Accessibility links

Беларусьте наразының өлімі туралы ресми мәліметті жоққа шығарған журналист пен дәрігер сотталды


TUT.BY басылымының тілшісі Катерина Борисевич сот залында. 19 ақпан 2021 жыл.
TUT.BY басылымының тілшісі Катерина Борисевич сот залында. 19 ақпан 2021 жыл.

Минск соты қалалық жедел жәрдем ауруханасының дәрігері Артем Сорокин мен TUT.BY басылымының тілшісі Катерина Борисевичті наразы Роман Бондаренко өліміне байланысты мәліметтің жариялануы бойынша істе кінәлі деп тауып, түрмеге қамады.

Сорокин - екі жылға, Борисевич алты айға бас бостандығынан айырылды.

31 жастағы Роман Бондаренко 2020 жылы 12 қарашада Минскінің жедел жәрдем ауруханасында көз жұмған. Ол ауруханаға денесі соққыдан көгеріп, бас сүйек жарақатын алған күйде жеткізілген. Бондаренконы өз үйінің ауласында маска таққан белгісіз біреулердің ұрып-соққаны, одан кейін ауруханаға емес, полицияға жеткізілгені анықталған. Маска таққан топ наразының ауласына шарбақтағы оппозиция туын алып тастау үшін барған. Александр Лукашенко бұған дейін Бондаренко мас болғандықтан полицияға жеткізілгенін айтқан. Ал Беларусь тергеу комитеті белсенді жергілікті тұрғындармен төбелесіп жарақаттанды деп мәлімдеген.

Былтыр қараша айында дәрігер Артем Сорокин мен журналист Катерина Борисович биліктің Бондаренко өліміне қатысты ресми мәлімдемесін жария түрде жоққа шығарған. Дәлел ретінде TUT.BY сайтында Бондаренконы ауруханада алғаш рет қараған кездегі құжат көрсетілді. Белсендінің ішімдік ішпегенін дәрігерлік қорытынды растаған. Бұдан соң Сорокин мен Борисевичтің үстінен медициналық құпияны жария ету және арандату бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Беларусь оппозициясы Роман Бондаренконың өліміне қатысты әлі күнге дейін ешкім ұсталмағанын алға тартады және оны құқық қорғау орган өкілдерінің өзі өлімші етіп сабады деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG