Accessibility links

Қордай жанжалына қатысты сотта жәбірленуші ретінде шекарашыны шақырып, атқарған қызметі үшін сөкті


Шекарашы Ерзат Карменов Қордайдағы қақтығыс жөніндегі сот отырысына жәбірленуші ретінде қатысып отыр. 17 ақпан 2021 жыл.
Шекарашы Ерзат Карменов Қордайдағы қақтығыс жөніндегі сот отырысына жәбірленуші ретінде қатысып отыр. 17 ақпан 2021 жыл.

Сәрсенбі, 17 ақпан күні Тараз қаласында Қордайдағы ұлтаралық қақтығысқа байланысты өтіп жатқан сот отырысына жәбірленуші ретінде шекара қызметкері шақырылды. Судья шекарашыға "міндетіңізді соңына дейін атқару керек еді. Сіз бәрін бос жібергенсіз" деп айып артты. Ал адвокаттар оған жәбірленуші мәртебесі берілгеніне наразылық білдірді.

2020 жылы 8 ақпанға қараған түні Жамбыл облысы, Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында ұлтаралық қақтығыс болған. Оқиға орын алған Масанчи, Бұлар Батыр, Ауқатты және Сартөбе ауылдары шекара аймағы саналады. Осы ауылдарға баратын адамдар "Қарасу" бақылау-өткізу бекетінен өтуі керек. Шекарашылар келген адамдардың құжатын тексеріп, қадағалап отырады.

Оқиға күні бекетте күзетте тұрған аға шекарашы Ерзат Карменов сотта куәлік берді.

– Күндіз Масанчи ауылында қандай-да бір жағдай болып жатқанын сырттай естідік. Кешкі [сағат] бес-алтыға қарай адамдар жиналып, өте бастады. Кейінірек машиналар да көбейді. Бір "БМВ" көлігі бекеттегі шлагбаум мен тосқауылды бұзып өтті. Жүргізушісі машинадан түсіп, тосқауылды алып, басқа машинаны өткізіп жібермекші болды. Сол кезде екеуміз ұстасып қалдық... Қол, иығымыздан, жағамыздан жармастық.... Кейін ол машинасына отырып, Масанчиға кетті. Теуіп, ұрған жоқ, жарақат алған жоқпын, – деді ол.

Адвокаттар шекарашыдан жарақат алмаса, не себепті жәбірленуші ретінде шақырылғанын сұрады.

– Мен өзімді жәбірленуші ретінде айтпадым. Оқиға болып біткеннен кейін мені тергеуге шақырып, көргенімді сұрады. Кейін жәбірленуші ретінде жазды, – деп жауап берді аға шекарашы Ерзат Карменов.

Карменовтің сөзінше, сол күні бекетте алты әскери болған, олар ешкім шабуыл жасамаған, "тек итеріп, балағаттап, дөрекі сөйлеген", ал ол алтаудың "жан-жақтан келіп жатқан адамдарды тоқтатуға шамасы келмеген".

Адвокаттардың бірі "Сіздер дер кезінде әрекет еткендеріңізде Масанчи болмаса да, Бұлар батыр, Ауқатты ауылдарындағы жағдайдың алдын алуға болар еді ғой?" деді. Шекарашы бұл пікірге жауап қатпады.

Ал судья Айдарбек Зембаев шекарашаның түсініктемесін тыңдаған соң, оны айыптай сөйледі.

– Сізге (шекараны – ред.) тапсырып қойғанбыз, ел сеніп отыр. Бірақ сіздің атқарған қызметіңіз өте төмен. Қазақта "жеген наныңды ақтап же" деген сөз бар. Міндетіңізді соңына дейін атқару керек еді. Сіз бәрін бос жібергенсіз. Сот сізге ескерту айтады", – деді судья.

Судья осыдан кейін прокурорға жүгініп, тергеу барысында шекарашылардың міндетін қаншалық дұрыс орындағаны жөнінде тексеру жүрмегенін анықтады.

Шекарашы Ерзат Карменовтан пікір алу екі жарым сағатқа созылды. Сөзінің соңында ол жәбірленуші ретінде материалдық өтемақы талап етпейтінін айтты.

Қазақ-дүнген жанжалы: Сотта 51 адам жауап беріп жатыр, 3 желтоқсан 2020 жыл.

Қазақ-дүнген жанжалы: Сотта 51 адам жауап беріп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:32 0:00

Қордайдағы қақтығыс жөніндегі сот процесі желтоқсаннан бері жалғасып келеді. Сот процесіне 51 айыпталушы, 60-қа жуық адвокат және бірқатар өзге қорғаушы қатысып отыр. Сот әзірге әрбір айыпталушы ісіне қатысты куәгерлер мен жәбірленушілердің сөзін тыңдап жатыр.

Қақтығыс кезінде 11 адам адам қаза тауып, 164 үй мен сауда орны, 100 көлік бүлінген. 342 адам жәбірленуші деп танылған. Оқиға тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі ұлтаралық қақтығыстардың бірі саналады.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG