Accessibility links

Қазақ зиялылары қытай билігі Қажығұмар Шабданұлының сүйегін де бермей қойғанын айтады


Қажығұмар Шабданұлының Қазақстанда басылып шыққан «Қылмыс» (алты томдық) және «Пана» кітаптарының мұқабасы. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл.
Қажығұмар Шабданұлының Қазақстанда басылып шыққан «Қылмыс» (алты томдық) және «Пана» кітаптарының мұқабасы. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл.

Қытайда үйқамақта отырып, кіндік қаны тамған атамекені - Қазақстанға жетуді ақтық демі таусылғанша аңсап өткен диссидент жазушы Қажығұмар Шабданұлының дүниеден өткеніне жеті күн толғанда Алматыда жұртшылық өкілдері марқұмға құран бағыштап, ас берді.


Көзінің тірісінде бірнеше рет сотталып, ұзақ жылдар бойы қытай түрмесінің тозағынан өткен қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлын еске алуға онымен бірге әйгілі Тарым лагерінің азабын көргендер, Қытайда онымен таныс-біліс болғандар, марқұмның Қазақстанда тұратын туыстары, ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен журналистер көп жиналды.


ОРЫНДАЛМАҒАН АРМАН


Ақпанның 22-сі күні сәске түсте жиналған қауым әуелі марқұмға арнап құран бағыштады. Бұдан кейін Қажығұмар Шабданұлының туған елі мен жеріне, ұлтына қалдырған рухани мұрасы мен күрескер жазушының тауқыметке толы тағдыры жайлы естеліктер айтылды.

– Шыңжаңдағы қазақтың жаңа әдебиетінің негізін салушылардың бірі болған Қажекеңе бұл дүниеде бұралаңы көп, тағдыры аса қиын өмір бұйырды. Оның түрмеде отырған ұзақ-қысқа мерзімдері мен үйқамақта отырған уақытының
Жазушы Қабдеш Жұмаділов Қажығұмар Шабданұлына берілген аста сөйлеп тұр. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл.
бәрін қосып санағанда қырық жылдың үстіне шығып кетеді. Мен біраз жұрттан сұрастырып көрдім, өмірінің қырық жылдан астам уақытын тұтқын болып өткізген жазушы дүниежүзінде жоққа тән екен.

Қажекеңді күрескер, қайсар жазушы деп атаймыз, ал ол сонысы үшін азап тартқан шын мәніндегі азапкер жазушы еді. Қытай билігі оған «халық жауы, қылмыскер» деген айдар тағып, соттады. Қылмыскер атанатындай ол адамға қиянат жасап, біреуді ұрып-соғып немесе кісінің ала жібін аттаған емес. Оның бар «қылмысы» – өз ұлтының сөзін сөйлеп, қазағына теңдік сұрап араша түскені, сонысы үшін ұзақ жылдар түрме тауқыметін көріп, бақилық болғанша биліктің қатаң бақылауында болды.

Қажығұмар Шабданұлы 86 жасында бұл пәниден өтті. Әдетте қазақ бұл жасқа келіп, өмірде бала сүйіп, артына ұрпақ қалдырған адамның арманы жоқ деп жатады ғой, Қажекең де ұрпақсыз емес, шүкір. Бірақ оның көзі тірісінде аңсаған ең үлкен арманы орындалған жоқ – кіндік қаны тамған туған жерге жете алмай кетті. Елге оралуға жәрдемдесуді өтініп біздің елдің президентіне екі дүркін хат жазды, ол өтініш туралы «Қазақ әдебиеті» газеті де жариялады. Президенттің құлағына жетпеді, қолына тимеді деп айта алмаймын, мүмкін емес. Тиді. Бірақ қол ұшын берген ешкім болмады, – деді жазушы Қабдеш Жұмаділов.

Оның айтуынша, Қажығұмар Шабданұлы қайтыс болған соң марқұмның денесін туған жеріне әкеліп, Қазақстанға жерлеуді мақсат тұтқан Қазақстандық ақын-жазушылар мен қоғам өкілдері Бейжіңдегі қазақ елшілігі арқылы талпыныс жасағанымен, қытай билігі диссидент жазушының сүйегін де бермей қойыпты.

Қабдеш Жұмаділовтің Қажығұмар Шабданұлына берілген астағы сөзі.
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00
Жүктеп алу


Қабдеш Жұмаділов совет өкіметі тұсындағы ашаршылықтан бөтен елге бассауғалаған қазақ отбасындағы баланың жат жерде өсіп ержеткен соң атамекенге деген сағынышы Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романына өзек болғанын атап өтті.

Қытайда дүниеден өткен қазақ жазушысына Алматыда қатым түсіріп, ас беру шарасын abai.kz интернет порталы мен Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қор ұйымдастырды.


ТАРЫМ ТҰТҚЫНДАРЫ

Алматыда өткен Қажығұмар Шабданұлын еске алу жиынына кезінде марқұммен бірге Қытайдағы Такламақан шөліндегі атышулы Тарым лагерінде сот жазасын өтеген адамдар да қатысты.

Олар әйгілі жазушымен бірге айдауда болған кездерін еске алды.

1962 жылы 21 жасында сот үкімі бойынша 12 жыл түрме жазасына кесілген
Солдан оңға: Жұмабек Өсерұлы мен Айтмұхан Райқанұлы – Қытайдың Тарым түрмесінде Қажығұмар Шабданұлымен бірге айдауда болған қазақтар. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл.
және бес жыл саяси құқықтан айырылған Айтмұхан Райқанұлы айдаудағы қазақтарға Қажығұмар Шабданұлының ақылшы болғанын айтып берді.

– Кеңес сұрап барған бізге ол кісі: «Ассалаумалайкүм!» деп сәлем бере келгенде «Уәғалайкумассалам!» деп жауап беріп, іштей «иә, тәубә, қазағымның біреуі тірі жүр екен ғой» деп қуанып қаламын. Ал, сәлден соң ол менен: «Қажығұмар, сіз қай туған боласыз?» деп сұрайды, онысына ренжіп қаламын. Міне, менің берер ақыл-кеңесім осы деген еді, – деді Айтмұхан Райқанұлы.

Осы кісі сияқты Қытайда 1962 жылы 22 жасында 12 жылға сотталған Жұмабек Өсерұлының өз айтуынша, ол Қажығұмармен айдауда жүргенде екі рет кездесіпті. Әуелі Тарым лагерінде айдауда болған кезде, кейін, 60-шы жылдардың аяғында Қажығұмар Шабданұлы төрт адаммен бірге түрмеден қашып шығып, кейін ұсталып қайтадан қамалғанда оны жолықтырғанын айтып берді.

– Бақыт деген күрес деп білетіндер үшін Қажыағаң бақытты адам. Өйткені бүкіл өмірі өзінің ұлты, халқы үшін күреспен өтті. Ел аузында «Көп сұрайды, азға разы болады» деген сөз бар. Қажыағаң Отаныма келсем, осы жерде еңбек етсем, елге жерленсем деп көп сұрады. Бірақ бұл сұрағаны ол кісіге бұйырмады. Енді міне туыс-достары, ағайын-жұрт жиналып оны еске алып жатыр екен, мен білетін Қажыағаң туған жерінде өзіне деген осы құрметке де разы болар еді. Өйткені, ол нағыз ер болатын, – деді Жұмабек Өсерұлы.


КҮРЕСКЕР ЖАЗУШЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Қытайдың Шәуешек қаласында тұрып жатқан қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы биыл ақпанның 15-і күні дүниеден өтті. Марқұм арада екі күні өткенде сол қалада жерленді.

Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде туған. 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Қытайдың Дөрбілжін ауданына ауып барған.

1944 жылы Үрімжіде оқып жүрген кезінде ұлттық азшылықтар көтерілісіне
Қажығұмар Шабданұлының Қазақстанда басылып шыққан «Қылмыс» (алты томдық) және «Пана» кітаптарының мұқабасы. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл.
байланысы бар деген айыптаумен Қытай билік орындары тарабынан қудаланып, абақтыға түскен. 1952 жылы қызмет бабымен Үрімжі қаласына шақырылып әуелі «Одақ» журналының, кейін «Шұғыла» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1958 жылы «оңшыл», «халық жауы» деген саяси айыптаулармен бас бостандығынан айрылып сотталған ол 22 жыл бойы Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде айдауда болған.

1980 жылы жазасын өтеп әрі ақталып шыққан соң аз уақыт бостандықта болады. Осы кезеңде жазушы өзінің «Қылмыс» атты романын жазып жүрген еді.

1986 жылдың желтоқсан айының отызы күні тұтқындалып, «ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады» шетел жансызы деген айыптаулармен 15 жылға бас бостандығынан айырылады. Жаза мерзімін Үрімжі қаласының №1 түрмесінде өтейді.

Түрмеден шыққаннан кейін өмірінің соңына дейін Қытай билігі оны ешқайда шығармай үйқамақта ұстады.

Қытай үкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты заңсыз қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде штаб-пәтері Лондон қаласында орналасқан Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен.

Қарт қаламгер ақтық демі үзілгенше өзінің кіндік қаны тамған жері – Қазақстанға оралуды аңсап өтті.

Қазақстанда тұңғыш рет 2009 жылы толық көлемде Алматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан екі мың данамен жарық көрген Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романын 2010 жылы қаңтар айында мәдени саясат және өнертану институты Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ұсынған болатын.

Бірақ сыйлық тағайындайтын комиссия «бұл шығарманың Қазақстанға қатысы жоқ» дегенді көлденең тартып, оны тізімінен алып тастаған еді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG