Accessibility links

Ақтастағы альтруистің шағымына жауап: Шара қолдануға негіз жоқ


Ақтастағы қазандықты өз ақшасына жөндеген Олег Горбуновтың жұбайы - Майра Нұрғазиева. Қарағанды облысы.
Ақтастағы қазандықты өз ақшасына жөндеген Олег Горбуновтың жұбайы - Майра Нұрғазиева. Қарағанды облысы.

"Жергілікті басшылық "рейдерлік" жасап, Ақтас кентіндегі өз ақшаммен қалпына кетірген қазандықты жауып тастады" деп шағымданған Қарағанды облысындағы кәсіпкер Олег Горбунов аймақ прокурорынан хат алды. Қарағанды облысының прокуроры Марат Сексембаев қол қойған хатта "прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдауға негіз жоқ" деп жазылған.

Әділдік іздеп заң органдарына көп барып, кейін төсек тартып жатып қалған Горбунов пен әкімдікті жауапқа тартуға талпынып жүрген жұбайы Майра Нұрғазиеваны прокурордың да, басқа құзырлы органдардың да жауаптары қанағаттандырмайды. Азаттық Ақтастағы бұл альтруист ерлі-зайыпты туралы ақпан айында жазған.

Олар Саран қаласының әкімдігі "заңға қайшы әрекет жасады" және Горбунов қалпына келтірген жылу қазандығының қызметінен бас тартып, тұрғын үйлерді жылудан ажыратып, жаңа қазандық салу арқылы "бюджет қаржысын негізсіз жұмсады" деп, прокуратураға арызданған.

Прокуратураның хатына сенсек, 2020 жылы Саран қаласы мен Ақтас кенті әкімдіктері лауазымды қызметкерлерінің заңды кәсіпкерлікке кедергі жасау фактісі бойынша Горбуновтың арызы тіркеліп, материал процессуалдық шешім қабылдау үшін жемқорлықпен күрес қызметіне жіберілген. Кейін "сотқа дейінгі тергеу бастауға негіз болмағандықтан", оны номенклатуралық іс қатарына қосқан. Облыс прокурорының жазуына қарағанда, олар қабылданған процессуалдық шешіммен келіскен.

— Президент кәсіпкерлікті қолдау керек дейді, ал жергілікті жерде билік ойына келгенін істей береді. Біреуі жұмыстан қағып, құбырды кеседі, екіншісі "мұнда заң бұзу жоқ" дейді. Облыс прокуроры табиғи монополия субъектінің заңды кәсібіне кедергі келтіріліп жатқанын қалай байқамайды? Бізге істегендері заңды ма сонда? Енді қайда шағымданамыз, білмеймін, ешкім жай-жапсарын қарағысы келмейді, ысыра салады, — деді Азаттық тілшісіне Майра Нұрғазиева.

Прокуратураның айтуы бойынша, аудиторлық тексеру кезінде жаңа қазандықты салу барысында біршама олқылық анықталған, соның ішінде қызмет бағасын негізсіз өсіру болған. Экономикалық тергеу департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, 2018 жылғы маусымда "тараптар келіскендіктен және шығынның орны өтелгендіктен" істі қысқартқан. Прокуратура мұнымен де келіскен.

Прокуратура әкімдік Горбуновтың қазандығынан жылынып отырған үйлерді жаңа модульдық жылыту жүйесіне қосу туралы шешім шығарғанын мойындады.

СССР құлаған соң орталық жылу жүйесінен ажырап қалған жиырма шақты көппәтерлі үй Горбунов қалпына келтірген қазандық көмегімен 2006 жылдан бері жылытылып келген. Майра Нұрғазиеваның айтуынша, 2000 жылдары жергілікті билік Горбуновқа бөлек қазандық салу туралы ұсыныс айтқан. Біраз жылдан соң билік бюджеттен ақша алып, жаңа қазандық салып, Горбуновтың қазандығын ажыратып тастаған.

Ақтас кентінде 9 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда көпқабатты 122 тұрғын үй бар. 44 үй екі жергілікті қазандықтан жылытылса, қалған 78 үй қолдан жасалған пешті қолданады. Билік өкілдері жергілікті тұрғын қалпына келтірген, мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтып отырған "үлкен" қазандықты жауып тастамағанда, жаңа қазандық көмегімен орталықтан жылынатын үй санын арттыруға болар еді дейді Майра Нұрғазиева.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG