Accessibility links

"Не Қазақстанда, не Түркіменстанда жоқпыз". Этникалық қазақтар атамекенге жете алмай отыр


1990 жылдары Түркіменстанда жүз мыңнан астам қазақ тұрған. Қазақстан билігінің 2008 жылғы мәліметі бойынша, бұл елде 20 мыңға жуық қазақ болған.

Түркіменстаннан Қазақстанға көшкісі келетін жүзден астам этникалық қазақ отбасы жеті айдан бері атамекенге жете алмай, әрі-сәрі күйде отыр. Олардың көбі қыстың соңы, көктемнің басында үйін сатып, Түркіменстандағы тіркеуден шыққан. Бірақ пандемияға байланысты шекара жабылған соң сол елде қалуға мәжбүр болған.

"ЕШКІМГЕ КЕРЕГІМІЗ ЖОҚ". ТҮРКІМЕНСТАНДА ҚАЛҒАН ҚАЗАҚТАРДЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Шарасыздық. Зухра (кейіпкердің өтініші бойынша кейіпкердің есімі өзгертілді. – ред.) қазіргі жағдайын дәл осылай сипаттайды. Түркіменстанда туып, сонда өмір сүріп келген этникалық қазақ отбасы күтпеген жерден қиын жағдайға тап болған.

Биыл қаңтарда Зухраның отбасы атамекенге көшуге бел буған. Ол кезде Қытайдың Ухань қаласынан тараған жаңа вирустың ғаламдық пандемия мен ірі дағдарысқа әкеп соғатынын, әуе қатынасы тоқтап, шекара жабылатынын ешкім білген жоқ. Жыл басында Зухра Қазақстанда тұратын ағасынан шақырту алып, отбасымен бірге Түркіменстанның миграциялық қызметіне құжат өткізіп, елден көшуге рұқсат алған.

Осыдан кейін Түркіменстанда оларды тіркеуден шығарған (Зухра жабық әрі билікке қарсы сынды көтере алмайтын Түркіменстан режимінің қудалауынан қорқып, өзі тұратын уәлаяттың атын жазбауды сұрады). Сатылымға қойған үйі де көп ұзамай өтіп кеткен. Зухра көшуге дайындалып, тарихи Отаны мен бірнеше жыл бұрын Қазақстанға көшіп кеткен ағасымен қауышатын күнді тағатсыздана күтіп жүрген. Бірақ пандемия кесірінен көрші елдер арасындағы көлік қатынасы тоқтап, бүкіл жоспары бұзылған.

Зухра балаларымен бірге сегіз айдан бері жалдамалы пәтерде тұрады. Олар осыған дейін жинаған қаржысына күнелтіп отыр. Тіркеуден шығып кеткен соң, заңды жұмысқа тұрып, табыс табуға да мүмкіндік жоқ.

– Бұл жерден не көлікпен, не ұшақпен кете алмай отырмыз. Тұрғылықты мекенжайың мен баспанаң болмаса қиын, үнемі қолайсыз жағдайда өмір сүруге тура келеді. Осы күнге дейін жиған-терген ақшамызды тамаққа жұмсап отырмыз. Ақшамыз таусылып барады. Қазақстанға көшкенде жұмсармыз деп жинаған қаржымыз бітейін деді. Кей отбасының азық-түлік пен жол шығынына да ақшасы жоқ, – дейді жүзден астам этникалық қазақ отбасының жағдайын баяндаған Зухра.

Зухраның айтуынша, Түркіменстаннан көше алмай отырған 400-ге жуық адам қазақстандық дипломаттардан көмек сұраған, бірақ бұдан еш нәтиже шықпаған.

Бұл жақта ешкімге керегіміз болмай қалды. Қазақстан жауабын кешіктіріп жатыр.

– Түркіменстан миграциялық қызметінің өкілдері түркімен жағы бәрін дайындап қойғанын, бізді тек елден шығару ғана қалғанын айтты. Ал Қазақстан тарабы әзірге жауап берген жоқ. Түркіменстан көшуге рұқсат берсе әрі қолымызда Қазақстаннан келген шақыртуымыз болса, онда Қазақстан бізді қабылдап, көмектесуі керек. Өйткені бұл жақта ешкімге керегіміз болмай қалды. Бірақ Қазақстан жауабын кешіктіріп жатыр, – дейді Зухра.

ШЕКАРАНЫҢ ЕКІ ЖАҒЫНДА ҚАЛҒАНДАР

Түркіменстанда туған 29 жастағы Берік Лепесов Қазақстанға наурыздың басында карантин алдындағы соңғы Ашғабат-Алматы рейсімен келген. Ол көктемде Алматыдағы университеттердің бірінде төртінші курста оқып, сессияға дайындалып жүрген. Жоспар бойынша, бір аптадан кейін Қазақстанға Беріктің анасы мен ағасы келуі керек еді. Бірақ шекара жабылып, бір отбасының адамдары екі жақта қалып қойған.

Берік бірнеше жыл бұрын тарихи Отанына оралған әпкелерімен бірге – Қазақстанда, анасы мен ағасы Түркіменстанда тұрып жатыр.

Қазір олар не Қазақстанда, не Түркіменстанда тіркеуде жоқ.

– Бес ағайындымыз. Соның үшеуі – қыз, екеуі – ұл. Үш қыз 20 жылдан бері Алматыда тұрады. 2020 жылы көшеміз деген ой болған. Əкеміздің зейнетке шыққанын күткен едік. 2019 жылы əкем жол апатынан қаза болды. Оның жылын беріп, үйімізді сатып, ол жақтан тіркеуден шықтық. [Туыстарымыздан] шақырту келді, бəріміз тіркеуден шықтық, барлық құжатымыз түгел. Мысалы, жігіттер әскери комиссариаттан, ауруханадан тіркеуден шығуы керек. Қолымызда Түркіменстанның төлқұжаты болатын. Оларға тіркеуден шықты деген мөр қойылады. Мысалы, анамның зейнетақысы бар. Зейнетақысын жаратып тастадық – шамамен 7-8 айдан бері зейнетақы алмайды. Қазір олар не Қазақстанда, не Түркіменстанда тіркеуде жоқ, – дейді Қазақстанда әлі ықтиярхат рәсімдеп үлгермеген Берік.

Маңдайшасына Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің портреті ілінген "Бақыт сарайы" алдында жүрген адамдар. Ашғабат.
Маңдайшасына Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің портреті ілінген "Бақыт сарайы" алдында жүрген адамдар. Ашғабат.

Беріктің анасы мен ағасы туыстарының үйінде тұрып жатыр. Олардың Түркіменстандағы тұрмысы қиын: отбасы заттарының көбін жүк контейнеріне салып, темір жолмен Қазақстанға беріп жіберген. Ашғабаттағы Қазақстан елшілігіне барып, дипломаттардан көмек сұрауға да мүмкіндік жоқ. Өйткені қазір Беріктің анасы мен ағасы тұрып жатқан Дашогуздан астанаға баруға болмайды.

Ресми дерек бойынша, Түркіменстанда коронавирус инфекциясы жұққан бір де бір науқас тіркелмеген. Бірақ Орталық Азиядағы жабық мемлекеттен келіп түскен көп ақпарат жергілікті халық арасында коронавирус тарағанын растайды. Билік өкілдері ел ішіндегі қозғалысты шектеп, азаматтарға шаңнан "қорғану" үшін маска тағып жүруге кеңес берген.

Қоғамдық көліктегі жолаушылар. Ашғабат, Түркіменстан, 15 шілде 2020 жыл.
Қоғамдық көліктегі жолаушылар. Ашғабат, Түркіменстан, 15 шілде 2020 жыл.

– Түркіменстанда елшілікке еркін кіре алмайсыз. Мысалы, біз Дашогуз қаласында тұрамыз, елшілік (Түркіменстан) астанасында орналасқан. Астанаға бара алмаймыз, жол жабық. Түркіменстанның ішінде де жүре алмайсың. Дашогуз жерінде туғандар осы жақта еркін жүре алады, бірақ басқа облыстарға, астанаға баруға болмайды. Енді жол ашылмаса ешкім көмектесе алмайды. Түркіменстаннан Түркияға, Мәскеуге баруға болады. Мәскеуге көшетін адамдарды ұшақпен алып кеткен. Қазақстанға Мәскеу арқылы барайық десек, екі-үш есе көп шығынға батамыз, ал ақшамыз түгесіліп барады. Бізге "Күтіңдер, жақында Қазақстанды да ашады" деген. Соған сеніп отырмыз, – дейді Берік.

Шекараға жақын орналасқан Маңғыстау облысында тұратын Түркіменстаннан келген репатриант Райхан Сұлтанқызы да көрші елде қалған туыстарының жағдайына алаңдайды. Ол жақындарының жеті айдан бері әне-міне көшеміз деген үмітпен көмек күтуден әбден шаршағанын айтады.

– Жеті айдан бері ағайындарымыз келе алмай отыр: карантин, жол жабылып қалды деп, шыға алмай қалған. Қазір не зейнетақысы, не балаларының оқуы жоқ. Тіркеуде болмаған соң дәрігерге де қарала алмайды. "Сондай қатты қиындық көріп отырмыз. Бізге мемлекет, үкімет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Үйімізді сатқаннан (тапқан) ақшамызды жеті айдай ішіп-жеп отырмыз" дейді. Барлығы бес облыс бойынша 150 отбасы бері қарай келуі керек. Қазақстан елшілігінде сол жақтан көше алмай қалған оралмандардың отбасы мүшелері туралы ақпарат бар екен. Елшілік, сыртқы істер министрлігі бəрін біліп отыр деп естідік. (Оралмандардың) барлық құжаты дайын, дұрыс, бірақ Қазақстанға өте алмай отыр. Ол жақтағы адамдар елден шығармай қоя ма деп, ақпарат беруге қорқады. Олар Қазақстаннан өздерін көшіріп әкетуге, шекарадан өткізуге ғана көмек сұрап отыр, – дейді ол.

ДИПЛОМАТТАР НЕ ДЕЙДІ?

Түркіменстанда қалып қойған қазақтардың туыстары ұсынған дерекке сәйкес, қазір Балқан, Дашогуз және Мары уәлаяттарының тұрғындары Қазақстанға кіруге рұқсат күтіп отыр.

Түркіменстан сыртқы істер министрлігінен Қазақстанға жете алмай отырған қазақтар туралы ақпарат алу мүмкін болмады. Редакцияның электронды хатына, министрліктің сайтында көрсетілген нөмір бойынша Ашғабаттағы кеңсеге хабарласқан тілшінің қоңырауына ешкім жауап бермеді.

Бетіне маска тағып, көшеде кетіп бара жатқан әйелдер. Ашғабат, Түркіменстан, 13 шілде 2020 жыл.
Бетіне маска тағып, көшеде кетіп бара жатқан әйелдер. Ашғабат, Түркіменстан, 13 шілде 2020 жыл.

Азаттық тілшісі өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрлігінен ақпарат сұрап көрді. Министрліктің баспасөз қызметі бұл мәселе жайлы деректерді "нақтылауға" уәде берді.

19 қазанда Азаттық Қазақстанның Түркіменстандағы елшілігіне хабарласты. Елшілік қызметкері дипломатиялық өкілдіктің бұл мәселеден хабары барын, консул этникалық қазақтарды көшіру жұмыстарын ұйымдастыру үшін уәлаятқа кеткенін айтты.

Кейінірек Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "Түркіменстан азаматы саналатын этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіруге көмектесу мәселесі сыртқы істер министрлігінің бақылауында" деп хабарлады. "Қазақстанның Түркіменстандағы елшілігі қазір түркімен тарабымен ұйымдастырушылық және құқықтық мәселелерді шешіп жатыр" деді ол.

Смадияров Түркіменстаннан Қазақстанға қанша қазақ жете алмай отырғанын айтқан жоқ. Ол тек "Көп адам қалып қойды. Пандемияға дейін көп адам қалды. Жыл басынан бері кей мәселе шешілмей жатыр" деді.

Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақтар саны пандемияға дейін де азая бастаған. 2019 жылы 17,5 мыңнан астам репатриант атамекенге көшіп келген. 2000 жылдары жылына 40-50 мың адам қоныс аударатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, биылғы тоғыз айда Қазақстанға тұрғылықты өмір сүруге 10,9 мың қазақ оралған. Репатрианттардың көп бөлігі (57 пайыз) – Қытайдан (бұл елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаң өңірінде түркі тілдес халықтарға, олардың ішінде қазақтарға қарсы қуғын-сүргін жүріп жатыр), төрттен бірі – Өзбекстаннан, 9,1 пайызы Түркіменстаннан келген.

2016-2020 жылдары Түркіменстаннан Қазақстанға 1703 отбасы (3555 адам) қоныс аударған. Олардың басым көпшілігі Маңғыстау облысына қоныстанған.

1991 жылы Қазақстан билігі шетелдегі қазақтарды тарихи Отанына оралуға шақырғаннан бері елге миллионнан астам репатриант (оларды бұрын оралман деп атайтын, биылдан бастап шетелден келген қазақтарға қандас сөзі қолданылады) келген.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG