Accessibility links

Түркіменстан шетелдегі студенттерді ақшадан қысып, елге қайтуға мәжбүрлеп жатыр


Түркіменстанда Western union арқылы ақша жіберу үшін тізімге жазылып жатқан жұрт. Архив
Түркіменстанда Western union арқылы ақша жіберу үшін тізімге жазылып жатқан жұрт. Архив

Түркіменстан үкіметі коронавирус пандемиясы кесірінен оқып жатқан елдерінде қалып қойған студенттерге ақша жіберу мүмкіндігін шектеді. Соның кесірінен шетелдегі түркімен студенттері тамаққа ақша таппай қиналып отыр.

Түркіменстанның Дашогуз қаласында мемлекеттік “Сенагат банкінің” шетелге қаржы жіберу бөлімінде ұзақ-сонар кезекті күнде байқайсыз. Бұл – шетелдегі жақындарына ақша жіберуге мүмкіндік беретін Түркіменстандағы санаулы орындардың бірі.

"Банк шетелде оқып жатқан баламызға ақша жіберуді барған сайын қиындатып жатыр. Олар түрлі сылтау айтып, көп құжат жинатып, процесті әдейі созуға тырысады" деді кезекте тұрған наразы әйелдердің бірі.

Мемлекеттің қысымына ұшыраймын деп қорқып, аты-жөнін көрсетпеуді сұраған әйелдің айтуынша, сансыз көп талапты түгел орындап, Ресейде оқып жатқан қызына ақша салу үшін ол банкке бірнеше рет баруға мәжбүр болған.

Банк арқылы ақша жіберу үшін шетелдегі университеттен “оқып жатқаны туралы анықтама” және ата-анасының жұмыс орнынан “жалақы туралы анықтама” талап етіледі.

Адамдарды барлық жағынан жіті бақылайтын Түркіменстанның авторитар үкіметі енгізген ереже бойынша, ата-ана сырттағы баласына айына 200 доллардан артық қаражат жөнелте алмайды.

5,8 миллион тұрғыны бар Орталық Азия елінде қазір мемлекеттік банктердің ішінде орналасқан Western Union өкілдіктері арқылы ғана шетелге ақша жіберуге болады және олар мемлекеттің қатаң бақылауында.

Коронавирус пандемиясы басталған тұста шекаралар жабылып, рейстер тоқтап, оқып жатқаны бар, емделуге кеткені бар, Түркіменстанның жүздеген азаматы түрлі себеппен шетелде қалып қойған.

Індет өршіген соң үкімет шетелде қалып қойғандарға жіберілетін ақшаның шегін 500 долларға дейін арттырған. Бірақ “нақтыланбаған” ерекше жағдайларды қоспағанда, бұл ереже студенттерге жүрмейді.

Пандемия кесірінен бүкіл әлемде бизнес нысандары жабылып, шетелде оқып жатқан студенттердің көбі үйден алатын ақшаға қосымша табатын нәпақасынан да қағылды. Шетелдегілер көбіне даяшы, үй тазалаушы не бала күтуші болып жұмыс істеген, сол ақшаға пәтер жалдап, ас-суын ажыратып келген.

“Балаларымыз Ресейде ең негізгі деген заттарын ала алмай, ақшасыз қалды, себебі оларға уақытында ақша жіберуге көп кедергі бар” дейді Сенагат банкінде кезекте тұрған ер кісі.

Жұрттың айтуынша, “бітпейтін талаптардан” мезі болып, шарасы таусылған адамдар банк қызметкерлерімен жиі сөзге келіп жатады.

Банктің бірнеше клиенті 200 мың тұрғыны бар Дашогуздағы “Түркіменбашы банкінде” де жағдай осыған ұқсас деді.

Кей адамдар Түркімен-түрік коммерциялық банкінің қаладағы бөлімшесінде жағдай біршама тәуір екенін айтады. Онда ресми тізімдегі құжаттардан басқа қосымша қағаз талап етпейді.

Азаттық тілшісі “Сенагат банк”, “Түркіменбашы банк” өкілдерімен және Дашогуз бен ел астанасы Ашғабаттағы ресми адамдармен сөйлесуге тырысып көрген, бірақ бұдан нәтиже болмады.

"Елдің басқа бөліктерінде де сыртқа ақша жібергісі келетіндер осындай кедергілерге тап болып жатыр" дейді тілшілер.

КӨМЕК СҰРАҒАНДАР ШЕТЕЛГЕ ШЫҒА АЛМАЙ ҚАЛАДЫ

Ашғабаттағы кей ата-ана шетелде оқып жатқан балаларына сол елдердегі Түркіменстан елшілігінен қаржылай көмек сұрап хат жазуға кеңес берілгенін айтты.

Дегенмен бұдан соң олар оқуын жалғастыра алмай қалуы да мүмкін. Студент демалысқа елге келген соң қайтар жол жабылуы ықтимал.

“Маған [сыртқы істер министрлігінен] келген хатта студент өзі тұратын елдегі елшілікке қаржылай көмек сұрап хат жазуы керек делінген. Дегенмен мұндай көмекке өтініш берген адам демалысқа келген соң қайтадан шетелге кете алмайды деп ескертілген” дейді Ашғабат тұрғыны Азаттыққа сұхбатында.

Түркіменстан астанасы Ашғабат қаласы. Шілде, 2020 жыл.
Түркіменстан астанасы Ашғабат қаласы. Шілде, 2020 жыл.

Оның айтуынша, пандемия басталғанда шетелдегілерге Western Union арқылы 500 доллардан жіберуге рұқсат сұрап, сыртқы істер министрлігі мен мемлекеттік миграция агенттігіне хат жазғандардың арасында өзі де болған.

“Ресми адамдар ата-анасының жеткілікті ақшасы болмаса, неге балаларын шетелге оқуға жібереді деп сұрайды” деді ол Азаттыққа сұхбатында.

Қолында бар ақшаны ұлына салып жібере алмай, бір жағынан “ақшаң жоқ болса балаңды неге шетелге жібердің?” деген сөз естіген ата-ана қатты қапалы.

Азаттықтың Түркімен қызметі Түркіменстанның бірнеше елдегі елшілігіне хабарласқан еді, олардан жауап болмады.

Шетелдегі түркімен студенттеріне ақша салуды әдейі қолдан қиындату оларды елге қайтару мақсатынан туындады ма әлде бұған пандемия кезіндегі қаржы дағдарысы кінәлі ме, ол жағы белгісіз.

НАНҒА АҚША ЖОҚ

Шетелдегі түркімен студенттері Түркіменстан банктерінің дебеттік карталарын да пайдалана алады, бірақ оларға да қатаң шектеу қойылған.

Студенттердің айтуынша, Түркіменстан банкіндегі есеп-шотында тиісті ақша болған күннің өзінде шетелдегі банкоматтан азын-аулақ ақша алса не қандай да бір төлем жасаса, қалған ақша “бұғатталып” қалады.

Азаттық тілшісі Ресейде, Қазақстанда және Орталық Азияның басқа елдерінде қаржылық қиындыққа тап болған студенттермен тілдесті. Бұл елдерде Түркіменстанның мыңдаған студенті білім алып жатыр.

“Пәтерақыны төлеуге, тіпті нан алуға ақшам жоқ” деді аты-жөнін атамауды өтінген Қазақстанда оқып жатқан түркімен студенті.

“Түркіменстанның Мары ауданында тұратын ата-анам маған ақша жіберу үшін күн сайын түрлі банкке барып, кезекке тұрады. Оларға банк сұратқан хат пен құжаттың бәрін жібердім, бірақ банктер ақшаны әлі жібермей отыр” деді студент.

Ал Ашғабаттың бірнеше тұрғыны ауқатты адамдарға және шетелге ақша жібергісі келетін мемлекеттік қызметкерлерге 200 долларлық шектеу жүрмейтінін айтты.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің туған күні құрметіне концерт. 29 маусым, 2020 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің туған күні құрметіне концерт. 29 маусым, 2020 жыл.

Азаттық радиосы бұл мәліметтің рас-өтірігін анықтай алмады, бірақ 2006 жылдан бері президент Гурбангулы Бердімұхамедов деспоттық әдіспен басқарып келе жатқан Түркіменстанда жемқорлық пен непотизм кең етек жайған.

Freedom House ұйымының 2019 жылғы еркіндік деңгейі рейтингінде 210 мемлекет пен территория арасынан Түркіменстан 207-орында тұр.

Мақала Азаттықтың Түркімен қызметінің ақпараты негізінде жазылды және ағылшын тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG