Accessibility links

Орталық Азия елдері Шыңжаңдағы жағдай жайлы неге үнсіз?


Шыңжаңдағы жоғалып кеткен не қамауда отырған туыстарының суретін ұстаған адамдар “Атажұрт” қозғалысының кеңсесіндегі баспасөз мәслихаты кезінде. Алматы, 21 қаңтар 2019 жыл.
Шыңжаңдағы жоғалып кеткен не қамауда отырған туыстарының суретін ұстаған адамдар “Атажұрт” қозғалысының кеңсесіндегі баспасөз мәслихаты кезінде. Алматы, 21 қаңтар 2019 жыл.

Орталық Азия елдерінің үкіметтері Пекиннің Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және өзге мұсылман этникалық топтарға қарсы безбүйрек саясаты туралы үндемеуге тырысып келеді. Бірақ Қазақстан мен Қырғызстан бұған мүлдем араласпаған сайын жағдай қиындай бермек.

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесін Тянь-Шань тауының арғы жағындағы елдермен – Қазақстан мен Қырғызстан – мыңдаған жыл тарихы бар сауда мен мәдениет байланыстырады. Бірінде болатын маңызды оқиға екіншісіне әсер етеді. Бұл 1991 жылдың соңында Совет Одағы ыдырап, Орталық Азиядағы бес ел тәуелсіздік алғаннан кейін айқын байқалды.

1992 жылдың 29 шілдесінде ресейлік "Независимая газета" басылымы "Тәуелсіз Ұйғырстан үшін" партиясының Қырғызстан астанасы Бішкектегі жиыны туралы хабар таратты. Жиынға 270 шамасында делегат қатысқан. Олардың көбі Қырғызстаннан, кейбірі Қазақстан, Өзбекстан және Түркия елдерінен келген.

Партия мақсаты Шыңжаң өлкесі территориясында тәуелсіз Ұйғырстан мемлекетінің негізін қалау болды. Партиядағылар мұны тек халықаралық нормалар аясында жүзеге асыруды көздейтінін мәлімдеді, бірақ сол "нормаларды" қалай қарастырып отырғанын нақтыламады.

Ол кезде Қытайдың Орталық Азия елдерімен дипломатиялық байланыс орнатқанына бар болғаны алты айға жуық уақыт өткен. Ал Совет Одағы жиырма жылдан астам уақыт бойы Қытайды жау ретінде көрсетіп келген. Оның үстіне Орталық Азия елдері орыстар келгенге дейін Қытаймен жүздеген жылға созылған қарым-қатынасы болғанын еске алғысы келмеді.

Сол жылдары Қазақстанда 250 мыңдай, Қырғызстанда 50 мыңнан астам ұйғыр өмір сүрді. "Тәуелсіз Ұйғырстан үшін" партиясы Қырғызстандағы белсендігімен көз түскен жалғыз ұйғыр ұйымы емес еді. "Иттипак" ("Бірлік) қоғамдық бірлестігі мен Қырғызстан Ұйғыр ассоциациясы да бар болатын.

Қазақстанда Ұйғырлар ассоциациясы (Алматыда орналасқан) және өзге де ұйғыр топтары жұмыс істеді.

Бұл топтар Шыңжаң ұйғырлары қандай да бір мәселеге тап болғанда не Қытай шенеуніктерінің қысымына ұшырағанда Алматы және Бішкек қалаларында жүйелі түрде митингіге шығып, баспасөз мәслихаттарын өткізіп тұрды.

1996 жылы шілдеде Қазақстандағы ұйғыр топтары Қытай құқық қорғау күштері мен Шығыс Түркістанның Біріккен революциялық майданы (ШТБРМ) деп аталатын ұйғыр сепаратистік тобы арасында қақтығыс болғанын хабарлады. Сол қақтығыста сепаратистік топ Қытайдың 450 сарбазын өлтірдік деп мәлімдеген.

Юсупбек Мухлиси.
Юсупбек Мухлиси.

ШТБРМ лидері Юсупбек Мухлиси Алматыда тұратын. Ол онда 1960 жылы қашып барған.

1997 жылы ақпанда Қытай әскері Құлжа қаласындағы ұйғыр демонстранттарына қарсы оқ атты. Демонстранттар Қытайдан тәуелсіздік сұраған 30 ұйғыр белсендісінің өлім жазасына кесілуіне қарсы наразылық акциясын өткізіп жатқан. Сол қақтығыста ресми түрде тоғыз ұйғыр қаза тапқан. Бірақ кейбір белсенділердің айтуынша, қаза тапқандар саны жүзден көп болған. Қақтығысқа жауап ретінде Қазақстан және Қырғызстан ұйғырлары наурыз айында Қытай елшілігінің алдында қарсылық акциясын өткізді.

1997 жылдың 25 наурызында Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы (сол кездегі) Бексұлтан Сәрсеков Алматыдағы баспасөз мәслихатында Қытай үкіметінің ұйғырларға қарсы "қатаң шара қолданғанына" алаңдайтынын мәлімдеген.

Бірақ Сәрсеков артынан Қазақстан мен Қытай арасындағы 1996 жылғы келісімге сәйкес, екі тарап бір-біріндегі сепаратистік қозғалыстарға көмектеспеуге міндеттенгенін, сол себепті Шыңжаң мәселелері Қазақстанның шаруасы емес екенін айтқан.

Сол жылдары Қазақстан билігі өз еліндегі сепаратистік қозғалыстарға алаңдап отырғанын атап өткен жөн. Елдің Ресеймен шекаралас солтүстік өңірлерінде орыс (казак) сепаратистері болды.

Сәрсеков айтқан келісім Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Қытай елдері арасындағы шекара келісімі еді. Тараптар келісімге 1996 жылы сәуірде Шанхай қаласында қол қойған болатын. Ол Совет-Қытай шекарасы жөніндегі ескі келісімді алмастырған еді.

Жаңа келісімге қол қойған елдер өздерін Шанхай бестігі деп атады. Кейін ол Шанхай ынтымақтастық ұйымы болып өзгерді.

Қазақстан мен Қырғызстандағы ұйғыр топтары Қытайдың сол келісімнен кейін Шыңжаңда жаппай қамауды бастағанын мәлімдеді.

Қазақстан мен Қырғызстан билігі Шыңжаңдағы ұйғыр сепаратистеріне көмектеспеуге шекара келісімімен міндеттенді, бірақ өз еліндегі ұйғырлардың Қытайға қарсы демонстрацияларын тыймады.

1997 жылдың сәуір және шілде айларында шағын ұйғыр топтары Алматыдағы Қытай елшілігінің сыртында наразылық акцияларын өткізді. 1998 жылы қаңтарда оппозициядағы Азат қозғалысы мен Азамат партиясы баспасөз мәслихатын өткізіп, 1997 жылы желтоқсандағы 13-тен астам ұйғыр белсендісінің өлім жазасына кесілуін сынға алды.

1999 жылы қарашаның басында ондаған ұйғыр Алматыдағы Өзбекстан елшілігі алдында митинг өткізіп, Өзбекстан президенті Ислам Каримовты алдағы Қытайға сапарында Ұйғырлардың жағдайын қозғауға шақырды.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС ШЕКАРА АСТЫ

Шыңжаңдағы қақтығыс ақыры Қазақстан мен Қырғызстанға да келді.

2000 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда полицияға шабуыл жасалып, екі полицей қаза тапты, төртеуі жарақаттанды. Елдің сол кездегі сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев – қазіргі президент – оқиғадан соң көп ұзамай төрт күдіктінің өлтірілгенін, олардың Қытай ұйғырлары болғанын айтты. Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйғырлардың қаза табуына әкелген операцияға толық қолдау білдірді.

Қазақстан сол оқиғаға дейін халықаралық сынға қарамастан саяси баспана сұрап келген ұйғырларды Қытайға күштеп қайтара бастаған.

Осыған ұқсас қақтығыс Қырғызстанда да болды. 2000 жылдың наурызында "Иттипак" қоғамдық бірлестігінің лидері Нигматулла Базаковты Бішкектегі үйінің сыртында өлтіріп кетті. Оған дейін 1998 жылы тағы бір ұйғыр лидері өлтірілген болатын. 2001 жылы өзге бір ұйғыр лидеріне қастандық жасалды. Ол да қаза тапты.

2000 жылдың мамырында Бішкектегі "Достук" қонақүйінде Шыңжаң ресми делегациясының бір мүшесін атып кетті, екеуін жаралады. Дәл сол уақытта Бішкекте сатушыларының көбі Шыңжаңнан шыққан базардан өрт шыққан.

2002 жылдың маусымында Бішкекте шені жоғары Қытай дипломатын атып өлтірді.

2003 жылы 27 наурызда Бішкектен Шыңжаңға бара жатқан автобусқа шабуыл жасалды. Автобуста Қытайдың 21 азаматы болған. Шабуыл жасағандар жолаушылардың бәрін атып тастап, автобусты өртеп жіберді.

Бұл кезде Қытай Орталық Азияға ақша құюды бастап кеткен болатын. Ал 2008 жылғы ғаламдық қаржы дағдарысынан кейін Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалы беки түсіп, ел үкіметтері экономикасын ұстап тұруда Пекинге тәуелді болып қалды.

Шыңжаң өлкесі Куньшань қаласындағы “саяси лагерь”.
Шыңжаң өлкесі Куньшань қаласындағы “саяси лагерь”.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙ ТАҒЫ ДА ШЕКАРА АСТЫ

Бірнеше жыл бұрын Шыңжаңда ұйғыр мен мұсылмандарға қарсы жаңа науқан басталғаны жөнінде хабар тарай бастағанда Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері түк көрмегендей сыңай танытты.

Алғашында ұйғырларға қарсы дискриминация туралы хабарларда киім, сақал мәселесі әңгіме болған. Бірақ кейін қуғындау күшейе түсіп, "қайта даярлау лагерьлері", ұйғырларды хань ұлтының өкіліне күштеп үйлендіру, зорлау, азаптау, мәжбүрлі ұрықсыздандыру және Шыңжаңнан Қытайдың өзге өлкелеріне күштеп көшіру туралы хабар тарай бастады.

Қуғындау ауқымы кеңейіп, дискриминацияға ұшырағандар қатарына өзге де түркі тілдес мұсылман ұлттары қосылды. Оларда арасында Шыңжаңда тұратын 1,5 миллион қазақ және 200 мыңнан астам қырғыз бар еді. Осы кезде Қазақстан мен Қырғызстанда кей адамдар өз үкіметтерінен Қытай шенеуніктерімен кездескенде мәселені не себепті көтермейтінін сұрай бастады.

Шыңжаңнан шыққан ұлты қазақ белсенді, қазір Қазақстан азаматы Серікжан Біләш пен өзге белсенділер "Атажұрт" қозғалысын құрып, Қытай билігінің Шыңжаңдағы қазақтар мен этникалық азшылықтарға қарсы безбүйрек саясатын әшкерелеуді қолға алды.

Қазақстан билігі Біләшқа қысым жасап, белсенділігін тыюға тырысты. Оны қамап қойып, қытайларға қарсы этникалық араздық тудырды деп сотқа тартты. Бұқара Біләштің жағына шыққан соң, билік айыппұл салумен шектелді. Есесіне Біләш жеті жыл бойы белсенділікпен айналыспайтынын жария түрде мәлімдеді.

Серікжан Біләш.
Серікжан Біләш.

Осыдан кейін Қазақстан билігі Біләш тобынан бөлінген белсенділер құрған "Атажұрт еріктілері" қозғалысын тіркеді. Бұл қозғалыстың Шыңжаңдағы жағдай жөніндегі белсенділігі төмендеу болды.

Біләш биыл YouTube желісінде видеоларын жариялай бастап еді, Қазақстан билігі қайта келіп, айыппұл салды.

Қазақстанда сондай-ақ Шыңжаңнан қашып келген ондаған қазақ бар. Жергілікті белсенділер биліктен қашып келген қазақтарды Қытайға қайтармауды талап етіп, оған қысым жасап отыр.

Сонымен қатар Шыңжаңда туып-өскен, бірақ кейін Қазақстанның мен Қырғызстанның азаматтығын алған қазақтар мен қырғыздар Қытайға қысқа уақытқа сапарлаймын деп қуғындай саясатына ілігіп қалып жатты. Олардың мәселесі екі елдің бұқаралық ақпарат құралдарында да жиі қамтылды.

Өмір Бекәлі Қытайда қамалып жатыр деген ата-анасының суретін көрсетіп тұр.
Өмір Бекәлі Қытайда қамалып жатыр деген ата-анасының суретін көрсетіп тұр.

Қытайдың Шыңжаңдағы 1 миллионнан астам ұйғырларға қарсы қуғындау саясатына қазақтар мен қырғыздардың да ілігіп отырғаны белгілі. Олар да осы "лагерьлерде" қамалып жатқан болуы әбден мүмкін. Ерте ме, кеш пе, Қазақстан мен Қырғызстан халқы бұл жағдайдан әбден хабардар болады. Осы кезде Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтерінен Қытайдың Шыңжаңдағы науқанына қарсы әрекет жасауды талап ету күшеймек.

Қорыта айтқанда, Тянь-Шань тауының бір жағында болған маңызды оқиға таудың екінші жағына міндетті түрде әсер ететіні анық болып отыр.

Шыңжаңдағы этникалық топтарға қысым

2017 жылдың көктемінде Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтардың жаппай "саяси түзеу лагерьлеріне" қамалып жатқаны туралы ақпарат тарады. Қысымның қалай жасалып жатқанын көрген Сайрагүл Сауытбай, Өмірбек Бекәлі сынды этникалық қазақтар Қазақстанға өтіп, Қытайдың мұсылмандарға қарсы саясаты туралы ашық айта бастады. Қазақстан Сауытбайды "шекараны заңсыз бұзып өтті" деп алты айға шартты түрде соттап, елде қалдырған. Бірақ Қазақстаннан босқын мәртебесін не азаматтық ала алмағаннан кейін Швецияға кеткен Сауытбай қазір отбасымен бірге сол елде тұрып жатыр.

Батыс елдері мен халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қытайды Шыңжаңдағы қысымды тоқтатуға шақырып келеді. АҚШ Пекинге Шыңжаңдағы әрекеті үшін бірнеше рет санкция салды. Қытай айыптарды терістеп, өз іс-әрекетін "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндірді, ал саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атайды.

Қазақстанда да "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр, бері қарай өте алмай қалды" деген азаматтар Алматы, Нұр-Сұлтан және басқа қалаларда жиі жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Қытаймен тығыз экономикалық байланыс ұстап отырған Қазақстан билігі Шыңжаңдағы жағдайға қатысты ресми нақты ұстанымын білдірмеді. Ресми Нұр-Сұлтан "бұл Қытайдың ішкі ісі" дегенімен, кейбір қазақтарға мәселесін шешуге көмектескенін мәлімдеген.

Қазақстан президенті Тоқаев 2019 жылы желтоқсанда германиялық Deutsche Welle телеарнасына берген сұхбатында "[Шыңжаң жайлы] Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да, этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты. Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталығында бірен-саран ғана қазақ отырған болар" деген.

Тоқаевтың бұл сөзі "туысымыз Шыңжаңда қысым көріп жатыр" деген қазақстандықтардың наразылығын тудырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG