Accessibility links

"Видеомен сөйлескенде Қазақстан туы, құранды жасырамыз". Қытайда қалған жақынын күткендер


Туыстары Шыңжаңда қамауда отырған немесе Қытай билігі оларды елден шығармайтынына шағым айтқан қазақтар . Нұр-Сұлтан, 2019 жылдың қараша айы.
Туыстары Шыңжаңда қамауда отырған немесе Қытай билігі оларды елден шығармайтынына шағым айтқан қазақтар . Нұр-Сұлтан, 2019 жылдың қараша айы.

Шыңжаңда мұсылмандарға қысым басталғалы Қазақстанда тұрып жатқан біраз адам Қытайда қалып қойған жақын-жуығынан ажырап қалды. Азаттық Шыңжаңнан шыға алмай отырған туысын бірнеше жылдан бері сарыла күтіп жүрген бірнеше адамның хикаясын ұсынады.

"КҮЙЕУІМ ҚЫТАЙ ЖАҒЫНА АЖЫРАСҚАНМЫН ДЕЙДІ ЕКЕН"

2017 жылы Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Пәттігүл Төлеген Шыңжаңда қалып қойған күйеуі Тұрған Тұрдықожаны үш жылдан бері күтіп жүр. 37 жастағы әйелдің сөзінше, олар Қазақстанға көшерде Қытай тарабы күйеуін жібермей қойған. Өзі екі баласымен Қазақстанға көшуге бел байлаған.

Пәттігүл Төлеген Азаттыққа сұхбат беріп отыр.
Пәттігүл Төлеген Азаттыққа сұхбат беріп отыр.

– 2000 жылы шаңырақ көтердік. Қазақстанға көшкенге дейін Шыңжаң өлкесі Құлжа қаласында тату-тәтті өмір сүрдік. 10 жылдай Құлжа қаласындағы ауруханалардың бірінде мейіргер болып істедім. Ал күйеуім ішкі істер саласының қызметкері. Күйеуімнің Қазақстанға келуіне кедергі болған тап осы қызметі. Қытай жағы мемлекеттік қызметте істейтін күйеуімді оңай жібермейтінін сездік. Десе де құжаттарды реттеп, Қазақстанға көшу туралы ортақ шешім қабылдадық, – дейді ол.

Пәттігүл қазір екі ұлы – 19 жастағы Айзат, 11 жастағы Ділшатпен Павлодар облысы Успенка ауданы, Ольгино ауылында тұрып жатыр. Үшеуі Қазақстан азаматтығын алған. Пәттігүл "үйде ер азаматтың жоғы әйелге салмақ салады, бірақ өзімді емес, ұлдарымның әкесіз өсіп жатқанына алаңдаймын" дейді.

Қазір айына екі, кейде бір рет жасырынып сөйлесеміз. Қысым әлі бар.

– Басында Тұрған телефон арқылы хабарласатын. Жиі болмаса да, жөн алысып тұрдық. Кейін сирей түсті. Қазір айына екі, кейде бір рет жасырынып сөйлесеміз. Қысым әлі бар. Қытай тарабына "ажырасқам, бала-шағаммен араласпаймын" дейді екен. Амалсыз солай айтады. Әйтпесе отбасынан бас тартатындай не күн туды?! Өліп қалса, бір басқа. Артынан жоқтап, тірлігіңді жасай бересің ғой. Көзі тірі тұрып, балаларымның жартылай жетім қалғаны қиын екен, – дейді ол.

Тұрған мен Пәттігүлдің тұңғышы Айзат биыл мектеп бітіріп, әскерге барғалы жатыр. Кішісі Ділшат 5-сыныпқа көшкен. Күйеуін сарыла күткен әйел көмек сұрап жазған арыздарынан нәтиже болмағанын айтады.

– Балаларым Қытайға барайық, әкемізді сағындық дейді. Кейде достары "әкең жоқ" дейтін көрінеді. Намыстанып, жылап келген кездері болды. Оған менің жүрегім ауырады. Әрине, қай-қайсымызға да оңай емес. Кейде көрші-қолаң "күйеуің бары рас па?", "ол қашан келеді?", "балалардың әкесі қайда?" деп сұрайды. "Жұмыстарымен Қытайдан келе алмай жатыр, келеді" деймін. Бәріне түсіндіріп жатпайсың ғой. "Үмітсіз – шайтан" дейді, бірақ қазір үміттен күмәнім басымырақ. Бұрын әр жерге шағымданып, көмек сұрағам. Еш өзгеріс болмаған соң, қойдым. Бұйырғаны болар. Ендігі бар арманым балаларымды жеткізу, – дейді көңілі босаған Пәттігүл.

Қытайда қалған күйеуін күткен әйел (2018 жылы түсірілген видео)

Қытайдағы күйеуін күткен Пәттігүл
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:32 0:00

ШЕКАРАНЫҢ ЕКІ БЕТІНДЕ БӨЛІНІП ҚАЛҒАН КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫ

Қытайда төрт бірдей жақыны қалған Нұр-Сұлтан тұрғыны Әділхан Қалиярұлы шекараның арғы бетіндегі аға-бауырымен телефон арқылы әлі де "абайлап сөйлесіп жүр".

Бәрінен де анама қиын. 80 жасқа келгенде балалары екі жаққа бөлініп қалды.

– Тоғыз ағайындымыз. Бесеуіміз Қазақстанға көшіп келдік, төртеуі сонда қалды. Келгісі келгенімен, құжаттарын ала алмай жүр. Былтыр мүлде хабарласа алмай, қиналып едік. Қазір арасында WeChat (Қытайдың әлеуметтік желісі – ред.) арқылы видеомен сөйлесеміз. Бірақ оның өзінде артымызда Қазақстан туы, мешіт, жайнамаз сияқты дүниелер көрінбеуі керек. Ондай бірдеңе шықса, арғы беттегі туыстарға кесіріміз тиеді. Әңгіме амандық сұрасудан аспайды. Бәрінен де анама қиын. 80 жасқа келгенде балалары екі жаққа бөлініп қалды. Шешем Қытайға бір барып, балаларын көргісі келеді. Бірақ мүмкіндік жоқ, – дейді ол.

Әділхан Қалиярұлы.
Әділхан Қалиярұлы.

Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі Баркөл автономиялық аймағында әділет саласында 23 жыл істеген Әділхан Қалиярұлы Қазақстанға көшер алдында "қызметтен өз еркімен кеткен".

– Қазақстанға көшем десем, [Қытай] жібермеді. Кейін "кәсіп ашам, бизнеспен айналысып, мемлекет дамуына үлес қосам" деп өтініш жазып жүріп, қызметтен шықтым. Бір ебін тауып төлқұжатымды алдым. Алдымен анам мен кіші ұлымды, сосын өзім, кейін әйелім мен екі балам, былай айтқанда бөлініп-жарылып жүріп Қазақстанға келдік. Бәріміз Қазақстан азаматтығын алдық, – дейді ол.

"КЕНЖЕ ҰЛЫМ САҒЫНДЫМ ДЕП ЖЫЛАЙДЫ. ЖАНЫМ АУЫРАДЫ"

Әділханның әпкесі Алтынхан Қалиярқызы Қазақстанға былтыр қарашада келген. "Кәрі шешеме барып қайтам деп рұқсат алып, шекара астым" дейді. Келе сала құжаттарын реттеп, Қазақстан азаматтығын алған. Бірақ арғы бетте балалары қалған.

14 жасар кенжем хабарласқан сайын "қашан алып кетесің, сағындым" деп жылайды. Жаным ауырады.

– 2018 жылы күйеуім ауырып қайтыс болған соң Қазақстандағы бауырым Әділхан үш балама және маған шақырту жіберді. Бірақ Қытай жағы "бір отбасыдан бір адам" деп маған ғана рұқсат берді. Өзім тұрақтаған соң ұлдарды шақыртып алам дегем. Болмады. Білуімше, үлкен ұлымда ғана төлқұжат бар, кейінгі екі ұлыма [құжат] бермепті. Балаларымды көрмегеніме бір жылға таяды. 14 жасар кенжем хабарласқан сайын "қашан алып кетесің, сағындым" деп жылайды. Жаным ауырады. Адам болған соң сөз де көп, "сендерді тастап кетті" дейтін көрінеді. Арамыз алыстап көрмеген. Күнара сөйлессек те, көңілі сынық. Бәрін ашып айта алмайды, бірақ жүрегім бірнәрсені сезеді. Ақыл айтатын, сүйеу болатын кезде қасында болмағаныма қапаланам, – дейді Алтынхан күрсініп.

Алтынхан Қалиярқызының Қытайда тұрғанда отбасымен бірге түскен суреті. Жеке архивтегі фото.
Алтынхан Қалиярқызының Қытайда тұрғанда отбасымен бірге түскен суреті. Жеке архивтегі фото.

47 жастағы Алтынхан Қытайда жеке кәсіппен айналысып, қыз жасауын тіккен. Кейін Қазақстанға көшіп келген соң Нұр-Сұлтандағы базардың бірінде тігін шеберханасын ашқан. Екі апта бұрын Қазақстанда коронавирусқа байланысты жарияланған карантин талаптары жеңілдегенде Алтынхан сүйікті ісін қайта бастаған.

– Тапсырыстар бар. Кестелі көрпе, жастық дегендей. [Қазақстанда] әлі үй алғам жоқ. Балалар келмеген соң, құлшынбадым. Төркінімде жүргеніме жылға жуықтады. Жалғыз қайда барам? Арманым – ұлдарыммен қайта қауышу. Ұлдарым үй шаруасына жоқ еді. Арамыз ажырап қалған соң бәрін үйреніп алған. Қайтсін, үйренеді. Сөйлескенде "шеше, бүгін мына тамақты пісірдік, дәмді болды" деп мақтанады. Ұл болса да кір жуып, үй жинап, тез есейді балаларым, – дейді Алтынхан Қалиярқызы.

Алтынхан Қалиярқызының әңгімесі

Үш баласы Қытайда қалған ананың мұңы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:09 0:00

"ҚЫТАЙ БИЛІГІ ӨЗІ ОҚЫТЫП АЛЫП, КЕЙІН СОТТАП ЖІБЕРДІ"

Жақынынан ажырап, әр жерге арызданып, көмек сұрап жүргендердің бірі – Алматы тұрғыны Алмахан Мырзан. Ол 58 жастағы туған ағасы Бақытхан Мырзанның Қытайда жазықсыз сотталғанын айтып шағынады.

– Ағам – молда. Кезінде Қытай билігі өзі оқытып, диплом берген. Бірақ елде этникалық азшылық өкілдеріне қысым басталғанда қудалауға ұшырап, қамауға алынған. 2018 жылы тамызда 14 жылға сотталды. Дінге жақын болғаны үшін сотталды деп ойлаймын. Сол жақтағы жеңгем ағамның денсаулығы сыр бергенін айтты. Ағам 2-топтағы мүгедек, жүрек, бүйрек, қысым, кейін рак ауруына шалдыққанын естідік, – дейді ол.

Алмахан Мырзан Қытайда сотталған ағасы Бақытхан Мырзанның суретін көрсетіп тұр.
Алмахан Мырзан Қытайда сотталған ағасы Бақытхан Мырзанның суретін көрсетіп тұр.

Алмахан Мырзан Қазақстанға 2003 жылы көшіп келген. Айтуынша, басқа ағайын-туысы Қытайда тұрады.

– Сегіз ағайындымыз. Алты қыз, екі ер бала. Бақытхан ағам қорғаным еді. Екі ұлы, екі немересі бар. Кенжесі биыл жазда үйленді. Жеңгем айына екі рет ағаммен сөйлесіп тұратын. Артық ештеңе айтпай, ара-тұра маған ағамның, өздерінің хал-жағдайы жайлы хабар беріп тұрушы еді. Бірақ үш ай болды ол жақтағы туыстарыммен байланыс жоқ. Телефон шалсам, көтермейді. Хатқа жауап жазбайды. Не болғанын білмеймін, – деп алаңдайды Алмахан.

Азаттық тілшісі сөйлескендердің бәрі де Қытайдағы туыстарына көмек беруді сұрап, Қазақстан сыртқы істер министрлігіне арызданған айтады. Коронавирус індетінің тарауы да олардың арғы бетте қалған туыстарының жағдайына алаңдауына қосымша бір себеп болған.

Азаттық министрлікке хабарласып, олардың өтініші туралы сұрағанда ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров бұл азаматтардан арыз түскенін, әрбіріне жауап берілгенін хабарлады. Бірақ әр адамға қандай жауап берілгенін, олардың арызына байланысты қандай шешім я көмек болғанын ашып айтпады.

Ал сыртқы істер министрлігінің Алмахан Мырзанға берген жауабында "Туысыңыз [Бақытхан Мырзан] Қытай азаматы болғандықтан сол елдің құзіретті органдары оның мәселесін Қытайдың ішкі заңына сәйкес қарастыратынын мәлімдеді. 1963 жылғы 18 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясына сай, бір елдің екінші елдің ісіне араласуына құқығы жоғына назар аударамыз. Дегенмен Қазақстан СІМ сіздің өтінішіңізді әділетті қарастыру үшін отбасы мүшелерінің бірге тұруы әрі ажырамауы туралы халықаралық және Қытай заңдарындағы қағидаттарды назарға ала отырып, бақылауға алды және оң қарастыру үшін Қытай тарабына өтініш білдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр" деп жазылған.

Қазақстанда Қытайдағы туыстарынан ажырап қалған нақты қанша адам бары белгісіз, ондай статистика жоқ. Бірақ елде туыстары Қытайда қалып, қысым көргенін айтқан азаматтар үкіметтен көмек сұрап, жиі наразылыққа шығады. Олардың арасында "жақыны Шыңжаңдағы қысымға тап болып, лагерьге қамалғанын" айтқандар бар. Кейбірі "туысқандарымыз құжатсыз қалып, Қазақстанға өте алмай отыр" дейді. Азаттық ата-анасы Қытайда қалған, өздері Қазақстанда тұрып жатқан балалар жайлы да жазған.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қытай билігін Шыңжаң өлкесінде тұратын ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандардың құқығын шектейді және оларды күштеп ассимиляциялап, тілін, мәдениетін жойғысы келеді деп сынайды. Кейінгі жылдары Шыңжаңдағы жағдайға әлем қауымдастығы назар аударды. Қытай билігі аймақтың байырғы тұрғындары – түркітілдес ұлт өкілдеріне қысым көрсетіп, оларды "саяси тәрбие лагеріне" күштеп отырғызғаны туралы куәгерлер де Азаттыққа айтқан. Хабарларға қарағанда, жабық мекемелерде адамдарды қорқытып-үркітіп, діннен бас тартуға (Шыңжаңдағы түркітілдес ұлттар ислам дінін ұстанады) және қытай тілін үйренуге мәжбүрлейді.

2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы "лагерьлерде" бір миллион шамасында адам отырған болуы ықтимал деп мәлімдеген. Әуелгі кезде Шыңжаңдағы қысым мен лагерьлер жайлы айыптарды терістеп келген Қытай билігі кейін бұл саясатын "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған. АҚШ Пекиннің Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысымын айыптап, Қытай шенеуніктеріне санкция салған.

<

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG