Accessibility links

"Ақорданың шамына тиген құжат". Сарапшылар Еуропарламент қарары жайлы


Үкіметке наразылық акциясына шыққан азаматтарды полиция күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 1 наурыз 2020 жыл.
Үкіметке наразылық акциясына шыққан азаматтарды полиция күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 1 наурыз 2020 жыл.

Құқық қорғаушылар мен саясаттанушы Қазақстандағы азаматтық қоғамның тарылуы, адам құқықтарының бұзылуы және сайлаудағы әділетсіздікті сынаған Еуропарламент қарарын "кейінгі жылдардағы ең объективті құжат" деп санайды. Ал билік қарарды "теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған" дейді.

11 ақпанда Еуропа парламенті қабылдаған "Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі" қарарда елде адам құқықтарының жағдайы мүшкіл екені айтылады.

Еуропарламент қарарында Нұр-Сұлтан белсенділерге қысым жасайтынын, "үкіметтің саясатын сынайтын бейбіт наразылықтарды билік үнемі басып тастайтынын" сынға алған. Бұған қоса елдегі сайлаулардың әділ өтпейтінін, оппозициялық топтарды сайлаудан шеттететінін де баса айтты

Еуропарламент депутаттарды Қазақстандағы жағдайды түзеу мақсатында "адам құқықтарын бұзуға қатысы бар мемлекеттік қызметкерлерге мақсатты түрде санкция салуды" ұсынды.

Құжат қабылданған соң Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында қарарда "елдегі ахуал бұрмаланған" және "оны теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған" деп мәлімдеді. Министрлік "теріс ұстанымдағы саясаткерлердің" нақты аты-жөнін атамады.

Ал елдегі адам құқығы жағдайының нашарлап жатқанын үнемі айтып жүрген қазақстандық құқық қорғаушылар министрлік өкілінің пікірмен келіспейді.

МИНИСТРДІ АШЫҚ ДЕБАТҚА ШАҚЫРДЫ

Сыртқы істер министрлігінің өкілі Смадияров сұхбатында "Брюссельдегі еуродепутаттардың кейбір қарарларды мәселенің байыбына бармай, фактілерді дұрыстап тексермей, "автоматты түрде" қабылдай салатынын білеміз. Осы тұрғыдан бізді жаңа қарарда бір құжаттан екінші құжатқа дәстүрлі түрде көшіп жүретін "ескі жағдайлардың" көп болуы таңғалдырмайды" деді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Қазақстандағы "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина СІМ өкілінің сөзіне наразылық білдіріп, Еуропарламент қарарында айтылған жайттардың "ескі емес" екенін, әр факт бойынша дәлел барын, елде саяси себеппен қамауда отырғандар көбейіп бара жатқанын айтады.

Төреғожина 12 беттен тұратын қарарда жазылған әр жайтқа қатысты жауап беріп, дәлелдерін көрсетуге дайын екенін айтып, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні дебатқа шақырды.

"Қарардан жалған дерек таппадым". Құқық қорғаушы сыртқы істер министрін дебатқа шақырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00
Шенеуніктер мен биліктің азаматтық қоғам пікірімен санасып, оларды тыңдайтын уақыты келді. Мәселені жылы жауып қойып шешу мүмкін емес.

– Біздің шенеуніктер мен биліктің азаматтық қоғам пікірімен санасып, оларды тыңдайтын уақыты келді. Мәселені жылы жауып қойып шешу мүмкін емес. Адам құқығы мәселесі жыл өткен сайын нашарлап барады. Шынымен, елде азаматтардың мүддесін қорғайтын бірде-бір саяси партия қалған жоқ. 2013 жылдан бері бірде-бір жаңа партия тіркелмеген, ЛГБТ өкілдерінің құқығы тапталып жатыр, кәсіподақтың жағдайы мүшкіл, "Көше партиясы" белсенділері (Нұр-Сұлтан экстремистік деп таныған бұл қозғалысты Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атайды – ред.) жайлы біз де, сіздер де үнемі жазып келеміз. Түрмедегі азаптау, сол азаптаулар туралы айтып жүрген [құқық қорғаушы] Елена Семеноваға қатысты 12 істің қозғалуы өтірік пе? Бұған [министр] Тілеуберді мырза не дейді? Ал журналист Лұқпан Ахмедияровқа жасалған қысым мен Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің кәсіби қызметіне кедергі жайлы СІМ не дер екен? Бұл фактілер бар және оны Еуропарламентке барып, "сіздер ақпаратты дұрыстап тексермей, қателестіңіздер" деп сендіру арқылы емес, Қазақстанның өзі ішінде дұрыстап шешу керек, – дейді Төреғожина.

Сыртқы істер министрі Тілеуберді өзін дебатқа шақырған құқық қорғаушыға жауап берген жоқ.

"ОБЪЕКТИВТІ ҚҰЖАТ"

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис "бұл – Еуропарламенттің Қазақстан бойынша қабылдаған ең үлкен әрі наразылыққа толы қаулысы" деп санайды.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Еуропарламент бұған дейін Қазақстан мен Орталық Азия бойынша қарарлар қабылдап, тыңдаулар өткізген. Ескі қарарларда демократияны дамыту және адам құқығы бойынша мәселелер жалпылама айтылған еді. Ал бұл жолы бір қарарда әр мәселеге терең тоқталып, қаншама адамның аты-жөні аталды және билікке нақты талаптар қойылған. Тоқаев билікке келгенде елдегі айтарлықтай саяси либерализация жасалады, жақсы өзгерістер болады деген уәделер айтты. Ақыр аяғында халықаралық стандарттарға сай келмейтін бейбіт жиындар туралы заң пайда болды, оппозициясыз өткен сайлау, бейбіт наразылыққа шыққандарды жаппай ұстап, экстремизмге қарсы баптармен жаппай іс қозғалып, оны билікке қарсыларға қолданып жатқанын көріп отырмыз, – дейді Жовтис.

Қазақстанның онсыз да демократия, сөз бостандығы жөніндегі рейтингі өте төмен екенін атап өткен саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт "қарар Ақорда мен жалпы сол режимнің топ менеджментінің көңіл-күйіне кері әсер ететін құжат" деп есептейді.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

– [Қарар] билікке қолайсыздық тудырады. СІМ-нің реакциясы – [құжат] биліктің шамына тиді деген сөз. Қарар – билікке берілген белгі. Елдегі саяси репрессия, мысалы сайлаудан кейін төрт мың адам қамалу дегеніңіз Қазақстан тарихында болған жоқ. Бұл – 2019 жылдан бергі жағдай. Осының барлығын ескере отырып, Ақордаға берген белгі. Бұл – елдегі ғана емес, Еуропадағы құқық қорғаумен айналысып жүрген азаматтардың еңбегі, – дейді АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің стратегиялық коммуникация магистратурасын тәмамдаған саясаттанушы.

Қазақстандағы Liberty адам құқығы қорының президенті Ғалым Ағелеуов "елдегі азаптаулардан бастап, бір жыл бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің қазасына дейінгі істерді қамтыған бұл қарар Қазақстандағы шынайы жағдайды сипаттайтын "объективті құжат" деп санайды.

– Билікке бұл ұнамайтыны анық, бірақ шынайы жағдай – осы. Сондықтан оны мойындап, жағдайды түзеу қажет. Еуропарламенттің бұл қарары – тиісті жұмыс жүргізілмей, істі насырға шаптырғанның белгісі, – дейді құқық қорғаушы.

"САНКЦИЯ БОЛУЫ МҮМКІН"

Еуропарламент жиынында польшалық депутат Эва Божена Копач "адам құқықтарын бұзуға қатысы бар мемлекеттік қызметкерлерге мақсатты түрде санкция салуды ойластыруға" үндеді. Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис бұл қарардан соң белгілі бір адамдарға санкция салынуы мүмкін дейді.

– Әрине, Еуропарламент депутаттары қарарының заңды күші жоқ, тек ұсыныс, кеңес қана. Бірақ оның айтарлықтай саяси күші бар. Халықаралық саясатта Еуропарламент қарары – мемлекет беделі мен оған деген Еуропарламентте өкілдері отырған барлық Еуропа елдерінің саяси көзқарасы. Сондықтан оны елемеуге болмайды. Әрине, айтқан ескертулерді орындамасаң НАТО әскері келіп, мәселені шешпейді. Дегенмен бұл мемлекеттің беделі мен оған деген көзқарас екенін ұмытпаған жөн, – дейді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов Қазақстандағы жағдайды санкциясыз түзеу қиын екенін айтады.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

– Жаңаөзен оқиғасынан (2011 жылғы желтоқсанда ереуілде тұрған мұнайшыларға полиция жаппай оқ атып, ресми дерек бойынша, 17 адам мерт болған – ред.) бастап, саяси белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдерін қудалау мен азаптауға қатысты істердің қаралмауы туралы барлық материал еуродепутаттардың қолына жетсе санкция салуы мүмкін. Онсыз [Қазақстанда] жақсы нәтиже болмайды. Өкінішке қарай біздің билік жағдайды санкциясыз түзеуге болатынын түсінгісі келмейді, – дейді құқық қорғаушы.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Қазақстан осы қарарда сөз болған фактілерді түзеуге көшкені абзал деген пікірде.

– СІМ бізде саяси репрессия жоқ деп мәлімдеді, шынымен саяси репрессияны тоқтатқысы келсе, саяси тұтқындарды босату керек. Сөз бостандығы мәселесіне келсек, әлеуметтік желідегі посты үшін айыппұл арқалағандар бар, бейбіт жиынға шыққандарға іс қозғалып, әкімшілік қамауға алынғандар бар. Бұған қоса, тіркеле алмай жүрген саяси партиялар бар, шешімін қажет ететін мәселе көп. Бұл әрине, бір ғана қарармен шешілмейтін мәселе, бірақ Қазақстанның жағдайында мұндай халықаралық қысым керек, – дейді ол.

АҚШ билігі Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов пен Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға Магнитский актісі негізінде санкция салғанын атап өткен сарапшы Нұрсейіт "бұл тізімге Қазақстаннан да бір-екі адам енсе – нәтижесі күштірек болар еді" дейді.

Вашингтон әдетте Магнитский актісі бойынша адам құқықтарын бұзған және коррупцияға қатысы бар адамдарға санкция салады.

Қазақстан депутаттары Еуропарламенттің сынына не дейді?

"Еуропада отырып алып тон пішетіндердің пікірі". Депутаттар Еуропарламенттің сынына не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:36 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG