Accessibility links

Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өлімі: Қарағандыдағы сот істі қайта қарай бастады


Кісі қолынан қаза болған белсенді Ғалы Бақтыбаев.
Кісі қолынан қаза болған белсенді Ғалы Бақтыбаев.

Қарағанды облысында "тапсырыспен өлтірілген" белсенді Ғалы Бақтыбаевтың қазасына қатысты сот отырысы 4 наурызда қайта жалғасты.

Жаңаарқа ауданының тұрғыны Бақтыбаевты 2019 жылы 28 мамырда үйінің табалдырылығында басынан атып кеткен еді. Екі ай бұрын сот "айыпталушыларға қысым жасалған-жасалмағанын тексеру үшін" психологиялық-криминалистикалық экспертиза тағайындап, істі уақытша тоқтатқан. Бірақ 4 наурыздағы сотта экспертиза қорытындысы жайлы айтылған жоқ.

Сараптама тағайындау туралы өтінішті прокурор түсірген. Себебі сот отырысында төрт айыпталушының кейбірі бірдей сөз айтып, айыптарын мойындаған. Кейін сөздерінен бас тартып, белсенді өліміне қатысымыз жоқ деген. Жәбірленушілер де прокурордың экспертиза өткізу ұсынысын қолдаған. Ал қорғаушылар "сараптама 2020 жылдың мамырында басталған істі созып жібереді" деп қарсы шыққан. Айыпталушылар 2019 жылдың жазынан бері қамауда отыр.

Бейсенбідегі сот отырысында тергеу тобында болған полицей жауап берді. Ол"қоғам белсендісін өлтірген" жерге барғанын, "ешкімге ешқандай қысым болмағанын" айтты.

Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың қазасын тергеу "тапсырыс" деп таныған. Бұл іс бойынша жергілікті төрт тұрғын күдікті саналады. Айыптау тарабы тапсырысты бұрын сотталған Иман М. есімді тұрғын орындағанын, оған бұл ісі үшін бір миллион теңге ұсынылғанын айтады.

Оған Бақтыбаевты өлтірмей тұрып, соғып кеткені үшін "Бұзақылық" бабы бойынша, заңсыз қару сақтағаны үшін, Ақмола облысында тағы бір адамды өлтірмек болғаны үшін де айыптар тағылған.

Айыптау тарабы Жаңаарқа ауданы полиция бөлімшесінің бұрынғы басшысы Ғалым А. және кәсіпкер Азамат Б. " тапсырыс берген" деп санайды. Бұрын сотталған Елдар Ж. есімді тұрғын да Иман М. есімді айыпталушымен бірге 2019 жылы ақпанда Бақтыбаевты соққы жыққан деп істі болып жатыр.

Қорғаушылар Бақтыбаевты өлтіруге басқа да адамдардың да қатысы бар деп санайды.

59 жастағы Ғалы Бақтыбаев Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы әлеуметтік мәселелерді көтеріп, жемқорлықты зерттеп жүрген белсенді еді. Ол өзі ескі үйде тұрып жатқан. Халықаралық Transparency Kazakhstan қоғамдық ұйымы ел билігін қылмысты объективті және ашық зерттеуге шақырып, белсендінің өлімін "Қазақстанның құқық қорғау және азаматтық саласы үшін орны толмас қасірет" және "заңбұзушылықтар туралы ашық айту мүмкіндігінен айырылған қоғамға салынған жарақат" деп бағалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG