Accessibility links

Си Цзиньпин Қытайдың кедейлікті толық еңсергенін айтты


Қытай коммунистік партиясы басшыларының суреті маңынан өтіп бара жатқан адамдар.
Қытай коммунистік партиясы басшыларының суреті маңынан өтіп бара жатқан адамдар.

ҚХР басшысы Си Цзиньпин Қытайдың кедейлікті "толық еңсергенін" айтты. Оның сөзінен үзіндіні мемлекеттік Синьхуа агенттігі келтірді.

"Кедейлікті жою деген күрделі міндет орындалды, кедейшілік мәселесі толық шешілді, аймақ деңгейінде кедейліктен арылдық" деді ол кедейлікпен күрес жөніндегі ұлттық конференция кезінде.

Оның айтуынша, "партия мен халықтың бірігіп, күш салуының арқасында" 98,9 млн ауыл тұрғыны мен 128 мың ауыл кедейліктен құтылған. 2012 жылдың соңынан бері 9,6 млн адам жағдайы нашар аудандардан басқа жаққа көшірілген.

"Кедейліктен құтылдық, тағы бір тарихи ғажайыпқа қол жеткіздік! Бұл қытай халқы, Қытай коммунистік партиясы мен қытай ұлтының ұлы даңқы" деді Си Цзиньпин елдің мұндай жетістікке Қытай компартиясының құрылғанына 100 жыл толайын деген шақта (23 шілде) қол жеткізіп отырғанын атап өтті.

Бұған қоса, ол Қытай кедейлікті жаппай азайтудың "қытайлық моделін" қалыптастырып, "әлемде кедейлікпен күрес саласына елеулі үлес қосты" деді.

Былтыр 3 желтоқсанда Си Цзиньпин Қытайдың кедейлікті еңсергенін хабарлап, оны "кедейлікті жоюға бағытталған адамзат тарихындағы ең үлкен әрі белсенді кампания" деп атаған. Жақын арада елдің кедейлікті толық жеңетінін айтқан.

"1,4 млрд тұрғыны бар мемлекетте орташа ауқатты қоғам пайда болады. Бұл дегеніңіз Қытай 2030 жылға дейін БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатының бірінші пунктін 10 жылға ерте жүзеге асыра алатынын көрсетеді" деп жазды "Жэньминь жибао" басылымы былтыр маусым айында.

Ресей мен Қытай арасында құрылған достық, бейбітшілік және даму комитетінің сарапшылар кеңесінің төрағасы, шығыстанушы Юрий Тавровскийдің мәліметі бойынша, 1978 жылы Қытай тұрғындарының 95 пайызы кедейшілікте өмір сүрген. 2012 жылы олардың саны 99 миллион болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG