Accessibility links

Ресейде Covid-19 вирусына қарсы отандық үшінші вакцинаны тіркеді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейде Covid-19 коронавирусына қарсы отандық үшінші вакцина тіркелді. "КовиВак" деп аталатын вакцинаны Чумаков атындағы ғылым орталығы жасап шығарған. Бұл препарат «өлі» вирустың негізінде жасалған, оның коронавирусқа қарсы тиімділігі жайлы ақпарат жоқ. Сынақтың үшінші кезеңімен бір мезгілде жаппай егу басталады деген жоспар бар.

"КовиВак" адам ағзасына коронавирустың жаңа түрінің «өлі» қалдығын енгізіп, иммундық реакция туғызады. Бұл вакцина жұмысының классикалық схемасы саналады, қазір Қытай мен Үндістан да осындай препараттар жасап шығарып, қолданып жатыр.

Жаңа вакцинаны әзірлегендер оның коронавирусқа қарсы тиімділігі туралы әлі есеп берген жоқ. Оны өндіру үшін биологиялық қорғаныш деңгейі жоғары зертханалар қажет.

Чумаков ғылым орталығы өкілдері наурыздың ортасына қарай аптасына 400 мың дозаға дейін шығаруды жоспарлап отыр. Бұған дейін Ресей премьер-министрінің орынбасары Татьяна Голикова "КовиВак" вакцинасын егу наурыздың соңында басталады деп хабарлаған. Наурызда вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі басталмақ. Дәріні жасап шығарған ұйым сынақ қорытындысын жыл біткенше ұсынуы тиіс.

"КовиВак" вакцинасына дейін Ресейде Гамалеи атындағы орталық жасап шығарған "Спутник V" және "Вектор" орталығы әзірлеген "ЭпиВакКорона" вакциналары тіркелген. "Спутник V" вакцинасын жаппай өндіріске жіберді. Оны шығарғандар коронавирусқа қарсы тиімділігін 91,6 пайыз деп бағалаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG