Accessibility links

Бердімұхамедов "пайғамбар жасын" тойлады. Елде марапат, шетте қарсылық жиіледі


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов

Түркіменстанда коронавирус пандемиясына қарамастан айрықша тойланған президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің туған күнінде АҚШ сенаторлары оған саяси тұтқындарды босату туралы хат жолдады.

29 маусымда Түркіменстан президенті Бердімұхамедов 63 жасқа толды. Мерейтой болмағанымен, ол бұл туған күнін "пайғамбар жасы" ретінде тойлады.

"ТҮРКІМЕНБАШЫ" ДА "АҚ ҚОЙ ТОЙЫН" ТОЙЛАҒАН

"Арқадағ" (қолдаушы) деп әспеттелетін Бердімұхамедов осы күні мешітте садақа беріп, министрлер кабинеті мен қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген жиынын өткізді. Жиын алдында астық дайындау жоспарына орай өткізілген салтанатты рәсімге қатысты. Рәсімде ол өз өлеңін оқыды. Бұл рәсім мен жиындар Гурбангулы Бердімұхамедовті туған күнімен құттықтау шарасына ұқсады. Жиналғандар оны мадақтап, әдеттегідей қол шапалақтаудың Түркіменстандағы ерекше үлгісімен қошемет көрсетті. Кешкісін президент туған күніне арналған мерекелік концерт өтіп, онда Бердімұхамедовтің әні орындалды. Концерт алдында БАҚ, өнер және мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды. Олардың кейбірі құрметті атаққа ие болса, тағы бірі президенттік "Түркіменстанның алтын ғасыры" сыйлығының иегері атанды.

Орталық Азия елдерінің мәдениетінде алпыс үш жас Мұхаммед пайғамбардың құрметіне "пайғамбар жасы" деп аталады. Ресми басшының мерейлі жас болмаса да 63 жасқа толуын атап өту Түркіменстан үшін жаңалық емес. "Түркіменбашы" - елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов та 2003 жылы өзінің 63 жасқа толуын ерекше тойлаған. Ол содан бір жыл бұрын "Бейтарап Түркіменстанда мүшел есебі, апта күндерінің атауы, түркімен халқының ұлттық жыл санауын енгізу және "Ақ гоюн тойын" атап өту туралы» жарлық шығарған. "Ақ гоюн тойы" - "Ақ қой тойы" Түркіменстанда 63 жасқа толғанда аталып өтетін рәсім. Осы тойда ақ қой сойылатын болған.

Президент Ниязовтың туған күні 19 ақпан өз дәуірінде Мемлекеттік ту күнімен сәйкестендірілген еді. Алайда 2018 жылдан бастап Мемлекеттік ту күні 18 мамыр Конституция күніне ауыстырылды. Ниязов енгізген күнтізбелік атаулар да қазір қолданылмайды.

БЕРДІМҰХАМЕДТЕН КЕРІМГУЛЫҒА ДЕЙІНГІ МАРАПАТ

Түркіменстанда Бердімұхамедовтің жеке басын және әулетін дәріптеу үйреншікті жай. "Бесаспап" тұлға ретінде президент кейде ән шырқайды, кітап, өлең, ән жазады, көлікпен дрифт жасайды, ақалтекемен шабады, велосипедпен әскери жаттығу жасайды, тіпті цирк сахнасына да шығады.

Президенттің немересі Керімгулы да 9-10 жасынан бастап ел алдына жиі шығады. Осы жолы 17 жастағы Керімгулы атасының "пайғамбар жасына" толуы құрметіне президенттің "Түркіменстанның алтын ғасыры" сыйлығының лауреаты атанды. "Жаңа туындыларымен ұлттық өнерді байытып, мерекелік шараларды тамаша өнер көрсеткені үшін" оған алтын алқа және 3500 манат (1000 долларға жетеғабыл) тарту етілді. Өзі – әнші, өзі – композитор Керімгулы тоғыз жасынан бастап атасымен, арасында белгілі әншілермен бірге сахнаға шығып жүрген. Ал 2017 жылы оның әкесі Сердар Бердімұхамедов "отан алдындағы адал қызметі үшін" атасы – Мяликгулы Бердімұхамедов атындағы медалмен марапатталып, подполковник шенін қоса иеленді. Сердар Бердімұхамедов – қазір өндіріс министрі.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен немересі Керімгулы.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен немересі Керімгулы.

Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азияның өзге президенттері сияқты 24 маусымда Мәскеуде Жеңістің 75 жылдығына орай өткен әскери парадқа да бармады. Оған уәж ретінде Түркіменстан президентінің туған күнінде отбасы ортасында болғысы келетіні айтылған. Мәскеуден келгеннен кейін оқшаулануға тура келетіндіктен ол бұл сапардан бас тартқан. Алайда көршілес Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Мәскеуден келген соң екі күннен кейін Наманганға сапарлап, ел ішін аралап кеткен.

Бердімұхамедов Жеңіс парадына бармаса да, әскери шеруге Түркіменстан әскерінің парадтық тобы қатысып қайтты. Түркімен әскері Қызыл алаңдағы парадта ел президентінің атасы – Бердімұхамед Аннаев құрамында соғысқа қатысқан Екінші Украина майданы 206-атқыштар дивизиясының 748-атқыштар полкінің туын ұстап өткен. Бұл туралы парадтан түсірілген ресми репортажда арнайы айтылды. Ал биылғы 9 мамырда Ашғабадта өткен әскери парад кезінде осы туды Ресей салтанатты жағдайда Түркіменстанға "мәңгі сақтауға" тапсырған болатын.

Түркіменстан президентінің атасы Бердімұхамед Аннаев соғыстан екінші топ мүгедек болып оралып, 1948 жылғы Ашғабадтағы зілзалада қаза тапқан. Оның соғысқа қай жылы аттанғаны және ерліктері туралы нақты айтылмайды. Кейбір ашық дереккөзінде Аннаевтың 1943 жылы соғысқа барғаны көрсетілсе, ресми мәліметтерде оның соғысқа алғаш аттанғандар сапында болғаны, әскери шені ефрейтор екені айтылады. Мектеп директоры болған ауыл мұғалімі Бердімұхамед Аннаев қайтыс болғаннан кейін тура 70 жыл өткенде, 2018 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен "Ерлігі үшін" медалімен марапатталады. Аннаевтың атында Түркіменстанда мектеп бар. Гурбангулы Бердімұхаммедовтің романының желісі бойынша ол туралы спектакль де қойылған.

ТУҒАН КҮНГЕ АРНАЛМАҒАН ХАТ ЖӘНЕ ШЕРУЛЕР

Бердімұхамедов "пайғамбар жасына" толған 29 маусым күні АҚШ сенаторлары Орталық Азия президенттеріне түрмедегі саяси тұтқындарды босатуды сұрап хат жолдады. 12 сенатор қол қойған хат өзге де президенттермен қоса Бердімұхамедовке де жіберілді. Онда ойын еркін айтқаны үшін қамалған адамдарды босату талабы қойылған.

Сенаторлар саяси тұтқындарды дереу босатуды талап етумен қатар, коронавирус пандемиясына орай олардың денсаулығына да алаңдаушылық білдірген.

Сенаторлар Бердімұхамедовке жолдаған хатында ұзақ мерзімге сотталған Омрузак Умаркулиевті, Гулгелді Аннаниязовты және Мансур Мингеловті босатуға шақырған.Түркияда Түркіменстаннан шыққан студенттерге көмек және ынтымақтастық қауымдастығын құрған Умаркулиевті 2018 жылы дипломаттар елге алдап әкеледі. Қазіргі тағдыры белгісіз. Аннаниязовқа кезінде Ниязов рақымшылық жасағанымен, ол 2008 жылы қайтадан сотталған. Ал ұлттық азшылық – белуждар мәселесін көтеріп 22 жылға сотталған Мингелов туберкулез дертіне шалдыққан.

Соңғы уақытта Түркіменстанда күнделікті тұтынатын азық-түлік пен нақты ақша жетіспейді. Көшелер мен дүкендерде және банкомат маңында кезектер байқалады. Елде жұмыссыздық жайлап, табиғи апат та жиілей түскен. Ал табиғи апаттардан қаза болғандар туралы мәлімет ашық айтылмайды. Осындай жағдайда Түркіменстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері алдында наразылық шаралары өтіп жүр.

Осындай шараларда жиналғандар елдегі қымбатшылық пен тапшылықты айыптап, ел басшылығын түрмеде жазықсыз отырған адамдарды босатуға және адам құқығын аяқасты етпеуге шақырған. Бердімұхамедовке қарсы наразылық шараларының бірінде қатысушылар (көбі – шетелде жүрген түркімен азаматтары – ред.) Happy Birthday әнінің мақамымен "Гурбангулы, гум бол!" (Гурбангулы, жоғал!) деп әндетіп, ұрандатқан. Ресми Ашғабад бұл мәселе туралы әрқандай бір түсінік бермеген, реакция танытпаған. Мұндай қарсылық митингілері БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтері алдында және Түркіменстанның АҚШ пен Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктері алдында және Солтүстік Кипрде өткізілген.

Түркіменстан азаматтары Стамбулдағы елшілік алдында қарсылық акциясын өткізіп тұр. 26 маусым 2020 жыл.
Түркіменстан азаматтары Стамбулдағы елшілік алдында қарсылық акциясын өткізіп тұр. 26 маусым 2020 жыл.

ПАНДЕМИЯНЫ МОЙЫНДАУ ПНЕВМОНИЯДАН БАСТАЛА МА?

Наразылық акциясына қатысушылар әлеуметтік, экономикалық мәселені шеше алмай отырған авторитарлық режимнің коронавирус індетін жоққа шығаруын да өткір сынаған.

Түркіменстанда ресми түрде бірде-бір коронавирус дерегі тіркелмегенімен, соңғы күндері ауруханаларда жағдай асқына бастаған. Індеттен дәрігерлердің де қаза тапқаны айтылады. Алайда билік коронавирусты өткір пневмониямен байланыстыруға тырысады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының миссиясы сәуір айынан бері Түркіменстан билігімен Ашғабадқа сапар мәселесін ұзақ талқылап, енді ғана жолға шығуға мүмкіндік алды.

Елде президенттің туған күнінен кейін іле-шала карантин тәртібі қолға алынған. Кейбір мекемелер, соның ішінде емханалар да жабылды. Біраз орындар қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Мемлекеттік орындардың кейбірінде қызметкерлер саны қысқартыла бастаған.

Түркіменстанда "коронавирус" сөзі қолданылмайды. Алда-жалда соны айтқан адамдар болса, ұсталып кетуі мүмкін. Өйткені полиция қарапайым киіммен жұрт арасына кіріп, елдің сөзін тыңдай бастаған. Түркіменстанда соңғы айларда көшелер дезинфекцияланып, адамдар сыртқа шығу үшін рұқсат алуға міндеттеліп жүр. Кейбір деректерге сенсек, елде коронавирус дерті ақпан айынан бастап анықталған. Ал алғашқы айларда ел басшылығы ауруды адыраспанмен аластауды насихат еткен.

Көршілес Тәжікстанда да сәуір айының соңына дейін осыған ұқсас әрекет байқалған. Мектептер мен мешіттер жабылып, қоғамдық орындарға дезинфекция жасалып, сақтық шаралары қолға алынған Тәжікстанда билік сәуір айының соңында індетті мойындауға мәжбүр болған. Онда да пандемияны жариялар алдында пневмония туралы көбірек айтылатын.

63 жасқа толған Гурбангулы Бердімұхамедовтің мамандығы – стоматолог. Ол саяси мансабын денсаулық сақтау және медициналық өндіріс министрі (1997) ретінде бастап, бес жылдан соң министрлер кабинеті төрағасының (сол кездегі төраға – Сапармұрат Ниязов) орынбасарлығына көтерілді. Ниязов қайтыс болғаннан (2006) бері Бердімұхамедов – үздіксіз президент.

Енді үш аптадан соң көршілес Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев те 63 жасқа толады. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков келесі жылы "пайғамбар жасына" келеді. Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев "пайғамбар жасында" 11 жылға сотталды. Қазақстан мен Тәжікстан басшылары болса, "пайғамбар жасынан" асып кеткен. Ал Қазақстанды 30 жылдай президент ретінде басқарған бұрынғы басшы Нұрсұлтан Назарбаев (президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің мәңгі төрағасы ретінде билікке ықпалы етіп отыр) ертең, 6 шілдеде 80 жасқа толады.

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін).

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG