Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласында жергілікті билік бейбіт жиын өткізу туралы ескерту хабарламасына жауап берген жоқ. Бұл биліктің акцияға қарсылығы жоғын білдіреді. Митинг 28 ақпанға белгіленген.
Акция ұйымдастырушылары Орал әкімдігіне ескерту хабарламасын 9 ақпан күні тапсырған. Осы күнге дейін жауап болған жоқ дейді хабарламаны өз атынан тапсырған Лұқпан Ахмедьяров.
– Мен [әкімшіліктен] ресми қағаз күттім. Кейін маған заңда уәкілетті орган бес күн ішінде бас тартатынын жазбаша білдірмесе, митинг рұқсат етілген саналатыны жазылғанын айтты. Күмәнданып, [ішкі саясат бөлімінің жетекшісі] Ербол Көшековке жазып, митингке рұқсат берілген деп түсінуім дұрыс па деп сұрадым. Ол "Лұқпан Сайлауұлы, бәрі дұрыс" деп жауап берді, – дейді Ахмедьяров Азаттыққа.
Ескерту хабарламасында ұйымдастырушылар акциясын 28 ақпан күні "Қазақ халқының даңқты қыздары" алаңындағы скверде өткізгісі келетінін жазған. Қатысушылар саны шамамен 500 адам болады деп отыр. Тақырыбы саяси реформаларды, саяси репрессияларды тоқтатуды және саяси тұтқындарды босатуды талап етуге арналмақ.
Орал әкімдігі Азаттыққа "жауап Лұқпанға (Ахмедияров) берілді" деді. Бірақ қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Данияр Оспан жауаптың оң-теріс болғанын айта алмады. Хатшы бұл сұрақтың жауабын ішкі істер бөлімі жетекшісінен нақтылауға уәде берді, бірақ осы ақпаратқа жарияланғанға дейін жауап болмады.
Қазақстанда биліктің митингке келісім беруі сирек жағдай саналады. Ахмедьяровтың өзі бұл келісімді Еуропарламент қарарына жауап деп санайды.
– Мұның жүйеге айналатынына күмәнім бар. Бұл – бір реттік рұқсат. Мұны кейін бейбіт жиын өткізудің дәлелі ретінде көрсете алады, – Ахмедьяров.
2020 жылы Оралда қарсылық акциясын өткізуге 20 шақты ескерту хабарламасы тапсырылған. Билік ешқайсысын мақұлдамаған. Себеп ретінде коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин шараларын келтірген. Ең кейінгі "рұқсат етілген" деген митинг 2019 жылы 8 желтоқсанда өткен.
11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуы туралы қарар қабылдаған. Онда Еуропарламент мүшелері Қазақстанда кейінгі апталарда ахуалдың күрт нашарлағанын айтып, құқықбұзушылыққа қатысы бар деген шенеуніктерге жеке санкция салуға шақырған. Депутаттар былтыр мамырда қабылданған бейбіт жиындар туралы заңды да сынап, оны адамдардың "саяси, діни және өзге де көзқарастарын білдіру" еркіндігіне кепілдік беретіндей етіп түзетуге шақырған.
ПІКІРЛЕР