Accessibility links

"Намаз оқисың ба деп сұрады". Шыңжаңда тұтқында болған әйелдің хикаясы


Гүлзира Әуелханқызы. Алматы, 21 қаңтар 2019 жыл.
Гүлзира Әуелханқызы. Алматы, 21 қаңтар 2019 жыл.

Қытайдың этникалық қазағы Гүлзира Әуелханқызы Азаттыққа Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагеріне" қалай түскенін айтып берді. Ол "лагерьде" қандай қиындық көргенін, фабрикада еркінен тыс жұмыс істегеннен кейін Қазақстанда қалған отбасына қалай оралғанын баяндады.

Гүлзира Әуелханқызы журналистер мен құқық қорғаушылармен кездесуге үнемі бес жасар қызы Баян және күйеуі Тұрсынжанмен бірге келеді. Ол "саяси тәрбиелеу лагерінде" болған кезде екі жылға жуық уақыт көрмеген қызын бауырына басып, құшақтай береді. Баян қолына тәтті ұстап, анасының телефонынан мультфильм қарауға кеткенде Гүлзира әңгімесін бастады.

40 жастағы Гүлзира Әуелханқызы – Қытайда туып өскен этникалық қазақ. Ол отбасымен бірге Қазақстанға 2014 жылы көшіп келген. Гүлзира Шыңжаңдағы Іле-Қазақ автономды округінің Тоғызтарау уезінде туған. Өзінің айтуынша, Қытайда бірқалыпты өмір сүрген: білім алып, жұмыс істеп, тұрмысқа шыққан. Шыңжаңда ұсақ кәсіпкерлікпен айналысқан Гүлзира тапсырыс бойынша қазақтың ұлттық ою-өрнектерін кестелеп, тігумен айналысқан. Меншік дүкен ашып, кейін оны сатып жіберген. Қазақстанға көшуді армандаған этникалық қазақтың атамекенге жетуге құлшынысы сонда барып-келген жергілікті қазақтардың әңгімесінен кейін бұрынғыдан да арта түскен. Гүлзира Шыңжаңды да ерекше жақсы көретінін, онда қалған туыстарын сағынып жүргенін айтады.

- Шыңжаңды жақсы көремін, бірақ [этникалық азшылық өкілдеріне қарсы жүргізіліп отырған – ред.] саясатпен келіспеймін. Туыстарым әлі сонда тұрып жатыр, - дейді Гүлзира Әуелханқызы.

КӨЛІККЕ ЖАСЫРЫЛҒАН ТӨЛҚҰЖАТ

Бәрі 2013 жылы басталған. Гүлзираның айтуынша, сол кездің өзінде Шыңжаңда жергілікті қазақтар мен ұйғырлардың төлқұжатын тартып ала бастаған.

- Құлжада үй-үйді аралап, өздерін қауіпсіздік қызметкерлері немесе жергілікті билік өкіліміз деп таныстырған адамдар халықтың төлқұжатын жинап алды. Біз құжатымызды көлікке жасырып қойдық, ал күйеуім такси жүргізушісі болып ақша табуға кетті, - дейді Гүлзира Әуелханқызы.

Ол кезде алты айға толған қызы Баянға енді ғана төлқұжат жасатып, Қазақстанға кетеміз деп үміттеніп отырған ерлі-зайыпты осындай қадамға баруға мәжбүр болған. 2014 жылы Гүлзира отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған. Олар тұрғылықты мекенжай анықтамасын алып, кейінірек Тұрсынжан Қазақстан азаматы атанған. Гүлзира Қазақстанға көшкен күні көп кедергіге қарамастан, "арманы" орындалғанын айтады. Мәселен, күйеуі Тұрсынжанды 2012 жылы "оқуға" жіберген. Оны таңертең алып кеткен автобус кешкісін үйге жеткізіп отырған. Гүлзира оқу процесінің қалай өткенін білмейді, бірақ онда күйеуіне "діннен аулақ жүруді" ескертіп, курс аяқталғаннан кейін "жұмысқа орналастыруға" уәде берген.

ШЫҢЖАҢҒА ОРАЛУ

Шыңжаңнан келген отбасыға Қазақстанда жаңа өмір бастау оңай болмаған. Оның үстіне Гүлзираға мүгедек әкесі Әуелханның денсаулығы нашарлағаны туралы хабар жеткен. 2017 жылы әкесінің көңілін сұрау үшін Шыңжаңға баруға бел буған. Ол кезде Гүлзираның қолында Қазақстандағы тұрғылықты мекенжай анықтамасы мен Қытай төлқұжаты болған.

Қытайдағы туыстарын іздегендер талабы. Алматы, 22 қараша 2018 ж.

Қытайдағы туыстарын іздегендер тағы жиын өткізді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:53 0:00


2017 жылы жазда Гүлзираны тура шекарада Қытай шекарашылары ұстап, біреуге хабарласып, төлқұжатын беруін сұраған. Сол күні түнде Гүлзираны белгісіз жаққа алып кеткен: саусағынан қан алып, көзінің қарашығын сканерден өткізіп, суретке түсіріп, даусын диктофонға жазып алған. Гүлзира әкесімен сол күні де, одан кейінгі бірнеше айда да кездесе алмаған. Келесі күні Гүлзираға 15 тәулікке "тәрбиелеу лагеріне" баратынын айтқан. Бірақ 15 күн "лагерьдегі" 15 айға, кейінірек фабрикадағы бірнеше айлық еркінен тыс жұмысқа жегуге ұласқан.

- Мені [лагерьге] әкелген соң күзетшілер бәрімізді мұқият тексеріп, арнаулы форма берді. Осыдан кейін барлық туысымның аты-жөнін жазып алды. Сол күні маған "лагерьде" 800 әйел барын айтты. Маған олардың бәріне сәлем беруді тапсырды. Айтқандарын орындадым, өйткені басқа қайтерімді, ол жерде не үшін жүргенімді түсінген жоқпын, - дейді Гүлзира Әуелханқызы.

"ЛАГЕРЬДЕГІ" ӨМІР

- [Лагерьге] сырттай қарағанда, олар мұны тәрбиелеу орны деп атайды. Бірақ ішінде бәрі темір тормен шырмалған, - дейді Гүлзира.

Бірнеше "лагерьде" болған Гүлзираның айтуынша, "саяси тәрбиелеу орталықтарының" жүйесі бір-біріне ұқсамайды.

Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерьлерінің" бірі. Қытай, 7 қыркүйек 2018 жыл.
Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерьлерінің" бірі. Қытай, 7 қыркүйек 2018 жыл.

"Лагерьдегі" алғашқы күні Гүлзираға күріш беріп, жатақханаға жіберген. Келесі күні оған ерте тұрып, төсегін жинап, басқа әйелдермен бірге жүгіруді бұйырған. Жүгіріп келген соң әйелдер таңғы ас ішкен.

- Тамақ ішуге бес минут қана уақыт берді. Таңғы астан кейін сыныпқа кірдім. Ол жақта маған өзімді таныстырып, Қазақстанға сапарым туралы айтып беруді сұрады. Бәрін айтып бердім. Маған "Намаз оқисыз ба?", "Қазақстаннан басқа қайда бардыңыз?", "Түрмеде отырған туыстарыңыз бар ма?" деген сұрақтар қойды, - дейді Гүлзира Әуелханқызы.

Гүлзираны "лагерьге" жіберудің ресми себебін "шетелге шығу" деп көрсеткен. Бірақ ол "лагерьге этникалық қазақ болғаным үшін түстім" деп есептейді. "Лагерьде еркіндік жоқ. Әжетханаға баруға екі минут қана уақыт береді, сол уақыт ішінде шықпағандарды "басынан тоқпен ұрады". Осының кесірінен көп әйелдің аяғы ісіп, көздері қызарып жүретін. Барлық жерден зәрдің иісі шығатын" дейді Гүлзира.

Гүлзира басқа этникалық қазақ және ұйғыр әйелдер сияқты шетелдік ақпарат құралдарына аталған "лагерьлерде" болып жатқан заңбұзушылықтар туралы хабарлаған. Америкалық Washington Post басылымы 2019 жылы қазанда Шыңжаңнан Қазақстанға көшкен этникалық қазақ әйелдері туралы мақала жазған. Гүлзира Әуелханқызы мен тағы бірнеше әйел "лагерьлерде" зорлау болғаны мүмкін екені жайлы мәлімдеген. Гүлзира лагерьде өткізген 15 айында түн ішінде ажырасқан немесе тұрмысқа шықпаған ұйғыр қыздарды алып кеткенін бірнеше рет көргенін айтады.

- Менен "Гүлзира, неке туралы куәлігің бар ма?" деп сұрады. "Иә" дедім. Осыдан кейін мені мазалаған жоқ, - дейді ол.

Қытайдан Қазақстанға қашып, кейін Швециядан пана тапқан этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай Израильдің Haaretz онлайн-басылымына берген сұхбатында Шыңжаңда полиция қызметкерлерінің бір қызды бәрінің көзінше топ болып зорлағанына куә болғанын айтқан. Сайрагүл сұхбатында "Қызды зорлап жатқан кезде, бәріміздің реакциямызды бақылап тұрды. Артқа бұрылып, көзін жұмған, ашуланған адамдарды алып кетті. Оларды содан кейін көрген жоқпыз. Осы оқиғадан кейін түнде ұйықтай алмай жүрдім" дейді.

Гүлзира Әуелханқызының сөзінше, лагерьдегі өмір қиын болған, бірақ ол өзін жақын арада босатады деп үміттенген. Үміті ақталып, лагерьден босап шыққанымен, толық еркіндікке қол жеткізу үшін Гүлзираға тағы бір сынақтан өтуге тура келген.

2018 жылы қазанда Гүлзираны "лагерьден" босатып, Jiafang текстиль фабрикасына қолғап тігуге жіберген. Бұрын қазақ ою-өрнектерін кестелеуді кәсіп қылған Гүлзираға жаңа жұмысты тез әрі сапалы орындау бәрібір қиынға соққан. Ол фабрикадағы жұмысын "құл еңбегі" деп атап, бірнеше айлық еңбегі үшін небәрі 50 доллар ақы алғанын айтады.

Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерінің" бірі. Қытай, 3 желтоқсан 2018 жыл.
Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерінің" бірі. Қытай, 3 желтоқсан 2018 жыл.

Гүлзираның сөзін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес, бірақ көптеген халықаралық ақпарат құралы Шыңжаңдағы мәжбүрлеп жұмысқа жегу жүйесі туралы жазған. Онда "лагерьден" босаған адамдар жұмысқа жегілетіні, ал батыс компаниялары осындай зауыттармен әріптес болып отырғаны айтылады. Алайда жапондық Uniqlo компаниясы (күнделікті киім дүкендерінің желісі) сияқты бірқатар бренд Шыңжаң зауыттарымен жұмыс істеуден бас тартқан.

ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛУ ЖӘНЕ ҚОҚАН-ЛОҚЫ

Гүлзира Әуелханқызы Қазақстанға оралуы күйеуі Тұрсынжанның арқасы деп есептейді. Тұрсынжан Қазақстанда жүріп, жергілікті органдармен байланысып, қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұрап, әйелін босату үшін петиция әзірлеп, белсенділік танытқан.

Гүлзира Қазақстанға оралу үшін туыстарын "кепілге" қойып кеткенін айтады. "Кепіл" шартына сәйкес, ол жарты жылдан кейін Шыңжаңға қайтуға міндеттеме алған. Қайтып келмесең, туыстарың "лагерьге" немесе үйқамаққа түседі деп қорқытқан.

- Қытайда Қазақстанда адамдары барын, олар артық ештеңе айтпауымды қадағалап жүретінін ескертті, - дейді Гүлзира Әуелханқызы.

Гүлзира Қазақстанға 2019 жылы қаңтардың 5-і күні оралды. Ол "лагерьде" жүргенде өзіне ішінде белгісіз сұйықтығы бар ине салғанын, осыдан кейін денсаулығы нашарлағанын айтады. Мұны тұмауға қарсы екпе деп түсіндіргенімен, осы дәріден кейін Гүлзира адам аттары мен біраз оқиғаны ұмыта бастаған.

Гүлзира Әуелханқызы Қазақстанға оралғаннан кейін де біраз әуре-сарсаңға түскен. Бір айдан кейін, 2019 жылы ақпанда, Гүлзира Қазақстан азаматтығын алуға құжат тапсырып, бұл процесс біразға созылған. Гүлзираның отбасы қаржылық қиындықтарға, оларды Қытайға қайтаруы мүмкін деген қоқан-лоқыға кезіккен.

Гүлзира Әуелханқызы Қазақстанда белгісіз адамдар оған хабарлама жазып, "лагерь" туралы сұхбат беруін тоқтатуды талап еткенін айтады. Жаңа жыл қарсаңында оған Қытайға депортациялануы мүмкін екенін ескертіп, адвокат жалдауға кеңес берген.

- Қытайда болғанымда, маған "Сен – қазақтарды құтқаратын Қазақстан сияқты отаның бары үшін бақыттысың! Ұйғырлардың ондай елі жоқ" деп еді. Енді, міне, Қазақстандамын. Бірақ маған "Атажұрт" деп аталатын кішкентай ұйым ғана (Қытай қазақтарының мәселесімен айналысатын құқық қорғаушы қоғамдық ұйым – ред.) көмектесіп жүр. Қазір бойымды үрей билеп, таныс емес адамдардан қорқамын, - дейді ол.

Қоқан-лоқы туралы хабарламалардан кейін заңгер Ләззат Жапашева Гүлзира Әуелханқызын қорғауына алған. Қазір Жапашева "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының заңгері және "Закон Л.Company" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры қызметін атқарады.

- "Атажұртта" жүрген барлық оралман менен өздерінің мүддесін қорғауды сұрайды. Гүлзира Әуелханқызы адамдармен сөйлесуден қорқатындықтан, менің көмегіме жүгінді. Ол қатты үрейленіп қалған. Әлдекімдер оған қоқан-лоқы көрсетіп, "ананы істе, мынаны істе, болмаса азаматтық бермейміз" деп бопсалаған, - дейді Жапашева.

Ләззат Жапашева Гүлзира Әуелханқызының атынан миграциялық полиция қызметі туралы шағым берген. Біраз уақыттан кейін Жапашева Азаттыққа 2020 жылы қаңтардың 17-сі күні Гүлзира Әуелханқызына Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты берілгенін хабарлады.

Енді Гүлзираға есейіп қалған қызы Баянға жаңа төлқұжат жасату керек. Бірақ бұл жолы оған құжаттарын көлікке жасырудың қажеті жоқ.

Шыңжаңда ұйғыр, қазақ, қырғыз, татар және басқа түркі тілдес этнос өкілдерін жаппай ұстап, қудалап жатқаны және Қытай билігінің "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлерін құрғаны туралы ақпарат 2017 жылы көктемде тарай бастады. 2018 жылы БҰҰ-да Шыңжаң лагерьлерінде бір миллионға жуық мұсылман отыруы мүмкін екені айтылды. Басында "лагерьлер" туралы ақпаратты жоққа шығарған Пекин кейінірек оларды терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мақсатында ашылған "кәсіби оқыту орталықтары" деп таныстырды. АҚШ пен Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. Пекин бұл сынмен келіспейді.

Қазақстан билігі Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерьлері" тақырыбын айналып өтуге тырысады. 2019 жылы күзде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарынан кейін, Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді саяси қайта тәрбиелеу лагерьлерінде этникалық қазақтар жоғын мәлімдеген. Өткен жылдың желтоқсан айында президент Тоқаев Германияның Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында "Шыңжаңдағы қазақтарды қудалау туралы ақпарат шындыққа жанаспайды" деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG