Accessibility links

"Митингіге шықсаң, қамаласың". Атырау прокуратурасы белсенді Макс Боқаевқа ескерту жасады


Түрмеден шыққан соң Исатай-Махамбет алаңына барған белсенді Макс Боқаев Қазақстанға жаңа Конституция қабылдау қажетін айтты. Атырау, 4 ақпан 2021 жыл.
Түрмеден шыққан соң Исатай-Махамбет алаңына барған белсенді Макс Боқаев Қазақстанға жаңа Конституция қабылдау қажетін айтты. Атырау, 4 ақпан 2021 жыл.

26 ақпанда Атырау қалалық прокуратурасы азаматтық белсенді Макс Боқаевты прокуратураға шақырып, "Заңды түсіндіру" қағазын тапсырды. Прокуратура өкілдері онда белсендіге бұған дейін өзі хабарлаған күндері (28 ақпан - 28 наурыз) рұқсат етілмеген митингіге шықса, 25 тәулікке қамалатынын ескерткен.

Макс Боқаевқа заңды прокурор Аршат Тайтуллин "түсіндірген". Боқаевтың өзі ешқандай сұрақ қоймаған.

Прокурор тапсырған қағазда әлеуметтік желіге жасалған мониторинг барысында оппозициялық белсенді Жанболат Мамайдың Facebook-тегі жеке парақшасында жарияланған видеода Макс Боқаевтың 28 ақпан - 28 наурыз аралығында адамдарды митингіге шақырып және өзінің де қатысуға уәде бергені анықталғаны жазылған. Прокуратура өкілдері оған 22 қаңтарда әкімшілік қадағалау тағайындалғанын еске салып, оған "қоғамдық жұмыстармен айналысуына, ереуілдер мен митингілерге, бейбіт жиналыстарға қатысуына тыйым салынғанын" ескерткен. "Заңсыз акцияларға қатысқан жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 488-бабы бойынша 25 тәулікке дейін қамалуы мүмкін екенін" жеткізген.

- Маған басқа сұрақ қоймады. Мен Конституциямен, халықаралық заңдармен белгіленген пактіге сүйеніп, "өз құқықтарымды іске асыруды әрі қарай жалғастырамын, cөз бостандығы, бейбіт жиналыстар өткізу құқығы Конституциямен берілген" деп айтып кетіп қалдым. Бәрі де бұрынғыдай, өзгерген ештеме жоқ, - деді Боқаев Азаттыққа.

Макс Боқаев - 2016 жылғы Жер митингілерінен кейін 5 жылға сотталып, биылғы ақпанның 4-інде бостандыққа шыққан. Оған құзырлы орындар екі әкімшілік шектеу қойып, митингілерге қатысуға, БАҚ өкілдерімен сөйлесуге, тұрған жерін тастап кетуге тыйым салған.

Бұған дейін Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдері Макс Боқаевтың үйіне барып, ДАТ газетіне берген сұхбаты үшін түсініктеме алып, оның айтқандарын видеоға жазып алған. Ал 23 ақпанда оны қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне шақырып "профилактикалық әңгіме" жүргізген.

2021 жылдың 4 ақпанында бостандыққа шыққан Макс Боқаев Атыраудағы (митинг өткен жер) Исатай-Махамбет алаңына барған. Ол 28 ақпан мен 28 наурыз аралығында алаңға барып, Қазақстан Конституциясын өзгертуді, билікті "ұлттық диалог" құруға шақыратынын мәлімдеген еді. Кейінірек елдегі бірқатар оппозициялық күштер жақтастарын 28 ақпанда митингіге шақырған.

Митинг қарсаңында Қазақстанның бірнеше қаласында полицияның белсенділерді бөлімшеге шақырып, ескерту жасағаны, кейбірінің ұсталғаны жайлы ақпараттар көптеп шыға бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG