Accessibility links

Мьянмада наразылықты басу кезінде 38 адам қаза болды, арасында балалар да бар


Мандалай, 3 наурыз 2021 жыл.
Мандалай, 3 наурыз 2021 жыл.

Мьянмада билікті басып алған әскерилерге қарсы наразылықты басу кезінде сәрсенбі күні кемінде 38 адам қаза болды. Бұл ақпаратты БҰҰ да растады.

Би-Би-Си сайты 3 наурызды әскери төңкерістен кейін тұтанған наразылықтан бергі ең қанды күн деп атады.

Ақпаратқа қарағанда, қарулы күштерге бағынатын полиция бірнеше қалада (Янгон, Мандалай, Мьинджан т.б) демонстранттар тобына оқ атқан. Қаза болғандардың кемінде екеуі - жасөспірім.

Мьянмада 1 ақпанда әскери төңкеріс болған. Ізінше жаппай наразылық тұтанып, наразылар ұсталған саясаткерлерді қамаудан босатуды да талап еткен. Қамалғандар арасында қараша айындағы парламент сайлауында жеңіске жеткен Демократияшылардың ұлттық лигасының жетекшісі Аун Сан Су Чжи де бар. Әскерилер оның партиясын сайлау нәтижесін бұрмалады деп айыптайды. Олар сайлау комиссиясының бұрынғы мүшелерін таратып, бір жылдан соң жаңа сайлау өткізбекші.

БҰҰ-ның Мьянмадағы арнайы уәкілі Кристин Шранер Бургенердің мәліметінше, әскери төңкерістен кейін бір айға созылған наразылық кезінде 50-ден астам адам қаза болған. Бір күн бұрын көрші мемлекеттер Мьянманың әскери басшылығын күш қолданбауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG