Accessibility links

"Демографиялық геноцид". Пекинді ұйғыр мен қазақтың бала тууын шектеді деп айыптады


Бала көтерген ұйғыр келіншегі Шыңжаңдағы Хотан қаласында базарда жүр. Көрнекі сурет.
Бала көтерген ұйғыр келіншегі Шыңжаңдағы Хотан қаласында базарда жүр. Көрнекі сурет.

Қытайдың солтүстік-шығысындағы ахуал жайлы жарияланған жаңа баяндамада биліктің Шыңжаң өлкесінің байырғы тұрғындары – ұйғырлар, қазақтар мен өзге де ұлттардың санын азайтуды көздейтін ауқымды науқаны туралы айтылған.

"РЕПРОДУКТИВТІК АВТОНОМИЯҒА ҚОЛ СҰҒУ"

Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді ислам дініндегі этникалық топтардың санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепцияны қолдануға мәжбүрлеп жатыр. 29 маусымда жарияланған баяндамада осындай қорытынды жасалған.

Қытай бойынша сарапшы Адриан Зенц жазған баяндамада Пекиннің бұл саясатын баяу демографиялық "геноцидке" теңеген. Баяндамадан соң Қытайдың әрекетін халықаралық тергеу туралы ұсыныстар мен талаптар айтылды. Ресми Пекин тағылған айыпты "негізсіз" деп атады.

Халықаралық қауымдастық Шыңжаңдағы мұсылман этникалық топтардың миллионнан аса өкілін концентрациялық лагерьге қамағаны үшін Қытай билігін сынап келеді. Ресми Пекин бұл мекемелерді "қайта даярлау және білім беру орталықтары" деп атап, олардың сепаратизм, терроризм мен экстемизмге қарсы күресу үшін құрылғанын айтады.

Ұйғырлар – Шыңжаңдағы ең ірі түркітілді диаспора. Екінші орында – қазақтар. Қытайдың бұл өңірінде қырғыздар, тәжіктер, татарлар мен дүнгендер де тұрады. Саны жағынан екінші орында Қытайдағы ең ірі этнос – хансулар (ханьдықтар) тұр.

Шыңжаңдағы ұлты қытай емес топтардың көбею қабілетін биліктің жүйелі түрде шектеп отырғанын анықтаған Зенц баяндамасын мемлекеттік құжаттарға, аймақтың статистикасына, түрлі сұхбаттарға сүйене отырып жасаған.

"2016 жылдың соңында басталған жойқын басып-жаншу Шыңжаңды айдаһар полиция мемлекетіне айналдырғалы бері, куәгерлер мемлекеттің репродуктивтік автономияға жаппай қол сұғып отырғанын айтып келеді" делінген баяндамада.

Баяндамада биліктің бала тууды шектеу саясатын бұзған әйелдерді еркінен айырып, күштеп "лагерьге" жіберетінін айтып қорқытып отырғаны жазылған. Билік бұйрығына мойынсұнбаған әйелдердың жасанды түсік жасатудан бас тартуын оларды жазалауға негіз деп табады.

Ал мемлекет рұқсат еткен екіден (немесе ауылды жерде үш баладан) кем баласы бар кейбір әйелді жүктіліктен сақтайтын арнайы зат қолдануға мәжбүрлеген.

Бұған қоса Зенц баяндамасында әйелдерді бала көтеру қабылетінен айыратын ота жасатуға мәжбүрлейтіні немесе оларға инъекция жасап, соның салдарынан әйелдердің етеккірі тоқтап қалғаны немесе әдеттен тыс уақытта келгені байқалғаны айтылған. Мұның бәрі жүктілікке қарсы шаралар қолданылғанын көрсетеді деп жазады есеп авторы.

Сонымен бірге Қытай отбасыларды бір-бірінен күштеп айыру саясатын жалғастырып келеді делінген баяндамада.

Үкімет құжаттарына сәйкес, билік өкілдері ауылды жердегі әйелдерді жүкті болып қалудан сақтану үшін гинекологқа жиі қаралып, тексеріліп отыруға мәжбүрлейді.

"ХАНСУЛАРДЫҢ ҚОНЫСТАНУ КОЛОНИАЛИЗМІ"

Үкімет деректерінің сараптамасы Шыңжаңдағы демографиялық табиғи өсімнің едәуір баяулағанын көрсетеді. 2015-2018 жылдары ең ірі екі ұйғыр префектурасында бала туу көрсеткіші 84 пайызға азайған. Көрсеткіштің төмендеуі 2019 жылы да байқалған.

Үкімет мәліметіне қарағанда Шыңжаңның оңтүстігінде әйелдерді жаппай бала туу қабілетінен айыру жұмыстары жаппай жүргізіледі. Бұл шара көбіне екі немесе үш баласы бар ұйғыр әйелдеріне қарсы қолданылады.

Баяндамада биліктің төрт ауылдық аймақта бала көтеретін жастағы әйелдердің 20 пайызын ұрықсыздандыруды немесе жатырына жүктілікке қарсы спиральді мәжбүрлеп салуды жоспарлап отырғаны айтылады.

Шыңжаңда жүктілікке қарсы жұмыстардың қаншалықты белсенді жүріп жатқанын мынадан көруге болады. 2018 жылы бүкіл Қытай көлемінде жасалған жатырға спираль салудың 80 пайызы Шыңжаңның үлесіне тиеді. Ал Шыңжаңда ел халқының бар болғаны 1,8 пайызы ғана тұрады.

Бұған дейін Қытай коммунистік партиясының этникалық хансуларды түркітілдес ұлттардан әйелдерді алуға үндеп отырғаны хабарланған. Ол әйелдердің кейбірінің күйеуі "лагерьде" отырғаны немесе сонда көз жұмғаны айтылады.

Бұған қоса билік Шыңжаңның этникалық құрамын өзгерту үшін аймаққа көшіп келген хансуларға жұмыс, жер мен экономикалық субсидиялар беріп отыр. Баяндама авторы Қытай билігін "хансулардың қоныстану колониализмін" жүргізіп отыр деп айыптаған.

Баяндамада Қытайдың Шыңжаңда жүргізіп отырған саясаты БҰҰ-ның геноцид туралы Конвенциясындағы "[этникалық] топтағы бала тууға қарсы шаралар" жайлы критерийіне дөп келетіні айтылған.

"Қамауда денсаулықтан айырылдым". Қытайдың саяси лагерін көргендер жиыны (Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 ж.)

"Қамауда денсаулықтан айырылдым". Қытайдың саяси лагерін көргендер жиыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

АҚШ мемлекттік хатшысы Майкл Помпео Қытай компартиясы тарапынан жасалып отырған "ең негізгі құндылық саналатын адам өмірі мен адамгершілік қадір-қасиетті мүлде мансұқ етуді" тоқтатуды талап етті.

Солтүстік Америка, Еуропа мен Австралия елдерінің парламент мүшелері енген Қытай жөніндегі парламентаралық альянс "[Шыңжаңда] адамзатқа қарсы қылмыс немесе геноцид жасалған я жасалмағанын" анықтау үшін БҰҰ-ның тексеру жүргізуін талап ететінін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG