Accessibility links

Қазақстанда Covid-ке шалдыққандар 632 адамға көбейді, 11 адам қайтыс болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда тағы 622 адамның коронавирус тесті оң шықты, 10 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Бір күнде 11 адам өлімі тіркелді: 8 адам - коронавирустан, 3 науқас коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады. Денсаулық сақтау министрлігінің 1 наурыз күнгі хабарламасында осындай мәлімет жазылған.

Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылдың наурыз айынан бері 213 431 адамға коронавирус жұққаны ПТР тестпен расталған. Содан бері 196 889 адам жазылған, 2 764 адам қайтыс болған.

Қазақстан билігі коронавирус жұққаны ПТР тестпен емес, клиникалық белгілері бойынша анықталған науқастар есебін (коронавирус пневмониясы) 2020 жылдың 1 тамызынан бері жүргізіп келеді. Оған дейін коронавирус пневмониясына қанша адамның шалдыққаны белгісіз. 1 тамыздан бері 49 294 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 625 адам пневмонияның сол түрінен қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір 20 140 адам (КВИ+, КВИ-) коронавирустан емделіп жатыр. 13,7 мыңының ПТР тесті оң шыққан. 248 адамның жағдайы ауыр, 50 науқастың жағдайы өте ауыр, 44 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

28 ақпан күнгі мәлімет бойынша, коронавирус жұққаны ПТР тестпен расталғандар саны жағынан Алматы қаласы алда тұр. Бір күнде елдегі ең ірі қалада 96 науқас тіркелген. Нұр-Сұлтанда - 42, Павлодар облысында - 82, Ақмола облысында - 75, Алматы облысында - 70, Қостанай облысында - 62, Шығыс Қазақстан облысында - 41, Солтүстік Қазақстан облысында - 38, Батыс Қазақстан облысында - 35, Қарағанды облысында 32, Атырау облысында - 14, Жамбыл облысында - 9, Қызылорда облысында - 8, Шымкентте - 7, Ақтөбе облысында - 6, Маңғыстау облысында - 4, Түркістан облысында 1 науқас тіркелген.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 114 млн-нан асқан. Шамамен 64,3 млн адам жазылған, 2,53 млн адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG