің арғы, бергі тарихымыз негізінен қытайлармен байланысты ғой» деп жазады.

Ал қазақстандық этнограф-ғалымдардың бірі Досымбек Қатран Зейнолла Сәніктің тарихи романдары дәстүрлі қазақ өмірінің анықтамалығы іспетті екенін айтады.

- Қабанбай романындағы көркем тілмен өрілген ел өмірі, жер-су атаулары, халық дәстүрі мен батыр тұлғасы, ел тұтқаларының әрекеті, ел ішіндегі дау-дамайдың реттелу жағдайлары мен үйлену, жерлеу салттарының сипаты көңілімді аудара берді. Бір шығарма ішінде әдеби тәсілдермен этнографиялық құндылықтар шебер өрілуі - үйренерлік үрдіс, - дейді ол.

Зейнолла Сәнік 1935 жылы Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысы Шағантоғай ауданында туған. Алғашқы шығармалары 1950 жылдардың ортасында Қытай баспасөз беттерінде жарық көре бастаған. Қазақстанға 2000 жылдардың ортасында көшіп келген жазушы 2013 жылы Алматыда дүние салды. «Астана мінбесінен алған әсер», «Тау жұлдызы», «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері», «Сүлеймен би», «Дала мәдениетінен зерттеулер» тәрізді еңбектері де бар.

XS
SM
MD
LG