Accessibility links

"Лагерьден соң жұмысқа жегілген" қазақтардың хикаясы


Саяси үйрену лагерінде отырған туыстарымен кездесуге келген адамдар кезек күтіп тұр. Қытай, Шыңжаң-ұйғыр автономиялық өлкесі, 3 желтоқсан 2018 жыл.
Саяси үйрену лагерінде отырған туыстарымен кездесуге келген адамдар кезек күтіп тұр. Қытай, Шыңжаң-ұйғыр автономиялық өлкесі, 3 желтоқсан 2018 жыл.

2017-2018 жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде саяси тәрбиелеу лагерінде болған этникалық қазақтар лагерьден кейін де мәжбүрлі түрде жұмыс жегілгендерін айтады. Олардың кейбірі "киім тіксе", екіншісі "киімдерді үтіктеумен" айналысқан.

"УӘДЕ ЕТКЕН АҚШАНЫ БЕРМЕДІ"

Қытайдың Шыңжаң өлкесі Құлжа аймағында туған, қазір Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында тұратын 42 жастағы Ержан Құрманұлы 2018 жылдың ақпанынан қарашасына дейін лагерьде отырып шығып, кейін "екі ай құлдыққа жегілгенін" айтады.

- 2015 жылы Қазақстанға қоныс аудардым. Бірақ 2017 жылы екінші топтағы мүгедек баламды емдеуге [Қытайға] қайта барғанда жергілікті сақшылар (полицейлер – ред.) құжаттарым алып, кері қайта алмай қалдым. Кейін 19 жастағы екінші топтағы мүгедек қызыммен бірге лагерьге қамады. Лагерьден шыққан соң бірден Қазақстанға қайтпадым. Екі ай құлдықта жұмыс істедім, - дейді ол.

Шыңжаңдағы "саяси тәрбие лагерьлерінің" бірі. 2 маусым 2019 жыл.
Шыңжаңдағы "саяси тәрбие лагерьлерінің" бірі. 2 маусым 2019 жыл.

Құрманұлының сөзінше, ол киім және тоқыма өнімдерін шығаратын жердегі қолғап тігетін цехта істеген.

- Үш қабатты ғимаратта 250-дей адам болды. Бірінші қабатында 75 адам тек дайын қолғапты үтіктеумен айналысатынбыз. Екі ай жұмыс істеген кезде 300 юань (шамамен 43 доллар) ғана алдым. Жұмыс таңғы сегізден кешкі алтыға дейін болады. Түсте бір сағат үзіліс. Жұмысқа барып келу шығыны, түскі асқа ақшаны өз қалтамыздан шығарып отырдық, Бұл құлдық демей немене? - деп еске алды ол.

Ержан Құрманұлының айтуынша, Құлжа ауданының орталығында болған. Аудандық әкімшілік оларды қолғап тігу цехына апарған кезде айына 650 юань (шамамен 94 доллар) төлеп тұруға келіскенімен, берген уәде орындалмаған.

- Жұмысқа барып келу үшін ол бірнеше жерге арыз жазып, 300 юань алдым. Бірақ Қазақстанға қайтар кезде цех басшылығы 300 юань қарыз екенімді айтып, жібермей қойды. Құлжа ауданы әкімдігіне арыз жазып жүріп, жұмыстан әрең босап, Қазақстанға оралдым, - дейді ол.

Қытай мемлекеттік телеарнасының (CCTV) Хотандағы "кәсіпке баулу орталығы" туралы видеосынан скриншот.
Қытай мемлекеттік телеарнасының (CCTV) Хотандағы "кәсіпке баулу орталығы" туралы видеосынан скриншот.

Бұған дейін Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) институт ашық дереккөздер, спутниктен түсірілген суреттер, БАҚ материалдары мен зерттеу жұмыстары негізінде жасалған есебінде Шыңжаң тұрғындарын жұмысқа жегуді "Қытайдың ұйғырларға қарсы саясатының келесі кезеңі" деп атаған.

Институттың зерттеуі бойынша, 2017-2019 жылдары арасында лагерьден шыққан 80 мың ұйғыр Шыңжаңнан Қытайдың 9 аймағындағы 27 фабрикаға "күштеп" жұмысқа жіберілген. ASPI есебінде Қытай билігінің ұйғырларды Apple, Samsung, Sony, Cisco, HTC, Dell, Google, Microsoft, Adidas, Nike, H&M, Uniqlo, Zara, Mercedes-Benz, Volkswagen, Lenovo, Asus, HP, LG, Land Rover сынды компанияларға серіктес қытайлық фабрика-зауыттарға жөнелткені жазылған.

Институт зерттеуінде жұмысшыларға өте аз ақша төленгені жазылады.

"БАҚЫТТЫ АДАМНЫҢ ДА РӨЛІН СОМДАДЫМ"

Қазақстанға Шыңжаңдағы Құлжа аймағынан келген этникалық қазақ Сейсен Базарәлі де Қытайдағы лагерьден шыққан соң мәжбүрлі түрде жұмыс істегенін айтады.

- [Лагерьге] 2018 жылы ақпанда түсіп, қазанның 3-і күні шықтым. Шыққан кезде "бір апта үйіңде боласың. Ешқайда, тіпті туысыңның үйіне де бармайсың" деді сақшылар. Бір апта өткеннен кейін жергілікті сақшы бөліміне шақырды. Сол жерден мені Құлжа ауданының орталығында орналасқан киім тігу фабрикасына жіберді. "Жұмысқа барсаң да барасың, бармасаң да барасың" деп айтты, - дейді Сейсен.

Қытайдың ішкі құпиясы. 11 наурыз 2019 жыл.

Қытайдың ішкі құпиясы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:11:11 0:00


Сейсен Базарәлі киім тігу фабрикасында жұмысқа киетін жеңіл күртеше мен шалбар, ерлер мен әйелдерге арналған көйлек және иыққа асатын сөмкелер тіккенін айтады.

- Жұмыс бастамас бұрын бір апта тігудің қыр-сырын үйретті. Киім тігу фабрикасында үш ай жұмыс істедім. Бірінші айда 200 юань (шамамен 29 доллар), екінші айда 700 юань (100 доллар), үшінші айда 800 юань (115 доллар) төледі. Бұл ақшаға Қытайда бірнеше күн ғана өмір сүруге болады, - дейді ол.

Сейсен Базарәлі 2019 жылы мамырда Қазақстанға түпкілікті қоныс аударған. Қазір Алматы облысы Ұзынағаш ауылында тұрып жатыр. Қазақстан азаматтығына құжат тапсырып қойғанын айтады.

Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Манарбек Қабазиев Шыңжаңдағы "тәрбиелеу орталықтарының" бірінде жүр. Желтоқсан, 2018 жыл. Reuters видесоынан скриншот.
Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Манарбек Қабазиев Шыңжаңдағы "тәрбиелеу орталықтарының" бірінде жүр. Желтоқсан, 2018 жыл. Reuters видесоынан скриншот.

Ал 28 жастағы дизайнер Дина Нұрдыбай да Шыңжаңдағы лагерьден шыққан соң еріксіз жұмысқа тартылғанын айтады. Оны 2017 жылы қазанда "қолына кісен салып, лагерьге алып кеткен".

- Ел ішінде "қара түрме" деп аталған орталықта саяси тәрбиелеуден өттім. Орталықта 11 ай отырып, 2018 жылы қыркүйекте шықтым. Бізді, саяси лагерьде отырғандардың барлығын, Қытайдың ішкі аймақтарына зауытқа жұмысқа алып кетеміз деді. Бірақ мен ол кезде тұрмысқа шыққанмын, аяғым ауыр еді. Сондықтан ауданда алып қалды. 2019 жылы қыркүйек айында Іле-Қазақ автономиялы аймағы Нылқы ауданындағы саяси лагерьге жұмысқа қайта апарды. Лагерьде отырғандарға киім тігуді үйрете бастадым. Мені ол жерге апарар алдында ешкім "оқытушы боласың ба?" деп сұрамады да. Лагерьде жұмысқа барғанда бір айырмашылық еркін-жүріп тұрғанымда ғана болды, - дейді Дина Нұрдыбай.

Дина "кейде саяси тәрбиелеу орталығына сырттан комиссия келгенде оқытушы киімін киіп, лагерьдегілерге киім тігуді үйретіп отырған кездері болғанын" айтады.

- Тіпті бірде қаражорға биін билеп, "бақытты" адамның рөлін де сомдадым, - дейді ол.

Дина Нұрдыбай 2019 жылы Қазақстанға қоныс аударған.

Шыңжаң лагеріндегі "бақытты өмір" және "халал тамақ". 7 қаңтар 2019 жыл.

Лагерьдегі "бақытты өмір және халал тамақ"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00


Қытай билігінен қысым көрген Шыңжаңдағы қазақтар мен өзге де ұлттардың мәселесімен айналысқан белсенді Серікжан Біләштің есебінше, Шыңжаңдағы мұсылмандарды жұмысқа жегу 2018 жылы басталған.

Белсенді Серікжан Біләш. Алматы, 4 наурыз 2020 жыл.
Белсенді Серікжан Біләш. Алматы, 4 наурыз 2020 жыл.

- 2018 жылдан бастап ішкі Қытайда қымбатшылық басталды. Соның салдарынан 1000 доллар жалақыға есік күзететін күзетші табылмай жатқан кезде химия зауыттарында, бояу цехтарында 150 доллар айлыққа қазақтарды, қырғыздарды, ұйғырларды жұмысқа жекті. Яғни, билік пен зауыт қожайындары бірлесіп, адамдардың еңбегін қанап отырды, - дейді ол.

Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін "мәжбүрлі түрде жұмысқа жегу" туралы бұған дейін де халықаралық ақпарат құралдары жазды.

Мысалы, америкалық The New York Times газеті Қытай Шыңжаңдағы лагерьден шыққан мыңдаған адамды үйлеріне қайтармай лагерьге жақын жерде ашылған зауыт-фабрикаларда жұмыс істеуге мәжбүрлегенін жазады.

БҰҰ Қытайдың Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды "саяси тәрбие лагеріне" қамағанын мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Шыңжаңдағы "тәрбие" орталықтары.
Шыңжаңдағы "тәрбие" орталықтары.

Батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың қысымынан кейін Пекин "лагерьде отырғандардың бәрі кәсіп меңгеріп, оқуын аяқтап шықты" деп мәлімдеген.

Пекиннің Шыңжаңдағы мұсылмандарға қалай қысым жасағаны, оларды қалай қамағаны жайлы бұған дейін де бірнеше құпия құжат жария болған.

  • Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) жариялаған құпия құжаттарда "Қытай басшысы Си Цзиньпиннің өзі Шыңжаңдағы мұсылмандарды бақылауға алуға бұйрық бергені" жайлы деректер айтылған.
  • 2019 жылғы қарашада америкалық New York Times басылымы жария еткен "Қытай билігіне тиесілі құпия құжатта" мұсылмандар тұратын аудандарды үнемі тексеру қажеттігі айтылады.
  • Ұлыбританиялық ВВС арнасы мен америкалық Associated Press ақпарат агенттігіне түскен "құпия құжатта" Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатыны жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG