Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерді сатуға және жалға беруге заң түрінде тыйым салуды тапсырды.
Тоқаев бұл мәлімдемені жер сатуға қойылған мораторий мерзімі аяқталар тұста, қоғамда жер сатпау туралы лозунгтар жиі көтеріліп жатқан кезде жасады.
- Жер мәселесі маңызды. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп айттым. Бұған қатысты қауесеттерді тоқтату керек. Сондықтан мен нақты мынадай шешім қабылдадым, біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылық жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатыс бар. Мен мұны жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент әкімшілігі бұл мәселеге қатысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек. Екіншіден, бір ай ішінде жер реформасы жөніндегі комиссия құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын, - деді Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.
2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасы халық жаппай наразы болған соң билік бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.
Жерді шетелдіктерге жалға бермеу туралы талап елдегі түрлі оппозициялық күштер өткізейін деп отырған 28 ақпанға белгіленген митингіде де көтерілетіні хабарланған.
Қазақстан территориясының 37 пайызын (100 миллион гектардан астам) ауыл шаруашылық жерлері құрайды. Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ кейбір белсенділер елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату тәжірибесін енгізу қауіпті деп санайды.
ПІКІРЛЕР