Accessibility links

Батыс Қазақстан облысындағы ауданда ауа райына байланысты төтенше жағдай жарияланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында орналасқан Тасқала ауданының әкімшілік орталығы Тасқала кентінде төтенше жағдай жарияланды.

24 ақпанда соққан қатты жел электр желісін үзіп, соның салдарынан көпқабатты екі үйдегі 41 пәтер қатты аяз кезінде жылусыз қалды. Жиынтығы 123 адам тұратын бұл пәтерлерді жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін қазандық тоқ күшімен жұмыс істейді.

– Тасқала кенті аумағында табиғаттың тосын мінезіне байланысты жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдай жөніндегі департаменті.

Қатты желдің кесірінен электр желісі үзілген соң істен шыққан жылу жүйесін жөндеп жатқалы үш күн болды, жылусыз қалған тұрғындар баспанасында тұрып жатыр, оларға электрмен жылытатын құрылғылар берілді деп хабарлады төтенше жағдай жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.

Батыс Қазақстан облысында ауа райының бұзылғанына бірнеше күн болды. Облыстың денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, аяздан үсік шалғандар көбейген.

Ауа райының бұзылуынан бірнеше көлік апаты болды. Орал-Атырау жолында болған екі апат салдарынан жиынтығы 10 адам көз жұмды. Әртүрлі дәрежеде жарақат алған сегіз адам ауруханаға түскен. Облыстың полиция басқармасы қатты боранға байланысты жол жабылғаны туралы ресми ескертуге қарамастан көлік жүргізушілері қаладан тыс жерге жолға шығып кеткенін айтады.

Қазір Батыс Қазақстан облысында қатты жел тұр. Жақын күндері ауа райының температурасы минус 12 градусқа дейін суытып, желдің жылдамдығы секундына 15 метрге дейін жетеді деген болжам бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG