Қазақстанда тағы 855 адамның коронавирус тесті оң шыққан, 51 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Өткен тәулікте 13 адам өлімі тіркелген: 12 адам - коронавирустан, 1 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған деп айтылады. Денсаулық сақтау министрлігінің 26 ақпан күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.
Бейсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласында ПТР тесті оң көрсеткен 135 адам тіркелген. Бұл бір тәулік ішінде республика бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Алматыда - 110, Павлодар облысында - 78, Батыс Қазақстан облысында - 75, Ақмола облысында - 74, Алматы облысында - 72, Қостанай облысында - 65, Шығыс Қазақстан облысында - 64, Қарағандыда - 54, Солтүстік Қазақстан облысында - 38, Атырау облысында - 28, Жамбыл облысында - 21, Ақтөбе облысында - 16, Шымкентте - 12, Қызылорда облысында - 8, Түркістан облысында - 3, Маңғыстау облысында 2 науқас анықталған.
2020 жылдың наурыз айынан бері елде 211 212 адамның коронавирус тесті оң шыққан, 2 733 адам қайтыс болған. Бұл мәліметке коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. Коронавирус тест емес, клиникалық белгілері бойынша анықталатын пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққандарды денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың 1 тамызынан бері бөлек есептей бастаған. Содан бері 49 172 адамнан коронавирус пневмония анықталған, 620 адам қайтыс болған.
Көптеген сарапшылар Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар ресми деректе көрсетілгеннен әлдеқайда көп деп есептейді.
ПІКІРЛЕР