Accessibility links

Жамбыл облысында "тыйым салынған ұйым ісіне араласқаны үшін" тағы бір белсенді сотталды


"Көше партиясы" туралы жазылған плакат. Көрнекі сурет.
"Көше партиясы" туралы жазылған плакат. Көрнекі сурет.

2 наурызда Тараз қалалық №2 соты "тыйым салынған ұйым ісіне араласты" деген айыппен белсенді Жазира Қамбарованың бостандығын екі жылға шектеді. Сот бұған қоса белсендіге бес жылға дейін "ақпарат құралдары және телекоммуникация желілері арқылы қоғамдық саяси қызметпен айналысуына" тыйым салды. Қалалық соттың баспасөз қызметі осылай деп хабарлады.

Сот үкіміне сәйкес, енді Тараз тұрғыны екі жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналыса алмайды, әлеуметтік желілерді пайдалана алмайды. Одан бөлек, сот шығынын (55 560 теңге) өтеуге де міндеттелді.

Жазира Қамбарова сот кезінде өзіне тағылған айыпты ішінара(405-баптың, 1-2-тармақтары бойынша айып тағылған, "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу" - ред.) мойындаған.

- Иә, оны мойындаймын, [прокурор] фото, видео-айғақтар көрсетті. Шамамен былтыр тамыздың басы мен қыркүйектің аяғына дейінгі аралықта "Көше" партиясының қатысушысы болдым. Өзара жиналыстар болып тұратын. Карантиндегі жағдай, әрбір тұрғынға 100 мың теңгеден төлеу, кредиттік амнистия сияқты мәселелерді талқылағанбыз, - дейді ол. Ол қазір ешқандай қозғалыс немесе ұйымның құрамында емес екенін айтып, өзін қоғамдық белсенділігі үшін "жазалағанын" айтты.

Жазира Қамбароваға қатысты тергеу ісі 2020 жылы қыркүйекте басталған. Сот процесі 1 наурызда басталған.

- Ең бірінші рет 22-қыркүйекте үйіме келіп, тінту жасады. Телефон, ноутбукті алып кетті, тексерді. Сол уақыттан кейін тергеу де басталды. Бірақ мен бірінші айыпты мойындамаймын (405-бап, 1-тармақ, тыйым салынған ұйымның қызметін ұйымдастыру - ред.). Ондайға қатысым жоқ, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Жақын күндері белсенді адвокатымен бірге аппеляцияға беретінін де айтты. Сот шешімі жарияланған күннен бастап он бес күн ішінде күшіне енеді.

Қазақстанда осыған дейін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарына қатысты көп белсенді ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл ұйымдарға қатысты тергеліп жатқандары да көп.

ҚДТ мен "Көше партиясын" Нұр-Сұлтан соты 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп таныған. ҚДТ-ның негізін қалаушы - бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.

Еуропарламент бұған дейін ҚДТ пен "Көше партиясын" "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қазақстандағы адам құқығы жайлы резолюциясында Еуропарламент депутаттары Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG