Accessibility links

Семейде полиция митинг белгіленген күні кемі 8 белсендіні ұстап әкетті


Семей полициясының белсенділерді ұстауы. 28 ақпан 2021 жыл.
Семей полициясының белсенділерді ұстауы. 28 ақпан 2021 жыл.

Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласында полиция митингіге шықпақ болған кемі 8 белсендіні ұстап әкетті. Белсенділерді үйінің жанынан не қаладағы Әуезов алаңына жетпей жатып ұстаған. Митинг осы алаңға сағат 13:00-ге белгіленген.

Алаңның аумағын полиция патрульдеп, сол маңдағы кинотеатрдың артында бес автозак тұрды. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Алғашқылардың бірі болып белсенді Фарит Ишмухаметов ұсталды. Полиция оны автозакқа күштеп тықпалады. Полиция қызметкері осы оқиғаны видео түсірмек болған Азаттық тілшісін камерасын жаппақ болып, журналист жұмысына кедергі келтірді. Кейінірек Фарит Ишмухаметов Азаттық тілшісіне Әуезов аудандық полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Оның артынан екінші автозак жүріп кетті. Автозактың терезесі арқылы ұсталған белсенді "Баспасөз! Баспасөз! Бізді ұстап әкетті!" деп айқайлады.

Қаланың орталық алаңында сондай-ақ белсенділер Талғат Нысанбаев пен Тимур Ержанұлы да ұсталды. Оларды полицияның орталық бөліміне апарған. Белсенді Тілеген Жұбан мен үш белсендіні Әуезов алаңының жанындағы үйдің маңынан ұстап әкетті. Белсенділердің бірі сол үйде тұрады.

Осыған дейін бірқатар белсендіге аңду қойылғаны хабарланған.

Ұсталғандардың нақты саны әлі белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG