Accessibility links

"Covid пе, басқа ма?" Түркіменстанда жұрт ауруханаға баруға қорқады


Түркіменстан билігі елде коронавирус жоқ дейді, бірақ халыққа "шаң-тозаңнан" сақтану үшін маска тағып жүруге кеңес береді.
Түркіменстан билігі елде коронавирус жоқ дейді, бірақ халыққа "шаң-тозаңнан" сақтану үшін маска тағып жүруге кеңес береді.

Түркіменстан билігі елде коронавирус жоқ деп мәлімдеп отыр. Алайда жұрт арасында Covid-19 белгісімен ауруханаға түскендер тірі қайтпайды және олардың ажалы вирустан емес, басқадан деген қауесет тараған.

Түркіменстан билігі 7 қыркүйекте заңға қауіпті инфекциялық ауру жұқтырып алғаны ықтимал азаматтарды дәрігерге қаралуға, ал осындай ауру белгісімен ауруханада жатқан науқастарды медицина мекемесінен шықпауға міндеттейтін өзгеріс енгізді.

Бір қарағанда бұл қисынды және Қылмыстық кодекске енгізуді қажет етпейтін нәрсе болып көрінеді. Бірақ ел арасындағы "сыбысты" естімеген адам ғана осылай ойлауы мүмкін.

КІМГЕ СЕНЕМІЗ?

Азаматтарды қауіпті ауру жұққан жағдайда медициналық көмекке жүгінуге міндеттеу артық көрінуі мүмкін. Өйткені коронавирус індеті әлем елдерінің барлығына дерлік тараған.

Барлығына дерлік…

Ресми дерек бойынша, Түркіменстанда Covid-19 вирусы жұққан науқас тіркелмеген. Алайда билік ауадағы "шаң-тозаңның" ықтимал салдары туралы ескертіп, азаматтарға маска тағып жүруге кеңес берген.

Бірақ Түркіменстанда аурудың бақылаудан шығып бара жатқаны туралы расталмаған дерек көп.

Түркіменстан билігінің "елде коронавирус не өзге де қауіпті инфекциялық ауру жоқ" деген мәлімдемесіне сенсек, азаматтарды медициналық көмекке жүгінуге міндеттеп, бұл талапты орындамағандарды екі не бес жылға дейінгі мерзімге түрмеге жабу қарастырылған заң өзгерісін енгізудің қажеті жоқ.

Бейресми дерекке, оның ішінде Түркіменстандағы ондаған адамның сөзіне қарағанда, көбі коронавирус немесе коронавирустан туған пневмония деп ойлаған респираторлық дертке шалдыққандар саны күрт өсіп, ауруханалар лық толған.

Түркіменстан билігі пандемия жоқ деп айтқанымен, елдің денсаулық сақтау жүйесі тығырыққа тірелгені жайлы хабарлар тараған.
Түркіменстан билігі пандемия жоқ деп айтқанымен, елдің денсаулық сақтау жүйесі тығырыққа тірелгені жайлы хабарлар тараған.

Ауруханаларда бос орын жоқ. Ауыр халдегі науқастардың туыстары жақынын ауруханаға жатқызу үшін және оларға респиратор алып беру үшін пара беруге мәжбүр.

Расталмаған бейресми деректерге сенсек, денсаулығын ойлаған жұрт ауруханада ем қабылдағысы келгенімен Түркіменстанның денсаулық сақтау жүйесіне шектен тыс салмақ түсіп отыр.

Билік ұзақ жылдар бойы ел ішіндегі оқиғаларды сыртқы әлемнен жасырын ұстауға тырысып келді. Сондықтан Түркіменстан туралы ақпараттың көбі - түрлі хикаялар мен сыбыстар.

Түркіменстан денсаулық сақтау жүйесі күйреген күннің өзінде, бұл деректі тексеру мүмкін емес.

ДӘРІ САЛУ

Түркіменстанда бірнеше аптадан бері тағы бір сыбыс тараған. Бұл ақпаратқа сену қиын, өйткені мұндайды елестетудің өзі қорқынышты.

Тәуелсіз Turkmen.news сайты 1 қыркүйекте Белкибазар ауданының полиция майоры Сапа Гурбангулиев туралы жазды.

Ақпарат құралының дерегінше, ол маусымның соңында сырқаттанып, Мары қаласындағы облыстық инфекциялық ауруханаға түскен. Онда науқастың қызуын түсіріп, өкпесіндегі сұйықты шығару үшін ем қолданған. Бірақ Гурбангулиевтың жағдайы ауыр болмаған.

Көп ұзамай науқастың жағдайы күрт нашарлап, Йолотандағы басқа ауруханаға ауысардың алдында тыныс алысы қиындаған.

Turkmen.news сайтының дерегінше, 3 шілдеде Гурбангулиев әйеліне хабарласып, тез келіп, өзін ауруханадан шығарып алуды сұраған.

Әйелі карантин талаптарына байланысты ауруханаға кіре алмай, күйеуіне хабарласып, жағдайды баяндаған.

"Онда олар мен дәрі салып, өлтіреді", - деген күйеуі.

Жарты сағаттан соң аурухана қызметкерлерінің бірі әйелге хабарласып, Гурбангулиевтың көз жұмғанын хабарлаған.

Түркіменстанның түкпір-түкпірінен хабарласқан адамдар да Азаттықтың Түркімен қызметі мен басқа да ақпарат құралдарына осыған ұқсас оқиғалар жайлы айтқан.

"Вирустан таза" Ашғабаттағы маска таққан жолаушылар. 15 шілде 2020 жыл.
"Вирустан таза" Ашғабаттағы маска таққан жолаушылар. 15 шілде 2020 жыл.

Ауруханаға коронавирусқа ұқсас ауру белгілері бар науқастар түсіп, бірнеше сағаттан не күннен соң көз жұмады. Туыстары марқұмның денесін алып кету үшін дәрігерлер мен үкіметке ешқандай шағымы жоғын растайтын қағазға қол қоюы керек.

Азаттықтың Түркімен қызметіне осы мәселемен хабарласқан ондаған адам Covid-19 вирусының белгісі бар науқастар ауруханада салынған дәріден кейін қайтыс болғанын айтқан.

Ауруханада марқұмды пластикке орап қойған. Алып кетуге келген туыстарына мәйіттің орауын ашпай, бірден жерлеуді бұйырады.

Бұл оқиғалардың рас-өтірігіне қарамастан бір нәрсе айқын: енді азаматтар ауырып қалған немесе өзінен коронавирус белгілерін байқаған жағдайда ауруханаға баруға қорқады.

Азаматтарды медициналық көмекке жүгінуге міндеттеп, ресми анықтамасыз ауруханадан шығуға тыйым салатын заң өзгерісі халықтың "коронавирус белгісімен ауруханаға түссек, өлеміз" деген қаупін одан әрі күшейтеді.

Түркіменстан азаматтары үкіметтің халыққа берген көп ақпараты, оның ішінде "елде коронавирус жоқ" деген мәлімдемесі жалған екенін біледі. Енді халық коронавирус жұқса, үкімет бізді өлтіруі мүмкін деп алаңдап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG