Accessibility links

Бас прокуратура оппозиция митингісі қарсаңында ескерту жасады


Бас прокуратура ғимараты
Бас прокуратура ғимараты

Оппозициялық ұйымдардың 28 ақпанға жоспарланған митингілері қарсаңында бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев шараны заңсыз деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға шақырды.

Дембаев мәлімдемесінде "әлеуметтік желіде жекелеген адамдар елдің әр аймағында заңсыз митингіге шақырып жатыр" деді. Ол митингіге шақырғандардың кім екенін нақты атамады.

Дембаев 2020 жылы 25 мамырда Қазақстанда "Бейбіт митинг туралы" жаңа заң қабылданғанын, бұл заңға сай ұйымдастырушылар жергілікті әкімдікке алдын ала ескертуі тиіс екенін айтады. Бұдан бөлек, ол елдегі коронавирус жағдайы бұқаралық шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік бермейтінін алға тартты.

Қазақстанның әр аймағында белсенділер 28 ақпанда митинг өткізу мақсатымен әкімдіктерге өтініш берген. Бірақ Оралдан басқа қалаларда жергілікті билік белсенділерге митинг өткізуге рұқсат етпеді. Әкімдіктер елдегі эпидемиологиялық жағдайды себеп қылған.

Бас прокурордың орынбасары Дембаев 28 ақпанда өтетін митингіге қатысатындар заңға сай жауапқа тартылатынын айтып, ескерту жасады.

Бұдан бөлек, Алматы қаласы әкімдігі оппозициялық топтар митинг орны деп белгілеген жерлердегі аялдамаларда 28 ақпанда жөндеу жұмыстары болатынын, сол маңдарда қоғамдық көліктер жүрмейтінін жариялады.

  • 2016 жылы Жер митингісінен кейін бес жылға сотталып, 4 ақпанда қамаудан шыққан белсенді Макс Боқаев 28 ақпанда Конституцияны өзгертуді талап етіп, митингіге шығатынын айтқан. Осыдан соң Қазақстандағы басқа да оппозициялық топтар мен белсенділер 28 ақпанда наразылыққа шығатынын жариялаған.
  • Шетелде қашып кеткен экс-банкир, оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов пен "Демпартия" құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай жұртты 28 ақпанға билікке талап айтатын митингіге шақырған.
  • Қазақстан билігі ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
  • Екі топ биліктен саяси тұтқындарды босатуды, баспана мәселесін шешуді, Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылдаған қарарындағы талаптарды орындауды талап етпек.
  • Билік митинг алдында белсенділерге ескерту жасап, кейбірін бірнеше тәулікке қамап тастады. Полиция Макс Боқаевқа да ескерту жасады.
  • Қазақстандағы бейбіт митинг туралы жаңа заң бойынша, жұрт қандай да бір наразылық жиынын өткізуі үшін әкімдікке ескертуі тиіс. Бірақ жергілікті әкімдіктер көбіне түрлі себеппен митингіге рұқсат бермейді. Ал билік рұқсат етпеген митингіге қатысушыларды полиция күштеп ұстап, жазаға тартады.
  • Еуропарламент ақпанда Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылдаған қарарында "Нұр-Сұлтан бейбіт митингіге шыққандарды қудалап, қысым жасайтынын" сынаған. Билік қарарды "теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған" дегенімен, "теріс ұстанымдағы саясаткерлердің" атын атамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG