Accessibility links

Департамент Лұқпан Ахмедияровтың ұйымына шыққан шешімнің күшін жойды


"Абырой" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, журналист Лұқпан Ахмедияров.

Журналист Лұқпан Ахмедияров жетекшілік ететін "Абырой" қоғамдық бірлестігі Орал қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының ұйымға айыппұл салу және жұмысын үш айға тоқтату туралы 3 наурызда шығарған қаулысына шағым түсірді. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті 4 наурызда қалалық басқарма шешімінің күшін жойды.

— Бүгін мемлекеттік кірістер департаменті төрағасының орынбасары шағымды қарап, қаулының күшін жою туралы шешім қабылдады, — деді департаменттің түсіндіру жұмыстары жөніндегі басқарма жетекшісі Айман Қуанова.

Қоғамдық бірлестік жетекшісі, тәуелсіз "Уральская неделя" басылымының тілшісі Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, департаментке шағым жазуды салық органы өкілдерінің өзі ұсынған.

— Сәрсенбі күні кешке айыппұл мен ұйымның қызметін тоқтату туралы қаулыны алғаннан кейін маған Айман Қуанованың өзі хабарласып, шағым түсіруді өтінді. Біз адвокатпен бірге шағым түсірдік. Таңертең бізді бірден шақырды, — деді Ахмедияров.

Ол жағдайды "жоғары мен төмендегілер жұмысы арасында пайда болған инерттіліктің салдары" деп санайды.

— Менің ойымша, мемлекеттік машинаның жұмысында инерция бар. Еуропарламент резолюциясынан кейін жоғары жақтан қудалауды тоқтату туралы бұйрық түсіп, ал төменгі жақта бұл кезде іс ашылып қойған да, оны қалай да аяқтау керек сияқты басқа бар инерция болғанға ұқсайды, — деді Лұқпан Ахмедияров.

3 наурыз күнгі қаулыда "Абырой" ұйымы басшыларының "Әкімшілік кодекстің 460-1, 2-бөлігін бұзғаны" жазылған. Бұл бапта "шетел қаржысы туралы жалған ақпарат бергені үшін" жауапкершілік қарастырылған. Қаулыда америкалық NED (National Endowment for Democracy, "Демократия жөніндегі ұлттық қор") қорының ақшасын алу үшін құжат тапсырған кезде "заңбұзушылық" болғаны жазылған.

Лұқпан Ахмедияров айыппұл салу мен ұйымның қызметін тоқтату туралы шешімді қала әкімдігімен рұқсат етілген жақында өткен Оралдағы митингімен байланыстырады. Онда бірқатар саяси талаптар көтерілген.

"Абырой" қоғамдық бірлестігі 2004 жылы құрылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG