Accessibility links

Алматы облысы: Белсендінің сотына қатыса алмаған жақтастары ғимарат ішінде наразылық білдірді


Қанат Жақыповты қолдап келген жақтастары процеске кіре алмаған соң ғимарат ішінде "Жақыповқа бостандық!" деп айқайлады. Алматы облысы, 23 ақпан 2021 жыл.
Қанат Жақыповты қолдап келген жақтастары процеске кіре алмаған соң ғимарат ішінде "Жақыповқа бостандық!" деп айқайлады. Алматы облысы, 23 ақпан 2021 жыл.

23 ақпанда Алматы облысының Іле аудандық сотында "тыйым салынған ұйымның ісіне қатысы бар" (405-бап; нақты жағдайда елде тыйым салынған "Көше партиясы" туралы болып отыр) деп айыпталған азаматтық белсенді Қанат Жақыповтың соты басталды.

Жақыповты қолдауға оннан аса белсенді келді. Алайда карантинге қатысты сот залына кіргізілмеді. Істі жүргізген судья Күлмира Амалбекова журналистерді сот залына кіргізгенімен, он минуттан кейін "процесті онлайн бақылауға болатынын" айтып, залдан шығарып жіберді.

Бұдан соң ашық процеске кіре алмаған оннан аса белсенді соттың "заңсыз әрекетіне" наразы болып, Жақыповқа "Бостандық!" деп айқайлап, ғимарат ішінде тұрып алды.

Наразыларға шыққан Іле аудандық сотының төрағасы Ертарғын Сәдуақасов келесі жолы бақылауға келгендер сотты онлайн, монитор арқылы бақылай алатындай мүмкіндік жасауға уәде берді.

Сот процесі бұған дейін екі рет шегерілген еді. Белсендінің сөзіне қарағанда, оған "прокуратураның куәгерді әкелмеуі себеп болған".

Белсенді Қанат Жақыпов (оң жақта) және адвокаты Ғалым Нұрпейісов. Алматы облысы, 23 ақпан 2021 жыл.
Белсенді Қанат Жақыпов (оң жақта) және адвокаты Ғалым Нұрпейісов. Алматы облысы, 23 ақпан 2021 жыл.

- Менің ісімде белгісіз куәгер бар. Ол Фейсбукте мені бақылап, скриншоттар жасап отырған екен. Міне, сол адамның арызы негізінде менің үстімнен қылмыстық іс қозғалды. Мен өз айыбымды жартылай мойындаймын. Иә, мен "Көше партиясының" бастауында болғанымды мойындаймын. Саяси өзгерістер бейбіт жолмен болғанын қалаймын. Сондықтан біз достарымызбен "Көше партиясы" қозғалысын азаматтық қоғамды саяси процестерге араластыру мақсатында құрдық. Мамыр айының 19-ына дейін яғни, бұл қозғалысқа тыйым салынбағанға дейін оның белсендісі болғаным рас. Алайда 19 мамырда тыйым салынғанда мен бұл істі тоқтатып, тек азаматтардың демократиялық құндылықтарды танып-білуін насихаттадым, - деді Қанат Жақыпов.

Келесі сот отырысы наурыздың 3-іне белгіленді.

"Көше партиясын" Нұр-Сұлтан соты 2020 жылы мамыр айында "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент бұған дейін оны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп таныған.

Қазақстанда бұған дейін де көптеген адам "Көше партиясына" қатысы бар деп айыпталып, сотталған.

Қазақстандағы адам құқығы жайлы резолюциясында Еуропарламент депутаттары Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG