Accessibility links

"Нұр Отанға" жиналған көп балалы әйелдер әр балаға 42 500 теңгеден жәрдемақы беру қажеттігін айтты


"Әр балаға 42500 теңге берсін". Нұр-Сұлтанда көп балалы әйелдер тағы наразылық білдірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

22 ақпанда Нұр-Сұлтанда 50-60 шақты әйел баспана мәселесін көтеріп, "Нұр Отан" партиясының бас кеңсесіне жиналды. Наразы әйелдер баспанадан бөлек, әрбір балаға 42 500 теңгеден жәрдемақы төлеуді және өткір мәселе көтерген әйелдерді қудаламауды талап етті.

– Кеше ғана қайғылы оқиға қайталанды. Біз Жамбыл жақта биліктің балаларын үйде қалдырып кеткен әйелді кінәлап жатқанын естідік. Бұл дұрыс емес. Бала өлімі көбейіп жатыр. Бұл үкіметке берілген ескерту. Билік түсінер емес. Әрбір балаға 10 мың теңгеден береді. Ол ешнәрсеге жетпейді... Әр балаға 42 500 теңгеден берсін. Сонда ана көшеге шықпайды. Мен де балаларымды сыртынан жауып, тастап кеттім. Міне, табанымызды тоздырып жүріп, балаларымыздан айырылып қалып жатырмыз, – дейді 8 баланың анасы Жұмағыз Көкешова.

"Нұр Отанға" келгендер жәрдемақының мардымсыздығын, әлеуметтік көмектің аздығын айтты. Қымбатшылыққа шағымданды.

– Осы "Нұр Отан" сайланар алдында халықтың жағдайын жасаймыз деп уәде берді. Жаңа жылдан кейін "жәрдемақыны көтердік" дейді. Сондағы қосқаны – 1,5-2 мың теңге ғана. Сол ақшаға 1,5-2 литр су май аламыз. Ол бірнеше күнге ғана жетеді. Қант, ұн, макарон қымбаттап кетті. Ұнның 25 килосы – 7 мың теңге. 23 теңге "артық алғаны" үшін атаулы әлеуметтік көмектен қағылып жүргендер бар. Біздің талабымыз – бізге атаулы әлеуметтік көмек те керек жоқ, бізге бірінші кезекте баспана жағдайын жасасын. Екіншіден, бала санына қарамай әрбір балаға 42 500 теңгеден берсін. Осыдан екі жыл бұрын бір үйдің бес сәбиі қаза болды. Дәл сондай оқиға кеше Жаңатас қаласында болды. Ертеңгі күні біздің балаларымыздың басынан осындай жағдай өтпесіне кім кепіл бола алады? – деді наразылардың бірі Асыл Ошақбаева.

Әйелдер "Нұр Отан" ғимаратының ішінде "Депутаттар шықсын!", "Баспана!" деп айқайлады. "Нұр Отан" өкілдері бастапқыда оларды залға кіруге шақырды. Бірақ ол жаққа ақпарат құралдары кіргізілмегендіктен әйелдер залға кіруден бас тартты.

Наразылық кезінде екі баланың анасы Айнұр Өмірзақова астаналық белсенділердің бірі Феруза Ордабековамен бірге министрліктер үйіне келе жатқанда полицияның оларды жолдан тоқтатып, Ордабекованы ұстап алып кеткенін, әлі күнге дейін онымен хабарласа алмай отырғанын айтты. Ол әйелдердің белсендіні босатып, өткір мәселе көтерген наразыларды қудаламауды да талап етіп отырғанын жеткізді.

– Менің пікірімше, оларға шындық айтып жатқанымыз ұнамайды. Біз қандай сатыға түсіп кеткенімізді, балалардың жайдан жай өліп жатпағанын, экономиканың құлдырап кеткенін айтып отырмыз. Соны билік мойындамай отыр. Осыған дейін қаншама адам қамалды, – деді Айнұр Өмірзақова.

Азаттық тілшісі бұған байланысты полициядан жауап алуға тырысып жатыр.

Түс кезінде наразы әйелдердің алдына партияның қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Кәрібек шықты.

–Кенесары көшесінде қоғамдық қабылдау бар. Сол жаққа барып, осы сұрақтардың барлығын айғай–шусыз жазып қалдырыңыздар. Біздің құзыретіміз жететін мәселені сол жерде шешеміз, – деді партия өкілі.

Бірақ әйелдер "жазбаша жауаптан пайда жоғын", бұған дейін "жазған шағымдарына жауап келмегенін" айтып, ашуланды.

Қазақстанда көп балалы әйелдер наразылығы 2019 жылы ақпан айында бес сәбидің қазасынан кейін күшейген. Сол жылы көктемде билік көп балалы аналарға 21 мың теңгелік жәрдемақы тағайындаған.

Бірақ біраз уақыт өткен соң билік "елде үкіметке қол жаятындар" көбейіп кеткенін, "масылдық артып бара жатқанын" айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек төлеу шартын өзгертіп, парламент пен президент оны қолдаған.

Қазір мемлекет төрт балаға - 42 496 теңге, бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге жәрдем береді.

Көп балалы әйелдер үкіметтен әр балаға 21 мың теңге төлеу әдісін қайтаруды бірнеше рет талап еткенімен, билік бұған құлақ аспай келеді.

Көп балалы аналар екі жылдан бері билікке талап айтып келеді. Олар бірнеше рет ел астанасындағы президент резиденциясы Ақордаға бармақ болғанда жолын арнайы жасақ бөгеген. Наразы әйелдер былтыр министрлер үйінің алдына түнеп, оларды полиция күштеп әкеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG