Accessibility links

Түркіменстанда бөгелген қазақтар атамекенге поезбен аттанды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Covid-19 ахуалына байланысты Түркіменстан аумағында бөгелген қазақтар 26 ақпан күні пойызбен Қазақстанға аттанды деп хабарлайды turkmen.news.

Бұл ақпаратты Азаттыққа Түркіменстаннан келетін жақын-жуығын күтіп отырған Қазақстанның Маңғыстау облысы тұрғындары растады. Азаттық бұған дейін пандемия кезінде Түркіменстаннан шыға алмай қалған қазақтар туралы жазған.

– Кеше туыстарымыз [Түркіменстаннан] телефон шалып, келеміз деп хабарлады. Барлығы 200-ге жуық оралман. Олар бірнеше лек болып келетінін айтты, – деді Азаттыққа маңғыстаулық Райхан Сұлтанқызы.

Азаттық дерек көздерінің хабарлауынша, Түркіменстаннан келген жолаушылар, жоспар бойынша, екі апта карантинде болады. Олар Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен немесе Ақтау қалаларына келеді деген ақпарат бар.

turkmen.news сайтының дерегінше, 161 жолаушы (үйіне қайтып келе жатқан Қазақстан азаматтары және қоныс аударушы мәртебесі бар Түркіменстан азаматтары) Балкан уәлаятындағы Сердар қаласынан Болашақ станциясына дейін түркімен пойызымен жетеді. Сол жерден олар Маңғыстау станциясынан шығатын екі плацкарт, бір купе және бір жүк вагоны тіркелген пойызға отырып, бес жарым сағатқа жуық жол жүреді деп хабарланды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ел азаматтары мен Түркіменстаннан қоныс аударған қазақтар діттеген жерге келіп жеткен соң ақпарат беруге уәде етті.

Азаттық бұған дейін Түркіменстаннан атамекенге қоныс аударғысы келетін жүзден астам қазақ отбасының былтыр пандемияға байланысты шекара жабылған соң Түркіменстан аумағынан шыға алмай отырғанын хабарлаған. Олардың көбі үйін сатып, Түркіменстаннан тіркеуден шығып кеткендіктен қаржысы таусылып, қиын жағдайда қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG