Accessibility links

Қытайда Оспан батыр ұрпақтары "өмір бойына сотталды". Туыстары Қазақстаннан көмек сұрайды


Қытайда "өмір бойына сотталған" қазақтар - Нағыз Мұхамедұлы, Нұрлан Нәбиұлы, Толқын Соғысайұлы.

Алматыда бірнеше қазақ "Шыңжаңдағы Көктоғай ауданында тұратын үш жақынымыз өмір бойына түрмеге қамалды" деп Қазақстан билігінен жәрдем сұрады. Сөздерінше, Шыңжаңдағы сот туыстарын "Қазақстанмен байланысты", "Қытай тұтастығына қауіп төндірді" деп айыптаған.

Туыстарының сөзінше, 24 қыркүйекте Қытай соты Нұрлан Нәбиұлын, Нағыз Мұхамедұлын, Толқын Соғысайұлын "Қазақстандағы қазақшыл ұйымдармен байланыс орнатты", "Қазақстанмен жиі байланысты", "Қазақстанның Тәуелсіздік күні қонақ асы берді", "жұртты Қазақстанға көшуге үгіттеді", "отан тұтастығына қауіп төндірді", "Оспан батырды дәріптеді" деген айыппен "өмір бойына соттаған".

Жақындарының айтуынша, Қытайда сотталған үшеу – 1940-1951 жылдары Шығыс Түркістан аймағындағы ұлт азаттық көтерілісті басқарған Шыңжаң қазағы Оспан батыр Исламұлының (1951 жылы Үрімжіде Қытай тарапы өлім жазасына кескен) ұрпағы. Үшеуі де – Қытай азаматы.

"Қытайда өмір бойына түрмеге қамалғандардың" Қазақстандағы туыстары біраздан бері Нұр-Сұлтаннан көмек сұрап жүр. Қазақстан президенті әкімшілігі мен сыртқы істер министрлігіне ашық хат жазған. Бұдан бөлек, 2 қазанда Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан билігінен араша сұрады.

"ҚЫТАЙДАН ХАБАР АЛА АЛМАДЫҚ"

Алматы облысы Алакөл ауданында тұратын 80 жастағы Назыкен Бікейқызы "Қытай өмір бойына соттаған" ұлы Нағызды мүлде көрмей кетемін бе деп уайымдайды. Ол баласы жайлы айтқанда көзіне жиі жас алады.

- Қазақстан билігінен, адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардан балама араша болуды сұраймын. Баламда ешқандай денсаулық жоқ. Қан қысымы жоғары. Қант диабетімен ауырады, - деді ол.

Нағыз Мұхамедұлының анасы Назыкен Бікейқызы Алматыдағы баспасөз жиынында отыр. 2 қазан 2020 жыл.
Нағыз Мұхамедұлының анасы Назыкен Бікейқызы Алматыдағы баспасөз жиынында отыр. 2 қазан 2020 жыл.

54 жастағы Нағыз Мұхамедұлының екі ұлы мен әйелі Алматыда тұрады. Үлкені Нұр-Сұлтандағы Назарбаев университетінде, екіншісі Алматыда мектепте оқиды. Анасының сөзінше, Шыңжаңда мәдениет саласында жұмыс істеген ұлы Нағызды "Қытай билігі Қазақстанға жібермей қойған". Нағыздың інісі Үмбетай Мұхамедұлы ағасының 2018 жылы наурызда қамауға алынғанын айтады.

- Қытайда бес бірдей әпкем бола тұра ағамнан ешқандай хабар ала алмадық. 2018 жылы наурызда қамауға алынған күннен бастап осы күнге дейін ешкіммен сөйлестірмеді. Бір рет қана онлайн сот болған. Сол кезде ағам өзінің ешқандай кінәсы жоқ екені айтып, тағылған айыптарды мойындамаған, - дейді інісі Үмбетай.

"АҒАМ ҚАМАЛҒАН СОҢ ЕКІ ЖЫЛДАН КЕЙІН ОНЛАЙН СОТ ӨТКЕН"

Қытайда сотталған Нұрлан Нәбиұлының Алматыда тұратын інісі Өркен Нәбиұлының сөзінше, ағасы 2018 жылы наурызда қамауға алынған.

- 54 жастағы ағам он жыл Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағы Көктоғай аудандық халық сотында тергеуші болып жұмыс істеді. 2000 жылы көру қабілетінің нашарлауына байланысты қызметінен бас тартқан. Оспан батырдың немересіміз. Отбасында бір ұлы мен әйелі бар. Баласы Парасат Нұрланұлы қазір Алматы қаласында тұрады. Шындығында, ол кісі жан-тәнімен сол жүйеге, сол мемлекетке қызмет етті. Ағам қамауға алынғаннан кейін екі жыл өткенде алғаш рет онлайн түрде сот отырысы болғанын естідік. Сонда ағам өздерін ұрып-соғып қинағандарын, денелеріне темекі шоқтарын басқанын айтып, өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Бірақ 24 қыркүйекте қылмыстары дәлелденбесе де, өмір бойы түрмеде отыруға жаза кесті, - дейді Өркен.

Өркен "ағасы Нұрлан Оспан батырдың ұрпағы болғаны үшін сотталды" деп санайды.

- Қытай билігі күні бүгінге дейін Шыңжаңда Оспан батырдың есімін дәріптеп, атын атауға тыйым салған. Керісінше оны "бүлікші", "банды", "ел ішіне іріткі салушы" ретінде атайды, - дейді ол.

"72 КҮН АЗАПТАЛҒАНЫН АЙТСА ДА, СОТ ЕСКЕРМЕГЕН"

Сотталған үшеудің бірі 52 жастағы Толқын Соғысайұлының жақындарының сөзінше, ол 2017 жылы желтоқсанда ұсталған. Оның Алматыда тұратын балдызы Ахат Әшу "Толқын тергеуде 72 күн бойы азапталғанын айтса да, сот ескермеген" дейді.

- Толқын қазақша-қытайша еркін сөйлейді. 30 жыл Көктоғай аудандық орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болды. Әкесі Соғысай да көп жыл Көктоғай ауданын басқарып тұрды, Коммунистік партияның мүшесі болды. Жездеме тағылған айып – қазақ мектептерін қытай және қазақ тіліне оқытуға және Қытайдың жоспарлы туу саясатына қарсы шықты деп те айыптаған. Бірақ айып дәлелсіз. Әйелі мен екі қызы Қытайда қалды, Қазақстанға алдыра алмадық. Толқын "ізімді басатын ұл керек" демеді. Екінші қызын алтыншы сыныптан бастап тек қытайша оқытатын мектепке берді. Сонда ол Қытайдың қандай саясатына қарсы шықты? - дейді ол.

"Қытайда туыстарымыз өмірлік түрме жазасын алды" деген қазақстандықтар биліктен араша сұрады. Алматы, 2 қазан 2020 жыл.
"Қытайда туыстарымыз өмірлік түрме жазасын алды" деген қазақстандықтар биліктен араша сұрады. Алматы, 2 қазан 2020 жыл.

Қытайда сотталған үшеудің Қазақстандағы жақындары 2 қазанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында "олар қорғаушылары арқылы сотқа қайта арыз түсірді, бірақ ақталатындарына сенім жоқ" дейді.

Азаттық үш қазақтың сотталған дербес түрде тексере алмады. Қытайдағы онлайн сотқа қатысқан этникалық қазақтар қауіптеніп, сот отырысы жайлы қандай да бір дерек, құжат беруден бас тартқан.

Ахат Әшу Қытайда қамалған туыстарына араша сұрап Қазақстан сыртқы істер министрлігіне бірнеше рет арыз жазғанын, одан еш нәтиже шықпағанын, "Қытайдың ішкі ісіне араласпаймыз" деген жауап қана алғанын айтады.

Азаттық тілшісі Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне, Қазақстан сыртқы істер министрлігіне бірнеше мәрте қоңырау шалғанымен, ешкім жауап бермеді.

Азаттық Қытайда сотталған үш қазақтың ісі жайлы білмекке Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның атына арнайы хат жазып, ресми сауал жолдады. Мақала шыққанға дейін жауап келмеді.

Қазақстанда бұған дейін де бірнеше адам Шыңжаңда туыстарының түрлі айыппен түрмеге, қайта тәрбиелеу орталықтарына қамалып жатыр деп Нұр-Сұлтаннан араша сұраған. Қазақстан билігі Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың сотталуын "Олар Қытайдың азаматы және соттар Қытайдың ішкі ісі" дейді.

Халықаралық ұйымдар және Батыс елдері Қытай билігі кейінгі уақытта Шыңжаңда ұйғырларға, қазақтарға және басқа да мұсылмандарға қысымды күшейтті деп санайды. БҰҰ есебінше, Пекин Шыңжаңда бір миллионнан астам мұсылманды лагерьге қамаған. Қытай билігі Шыңжаңдағы әрекетін экстремизм, терроризммен күрес деп атайды. Пекиннің мәліметінше, 2014-2019 жылдары Шыңжаңда шамамен 7,7 миллион адам "қайта тәрбиелеу орталығында кәсіп меңгеріп шыққан". Бұл орталықта болып шыққан қазақтар мен ұйғырлар ол жерлер түрме және лагерьден кем емес деп сипаттайды.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG