Accessibility links

"Шыңжаңда жақындары қамалған" тұрғын Ақорда алдында пикет өткізді


Қарақат Әбдеш "Шыңжаңда жақындары қамалған" туысқандарына биліктен араша сұрап, Ақорда алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 6 желтоқсан 2019 жыл.

6 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Ақорда маңында 31 жастағы тұрғын Қарақат Әбдеш "Шыңжаңда қамауда отырған" жақындарына Қазақстан билігінен араша сұрап бір адамдық пикет өткізді.

Қарақат Әбдеш Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестіруді талап етті.

- Екі-үш күн бұрын Тоқаев мырза германиялық басылымға «Қытайда қамалып жатқан қазақтар жоқ, бар болса да бірен-саран» деді. Соған қарағанда Тоқаев мырза біздің екі-үш жыл бойы жылап жүрген үнімізді естімеген бе әлде оған маңындағылар дұрыс жеткізбеген бе? Сондықтан Қытайда қиналып жатқан қазақтар бар екенін өз аузымызбен жеткізейік деп осында келіп тұрмыз. Тоқаев мырза бізді қабылдаса екен, біздің көз жасымызды көрсе екен. Біздің сыртымыздан "Қытайда қазақтар қамалмаған" деп өтірік айтпаса екен, - деді ол.

Полиция оны Ақордаға қарай өткізбеді, ал осы маңға келген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілдері бұл шараның заңсыз екенін ескертті. Кейін полиция оған президент әкімшілігіне барып, талабын жазуға кеңес берді.

Қарақат Әбдештің сөзінше, оның күйеуі, қайын атасы және қайын ағасы, қайын інісі Шыңжаңдағы түрмеде қамауда отыр. Ол "жақындарым қылмыс жасаған жоқ, заңсыз сотталды" деп санайды. Әбдеш араша сұрап, елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше рет хат жазғанын айтады. Сөзінше, хаттарына жауап болмаған.

Видео: Қарақат Әбдештің қазіргі өмірі

"Күйеуім Қытайда қамауда отыр"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:28 0:00

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық Deutsche Welle телеарнасына берген сұхбатында "[Шыңжаң жайлы] Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты. Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталығында бірен-саран ғана қазақ отырған болар" деген.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйренетін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандар отыр" деп мәлімдеген.

Былтырдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр" деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған.

Ресми Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы жағдайға қатысты ресми ұстанымын білдірмеген, бірақ елдің сыртқы істер министрлігі Қытайдағы қазақтардың мәселесі дипломатиялық жолдармен шешіліп жатқанын айтқан.

"Шыңжаңдағы лагерьлерде жақындарымыз қамауда отыр" деген қазақстандықтар елде әлі түрлі шара өткізіп, биліктен көмек сұрап жүр.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Халыққа 42 500 теңгеден гөрі вирус қауіпті екенін түсіндіру керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG