Accessibility links

Шыңжаңда туыстары қамауда отырған бір топ азамат биліктен көмек сұрады


Туыстары Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалған әйелдер жақындарының суреттерін ұстап тұр. Алматы, 30 қазан 2019 жыл.

"Туыстарымыз Шыңжаңдағы қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде отыр" деген бір топ азамат 30 қазанда сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігіне барып, Қазақстан билігінен жақындарына араша түсуді сұрады. Солардың бірі Қарлығаш Сағатованың айтуынша, оның күйеуінің жиені 30 жастағы Балқаш Марқұпұлын Шыңжаң билігі 2018 жылы 25 желтоқсанда ұстап, лагерьге қамаған. Содан бері одан хат-хабар үзілген.

- Оны неліктен қамады, ешқандай хат-хабар ала алмай отырмыз. Балқаштың әкесі қайтыс болып кеткен. Жалғыз анасы ғана бар. Туған туысқандары жоқ. Анасының денсаулығы нашарлаған. Тіпті Қытайдың өзінде анасы баласынан толық хабар ала алмай отыр. Біз Қытайдағы туыстарымызбен ашық сөйлесе алмай отырмыз. Олармен байланыс үзілген. Баланың жазықсыз тұтқындалуына ашынып отырмыз, - деді Қарлығаш Сағатова Азаттық тілшісіне.

Ол сәуір айында билікке хат жолдап, мәселеге араласуын сұраған. Бірақ үш айдан кейін жауап берген билік өкілдері "басқа мемлекеттің құқығына қол сұға алмаймыз" деп айтқан. Қарлығаш Сағатованың айтуынша, Балқаш Марқұпұлы - Қытай азаматы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге бағытталған хатта Қарлығаш Асанова сияқты Шыңжаңдағы туыстарынан хат-хабар ала алмай отырған шамамен 40 адамның аты-жөні көрсетіліп, қолы қойылған. Хатта Шыңжаңдағы лагерьлерге сот шешімінсіз жазықтан-жазықсыз азаматтардың қамалып жатқаны, олардың балалары қараусыз қалғаны жазылған. "Шыңжаң өлкесі ашық түрмеге айналды" деп жазады хат авторлары.

"Туысқандарымыздың концентрациялық лагерьден, түрмеден бостандыққа шығуын, бізбен қалыпты қарым-қатынаста болуын, Қазақстан Республикасына көшіп келуіне кедергі жасамауын қатаң талап етеміз. Құзырлы органдардың Қытай билігінің ҚХР, ШҰАР да жүргізіп жатқан адамзатқа қарсы саясатын тоқтатуын талап етулеріңізді, халықаралық заңнамаларға сүйене отырып, жазалауды, біріге отырып, адам құқығын қорғауға атсалысуларыңызды өтінеміз" делінген хатта.

Хатты сыртқы істер министрлігінің өкілдігі ғимаратынан шыққан Н.С. Құдайбергенова Н.С есімді (аты-жөні айтылмайды) қызметкер қабылдап, жоғары жаққа жеткізуге уәде берді.

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында аз ұлттарға, соның ішінде этникалық қазақтарды "саяси лагерьге" қамай бастағаны туралы хабар тараған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барғанда қайта алмай, кейбірі саяси лагерьге алып кеткені жайлы шағымданған.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Қыркүйек айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.

6 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Ал Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан АҚШ санкциясын "басқа елдің ішкі ісіне араласу" деп айыптады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарынан кейін қазан айының басында Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Шыңжаңдағы "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" этникалық қазақ жоқ деп мәлімдеді. Бұған дейін Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырауы мәселесімен айналысқан бірқатар ұйымдар министрдің сөзіне күмән келтірген.

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG