Accessibility links

Мәскеу соты Навальныйға "жала жабу" ісі бойынша 850 мың рубль айыппұл салды


Алексей Навальный сот залында.
Алексей Навальный сот залында.

20 ақпан күні Мәскеу соты соғыс ардагері Игнат Артеменкоға жала жабу ісі бойынша Кремль сыншысы Алексей Навальныйға 850 мың рубль (шамамен 4,8 миллион теңге) айыппұл салды.

Былтыр жазда билікшік Russia Today телеарнасы Ресей конституциясын өзгертуді қолдайтын ролик жариялап, онда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Игнат Артеменконың сөзі берілген. Оппозициялық саясаткер осы роликті сынай отырып, оған түскен адамдарды "парақор малайлар мен сатқындар" деп атаған. Билік саясаткердің сөзін соғыс ардагеріне жала жабу деп бағалап, іс қозғаған.

Судья Вера Акимова аяқталған тыңдалымдардың материалдарын Мәскеу тергеу комитетіне жолдау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, тергеу комитеті Навальныйдың сот процесі кезіндегі "қорлау сөздерін" тексеруі тиіс.

Сол күні Мәскеу қалалық соты Симонов аудандық сотының Навальныйдың 2014 жылғы ісі бойынша кесілген шартты жазасын түрме жазасына ауыстыру туралы шешімін күшінде қалдырды. Бұл туралы Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшісі хабарлады.

Мәскеу қалалық соты Навальныйдың үйқамақта өткізген уақытын, "Матросская тишина" тергеу абақтысында өткізген бір айын ескеріп, оппозиционердің мерзімін 2 жыл 5 айға дейін қысқартты.

2014 жылы сот Алексей Навальныйға алаяқтық жасаған деген айыппен 3,5 жылға шартты жаза кесіп, бес жылға сынақ мерзімін (кейін оны тағы бір жылға ұзартқан) тағайындаған. 2021 жылғы ақпанда сот Ресей федералдық жазаны атқару қызметінің сұрауы бойынша Навальныйдың шартты жазасын қамау жазасына ауыстыруды ұйғарған. Федералдық қызмет саясаткердің жазаны өтеу шартын бұзып, бой жасырғанын айтады. Алексей Навальный 2020 жылғы 20 тамызда Томскіден Мәскеу бара жатқан ұшақтың бортында есінен танып, алдымен Омбы ауруханасына, кейін Германиядағы "Шарите" клиникасына жеткізілген. Саясаткер қыркүйектің басында комадан шығып, есін жиды, одан кейін бірнеше айда Германияда жүріп сауықтыру емін қабылдады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG