Accessibility links

"Лагерьге демалсын деп жіберген баламызға картоп тергізіп қойды"


Шығыс-Батыс газ құбырының ашылу рәсімінде ұлттық киім киіп тұрған түркімен бала. Шатлык, Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл. Көрнекі сурет.
Шығыс-Батыс газ құбырының ашылу рәсімінде ұлттық киім киіп тұрған түркімен бала. Шатлык, Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл. Көрнекі сурет.

Түркіменстанда ақша төлеп жазғы лагерьге барған балалар картоп жинап жүр. "Оларға су, тамақ бермейді" дейді ата-аналар. Мектеп әкімшілігі неліктен оқушыларды қара жұмысқа салып жатқанын түсіндіре алмады.

Түркіменстанда театр мен зообақ көреміз деп армандап барған балалар жазғы демалысында егістіктегі қара жұмысқа жегілді дейді ата-аналары.

Зообаққа барып, көңіл көтеріп, ойын ойнаудың орнына Түркіменстандағы көп бала жаздың аптап ыстығында мемлекеттік шаруа қожалықтарында картоп жинап, мақта теріп жүр.

85 ДОЛЛАР ТӨЛЕП, ДЕМАЛЫС ЛАГЕРІНЕ ЖІБЕРДІ

Мектеп жанынан ашылған демалыс лагеріне ақша төлеген ата-аналар баламызды ауылшаруашылық жұмысына салып қоятынын білген жоқпыз дейді.

Түркіменстанның солтүстік-шығысындағы Лебап аймағында тұратын бірнеше ата-ана Азаттыққа берген сұхбатында лагерьге 85 доллардан төлегенін айтты. Лагерь бағдарламасында жазғы демалысын көңілді өткізу үшін балаларды театр, көрме, зообаққа апарып, басқа да түрлі ойындар ойнатады делінген.

Жұрттың табысы төмен Түркіменстанда 85 доллардың өзі көп ақша саналады, себебі елде орташа айлық жалақы 225 долларға жуық. Әсіресе ауылды жерде жұмыссыздық өршіп тұр, экономика үш жылдан бері құлдырап кеткен елде азық-түлік қат болып, инфляция өсіп барады.

"Біз 20 күндік лагерьге ақша төледік. Оған күніне екі мезгіл тамақ та кіруі тиіс болған" деді аты-жөнін айтпауды сұраған ата-аналардың бірі.

Егіс алқабынан көкөніс жинап оралған бала. Мары уәлаяты, Түркіменстан. Көрнекі сурет.
Егіс алқабынан көкөніс жинап оралған бала. Мары уәлаяты, Түркіменстан. Көрнекі сурет.

Ата-ана жоқ лагерьге ақша төлеп алданып қалдық дейді, ал мектеп әкімшілігі неліктен оқушыларды қара жұмысқа салып жатқанын түсіндіре алмады.

"Мектеп басшылығы біз берген ақшаға мектеп ғимаратын жөндейтін құрылыс материалын сатып алғанын айтады", - деді Лебап облысы Дарганата ауданының тұрғыны.

Ата-аналар шағым түсіруге, тіпті болған жағдайды айтып мектеп басшылығын сынауға бата алмай отыр. Себебі Орталық Азиядағы бұл авторитарлық елде билікке қарсы пікір айтып, сынағандар аяусыз қудаланады.

"ТАМАҚ ТА, СУ ДА БЕРМЕЙДІ"

Азаттықтың Лебаптағы тілшісімен сөйлескен кей ата-ананың айтуынша, мектеп басшылығы балаларды күн сайын таңертеңгі сағат 8:30-да жинап алып, егіс даласына алып кетеді.

9-17 жас аралығындағы оқушылар сағат 15:00-ке дейін шаруашылықта жұмыс істейді дейді туыстары. Жалған лагерьге шақырған мектеп басшылары балаларға тіпті ауызсу мен тамақ та бермейді екен.

"Балалар мәжбүрлеп жұмыс істетеді, жейтін тамақ та бермейді деп кейіп жүр. Олар үйден бөтелкемен су, тіске басарын алып кетеді. Ауа температурасы 40 градустан асып кететіндіктен, апарған су ысып, ішуге де жарамай қалады" дейді бір ата-ана.

"Балаларға жаны ашыған кей диқандар оларға суық су әкеліп береді" дейді тілші.

Оқушылар мемлекет меншігіндегі шаруашылықтарда жұмыс істеп жүр, арасында жеке шаруа қожалықтарына жалға берілген жер де бар.

Азаттық радиосы бұл мәселе бойынша Лебап облысы әкімшілігінің ресми пікірін біле алмады, себебі Түркіменстанда ресми органдар мемлекеттік емес ақпарат құралдарына сұхбат беруден қашқақтайды.

Егін жинауға қанша бала жұмылдырылғаны, Лебаптан басқа қай аймақта оқушыларды ауылшаруашылық жұмысына жеккені де белгілі.

Түркіменстанда балаларды күштеп жұмысқа жегуге заң жүзінде тыйым салынған, бірақ адам құқығын қорғаушылар билік өкілдері жиын-терін кезінде сабақты тоқтатып, балаларды мақта теруге жұмсауды әдетке айналдырғанын айтады.
Түркіменстанда балаларды күштеп жұмысқа жегуге заң жүзінде тыйым салынған, бірақ адам құқығын қорғаушылар билік өкілдері жиын-терін кезінде сабақты тоқтатып, балаларды мақта теруге жұмсауды әдетке айналдырғанын айтады.

Дарганата қаласы тұрғындарының сөзіне қарағанда, ауданның барлық мектебіндегі 3-9 сынып оқушыларының көпшілігі жазғы лагерьде демалудың орнына егістікке жұмысқа жіберілген.

Мектеп әкімшілігі ата-аналарға балалар 1 шілдеге дейін қара жұмыс істейді деген. Лебапта картоп жинау науқаны сол кезде аяқталады.

Түркіменстан заңдары балаларды күштеп жұмысқа жегуге тыйым салады, бірақ адам құқықтарын қорғау ұйымдарының айтуынша, билік өкілдері жиын-терін кезінде сабақты тоқтатып, балаларды мақта теруге жұмсауды әдетке айналдырған.

Бұған қоса Түркіменстан билігі бюджет мекемесі қызметкерлері мен әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздарды да мақта теруге салады. Халықаралық адам құқықтары ұйымдары үкіметтің бұл ісін жиі сынап, ондайды тоқтатуға үндеп келеді.

6 миллионға жуық тұрғыны бар Түркіменстан 2019 жылы мақта өндіру жөнінен әлемде 9-орынды иеленген.

Материал Азаттықтың Түркімен қызметінің репортажы негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG