Accessibility links

"Ұсталғандар саны министр айтқандағыдан көп"


Қытайда ұсталған туыстарының суреттерін ұстап отырған азаматтар. Астана, 7 желтоқсан 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары басталды. Бұған дейін Астана "Қытайда ұсталған 170-тей этникалық қазақ" туралы мәлімет барын хабарлаған. Азаттық тілшісі сөйлескен кей азаматтар олардың саны бұдан әлдеқайда көп дейді.

Маусымның 6-сы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға сапармен барды. Ақорданың баспасөз қызметі сапар барысында Назарбаев Қытай президенті Си Цзиньпинмен, үкімет жетекшісі Ли Кэцянмен, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитет төрағасы Ли Чжаньшумен кездесетіні туралы хабарлады. Сапар аясында Назарбаевтың Қазақстан мен Қытай бизнесмендерімен де кездесіп, екі жақты құжаттарға қол қоюы жоспарланған. Сонымен бірге Қазақстан президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Циндао қаласында өтетін саммитіне де қатыспақ.

Ал соңғы кезде қысымға ұшыраған Қытайдағы этникалық қазақтар ортасындағы туыстарына барып ұсталып, қамалған Қазақстан азаматтары мәселесі бұл сапарда айтылар-айтылмасы әзірге белгісіз.

"ТЕЛЕФОНЫНА БОЛА ҰСТАДЫ"

Алматы қаласының тұрғыны София Тұрсынжанқызы күйеуі Құрмаш Ғалымның жеті айдан бері Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Боро-Тала-Моңғол автономиялық облысындағы "саяси тәрбие орталығында" отырғанын айтады. Ол 2017 жылы қыркүйекте Қытайға үш күндік сапармен кеткен.

Әйелі Софияның Азаттыққа айтуынша, күйеуін Қытайдың билік орындары "телефонынан мәселе шықты" деп ұстаған.

Қытайда қамалған туыстарын босатуға жәрдемдесуді сұраған ата-ана мен балаларының баспасөз конференциясы. Алматы, 31 мамыр 2018 жыл.
Қытайда қамалған туыстарын босатуға жәрдемдесуді сұраған ата-ана мен балаларының баспасөз конференциясы. Алматы, 31 мамыр 2018 жыл.

​- Күйеуімнің әке-шешесі мен туыстарының барлығы сол жақта тұрады. Бір жағы соларды көруге, екіншіден ол жақта тағы бір жұмыстары болып кеткен еді. Барғаннан кейін билік орындары құжаттарын жинап алып бермей қойыпты, - дейді София Тұрсынжанқызы.

Оның сөзінше, күйеуі Құрмаш Ғалым екеуі Қазақстанға Қытайдан 2011 жылы келген. Көп ұзамай София Қазақстан азаматтығына ие болған. Ал күйеуі ықтиярхатпен жүрген.


Қытай билігі Құрмаш Ғалымның құжаттарын алып, өзін елге қайтармай жатқанын естіген соң София кішкентай баласын алып, өткен жылы күзде күйеуінің артынан іздеп барған.

- "Құжаттарымды алып қойды. Беретін түрі жоқ. Келесің бе?" деген соң үш жарым жастағы баламды алып Қытайға бардым. Күйеуімді көзімше қазан айының 18-і күні "саяси тәрбие орталығына" алып кетті. Жергілікті басшыларға кіріп, жылап-сықтап жағдайымды айттым. Олар "телефонынан бір мәселе шықты, кейін бәрі дұрыс болады" деп шығарып салды. Телефонында "WhatsApp" мессенджері орнатылған болатын. Соны сылтау етіп ұстаған. Мен оны күтіп Қытайда бес айға жуық жаттым. Ұстап әкеткеннен кейін бір жарым айдан соң әрең дегенде телефонмен сөйлестім, - дейді София.

Қытай қазақтарының қысым көруі талқыланған жиын (Алматы, 24 сәуір 2018 жыл):

Кейін ол жергілікті сақшы (полиция) мекемесінде видеочат арқылы күйеуімен тағы екі мәрте тілдескен екен. Софияның сөзінше, өңі жүдеу тартып, шашын тақырлап алып тастаған күйеуі оған: "Менде бәрі жақсы, уайымдама" дегеннен басқа ештеңе айтпаған.

- Жақында сол жақта тұратын ініме хат жіберіпті. Менің атыма жазылған екі бет хатта: "Жағдайымыз жақсы, бұл жерге үйреніп қалдық, партия бізге кереметтей көмектесіп жатыр. Үш уақыт тамақ – таңертең сүтті шай, түсте және кешке қою тамақ береді. Киіммен қамтамасыз етіп жатыр. Апта сайын жуынамыз. Жатқан жеріміз суып кетсе кондиционер қосады" деп жазыпты. Оған солай жазғызып отырған сияқты, - дейді әйелі.

Шыңжаңдағы мешітте отырған қазақтар. (Көрнекі сурет.)
Шыңжаңдағы мешітте отырған қазақтар. (Көрнекі сурет.)

Софияның айтуынша, әкесі Тұрсынжан Ерғазы 2004 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. "Содан бері ықтиярхатпен жүрген әкем 2018 жылы қаңтарда Қытайға қыдырып барған кезде жергілікті билік орындары оның да құжаттарын алып қойған" дейді қызы. Софияның сөзінше, қазір Шыңжаңдағы туыстарының үйінде жатқан әкесі де Қазақстанға қайта алмай отыр.

София Тұрсынжанқызы әкесі мен күйеуіне сұрау салып Қазақстан сыртқы істер министрлігіне арыз жазған. Бірақ Қытайдан шыға алмай отырған жақындары туралы ресми орындардан әзірше ешқандай жауап алмаған.

АСТАНА ҚЫТАЙДАҒЫ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРҒА МОЙЫН БҰРДЫ

Бұған дейін, мамырдың 29-ы күні Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан делегациясының сәуірде Қытайға сапары кезінде сол елде ұсталған 12 қазақстандықтың мәселесі қозғалғаны туралы айтқан.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қытайлық әріптесі Ван Имен кездесіп отыр. Пекин, 24 сәуір 2018 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қытайлық әріптесі Ван Имен кездесіп отыр. Пекин, 24 сәуір 2018 жыл.

"Қытай тарапының түсіндіруі бойынша, олар Қытай азаматтығынан шығу процедурасын дұрыс рәсімдемеген. Келіссөз нәтижесінде тоғыз азаматымыз босатылды. Қалған үшеуі бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеген министр.

Сонымен бірге Қайрат Әбдірахманов "дәл қазір біздің 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп хабарлаған. София Тұрсынжанқызы министр айтқан қазақтардың арасында әкесі мен күйеуінің бар-жоғын біле алмай отыр.

Маусымның 3-і күні Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Қытайда "көші-қон заңын бұзғаны үшін ұсталып, кейін қос азаматтығы бары анықталған" 90 жастағы этникалық қазақ әйелі мен ұлының Қазақстанға депортацияланғаны туралы хабарлаған.

Бұған дейін сәуірдің екінші жартысында Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің Шыңжаңға жұмыс сапары туралы таратылған ресми ақпаратта "Қытайда тұратын қазақ халқын екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың "алтын көпірі" ретінде пайдалану мен қос азаматтықты реттеу мәселелері бойынша пікір алмасылғаны" жайлы ғана хабарланған. Ал жергілікті этникалық қазақтар мен кейбір Қазақстан азаматтарын жаппай ұстау науқаны туралы нақты қандай мәселе көтергені белгісіз болып қалған еді.

"ҰСТАЛҒАНДАР САНЫ 170 АДАМНАН КӨП"

Қазақстанда Қытайда ұсталған қазақтар мәселесін көтеріп жүрген тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық қозғалысының белсендісі Қыдырәлі Оразұлы министр айтқан 170 адамның тізімінде Құрмаш Ғалым жоқ дейді.

- 2017 жылғы желтоқсанда Қытайда ұсталған 162 адамның туыстарының арыз-өтініштерін Қазақстан сыртқы істер министрлігіне өткізгем. Оларда қамауға алынған әр адам туралы толымды ақпарат бар. Министрдің "170-тей этникалық қазақ" деп отырғаны осы тізім болса керек, - дейді ол.

ВИДЕО: Қытайда қамалған қазақтардың туыстарының шағымы (Алматы, 24 қазан 2017 жыл):

Қыдырәлі Оразұлы Қазақстаннан барып Қытайда ұсталғандар саны сыртқы істер министрі Әбдірахманов айтқан "170 адамнан көп", ал министр "Қытайда қалып отыр" деп хабарлаған әлгі үш азамат – Асқар Азатбек, Гүзәлнұр Жеңісқызы мен Бердібек Жеңісхан болуы мүмкін деген болжам айтады.

- Ол жақта [Қазақстаннан барып – ред.] ұсталғандардың саны 310 адамға жеткен. Бізден бөлек, өз тараптарынан да консулдық пен Сыртқы істер министрлігіне арыз өткізгендер бар. Олардың мәселесі қашан қаралатыны белгісіз. Қазір Сыртқы істер министрлігі Қытай консулдығына сілтейтін болды. Сәуір айында Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шыңжаңға сапармен барғаннан кейін біздің арызды қабылдауды қойды. Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы бөлімшесіне барғанымызда "Қытай консулдығымен келісім бар. Енді арыздарыңызды сол жаққа өткізіңіздер" деген ғана жауап алдық, - дейді ол.

Қытайда ұсталған қазақтар мәселесіне байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі өкілдігіне келген адамдар. Алматы, 25 қазан 2017 жыл.
Қытайда ұсталған қазақтар мәселесіне байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі өкілдігіне келген адамдар. Алматы, 25 қазан 2017 жыл.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігі қызметкері Нұрипа Құдайбергенова бұл сөзді жоққа шығарады.

- Иә, басында солай болғаны рас. Бірнеше адамды арыздарын өздері апарып беру үшін Қытай консулдығына жібердік. Бірақ қазір арыз-өтініштерін қайтадан қабылдап алып, Қытай консулдығына өзіміз жеткізіп беріп отырмыз, - деп жауап берді ол Азаттыққа.

Қытай қазақтарының қысым көргені туралы 2017 жылғы маусымда Астанада Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа айтқан германиялық қазақ Өмірхан Алтын "Қытай қазақтарының басындағы жағдай шетелдік баспасөзде көтеріліп, құрлықтың екінші шетіндегі Еуропарламентке дейін жеткеннен кейін ғана Астана қозғала бастады" дейді.

Қытай мемлекеттік туына құрмет көрсету шарасы. Көктоғай ауданы, Алтай аймағы, Шыңжаң, Қытай. (Көрнекі сурет.)
Қытай мемлекеттік туына құрмет көрсету шарасы. Көктоғай ауданы, Алтай аймағы, Шыңжаң, Қытай. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі "170 этникалық қазақтың мәселесіне" қатысты Азаттық сауалына жолдаған жауабында Қытайдан Қазақстандағы туыстарына келе алмай (ішінде ұсталғандары да бар) отырған 177 Қытай азаматы туралы шағым-өтініш алғанын және ондай арыздар әлі де түсіп жатқанын айтқан. Министрліктің хабарлауынша, "Қытай өз азаматтарының мәселесін ішкі заңнамасына сәйкес қарастыратынын" мәлімдеп, этникалық қазақтардың "қысым көріп жатқаны" туралы мәліметтерді растамаған.

Пекин Астанаға Шыңжаңда енгізілген қатаң тәртіпті "терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдар бойынша қабылданған жаңа ережелер негізінде Қытай азаматтары үшін заңды орындауға бағытталған шара" деп түсіндірген.

"Тараптар бұл мәселелер бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қатынастарды ескеріп, тығыз ынтымақтастық жасасу және өзара келіссөздер арқылы шешуге келісті" делінген Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Азаттыққа жауабында.

Қой айдап келе жатқан Шыңжаң қазақтары. Қытай, 21 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қой айдап келе жатқан Шыңжаң қазақтары. Қытай, 21 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Соңғы жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "саяси тәрбие орталықтарында" жүздеген этникалық қазақ пен ұйғыр күшпен оқытылып жатқан туралы шағымдарды Пекин жоққа шығарып келген. Тек былтыр қазанның 31-і күні Астанада журналистер сұрағына жауабында Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Хань Хуей Қытай коммунистік партиясының 19-съезі қарсаңында Шыңжаңда азаматтарды "қатаң қадағалау мен тексеру шаралары" жүргізілгенін мойындаған.

Қазақтар Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық өлкесінің Іле-Қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларында, Алтай, Тарбағатай аймақтарында, бұлардан басқа тағы бірнеше өңірлердегі қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында көбірек шоғырланған. Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, ол елдегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың болған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG