3 наурызда Тараз қаласының №2 сотында "тыйым салынған ұйымдардың ісіне араласты" деп айыпталған белсенді Назира Лесованың соты басталды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Прокуратура белсенді Назира Лесованы елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысының қызметін ұйымдастырушы және қатысушы болған деп айыптайды. Айыптау актісіне сай, ол "Жамбыл облысы аумағында Facebook, Telegram, Whatsapp желілерінде аудио, бейне жазбалар таратып, үгіт-насихат жүргізген".
Айыптау тарабы "белсенді былтыр әлеуметтік желілер арқылы 25 қыркүйекке Тараз қаласындағы облыстық әкімдік алдында тұрғындарды заңсыз митингіге шығуға шақырған" деп отыр.
Сот отырысында бірнеше куәгерден жауап алынды. Олардың бірі Зарина Жасарова былтыр Назира Лесовамен танысып, "Көше партиясы" қозғалысында болғанын, митингіге шығу жолын талқылағанын айтты.
- Назира Ілесовамен көпбалалы әйелге көмек көрсету кезінде танысқан едім. Сол кезде ғаламтор арқылы ҚДТ, "Көше партиясы" қозғалысы туралы көріп жүрген едім. "Көше партиясының" Телеграм каналына кірдім, кейін облыстарға бөлінген соң "Көше Тараз" каналына ауыстым. Кейін оның экстремистік ұйым деп танылғанын естіп, шығып кеттім. Былтыр жазда басқа белсенділермен жиналып, заңды түрде митингіге шығуды талқыладық. Басты мақсат – зейнет жасын төмендету, несиелік амнистия тәрізді әлеуметтік мәселелер. Карантинге байланысты облыс әкімдігі рұқсат бермеді. Назира Ілесовамен араласатынымды естіп, жолдасым маған ұрысқан соң, араласуды тоқтаттым. Қазір ешкімді қолдамаймын, аталған ұйымдарға қатысым жоқ, - деді ол.
Сот процесі кезінде Назира Лесова өзіне қатысты айыптың ешқайсысын мойындамайтынын айтты.
- Өзім "Нұр Отан" партиясында тіркелгенмін. Адамдар пандемия кезінде дәрі таппай жылап жүргенін көрдік. Дәрі тапса ақша таппай жүрді. Көшеге шығып, көп балалы аналарға дәрі тараттық. Солай істеп жүріп, экстремист бола аламын ба? - деді ол сотта.
Лесова ешқандай қозғалыстың әрекетін жарнамаламағанын, ешкімге үгіт-насихат жүргізбегенін де айтты. Келесі отырыс 4 наурызда өтеді.
Қазақстан соты ҚДТ мен "Көше партиясын" 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.
Еуропарламент бұған дейін ҚДТ пен "Көше партиясын" "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған резолюциясында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.
Қазақстан билігі ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдайтындарды қудалап, жазалайды.
Биыл ақпанда Жамбыл облысы Шу аудандық соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "есірткі сақтады" деп айыпталған белсенді Бағдат Бақтыбаевтың бостандығын екі жылға шектеді.
Ал 2 наурызда Тараздағы қалалық сот Жазира Қамбарованы да "тыйым салынған ұйымның қызметін ұйымдастырды, қатысты" деген айыппен бас бостандығын екі жылға шектеді. Сот екі белсендіге де 5 жылға дейін "ақпарат құралдары және телекоммуникация желілері арқылы қоғамдық саяси қызметпен айналысуына" тыйым салды.
ПІКІРЛЕР